Ауыл • 13 Ақпан, 2023

Өріс тарылса, өңір әл-ауқаты қалай өседі?

290 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ауылдағы мал баққан ағайынды жайылымның тапшылығы тығырыққа тіреп отыр. Мәселен, Павлодар, Успен, Шарбақты, Аққулы аудандарында бос жайылым, тағы алты өңірде шабындық жерлер жетіспейді. Ақсуға қарасты ауылдық аумақтарда да осындай мәселе өзекті болып отыр. Облысқа шамамен 139 мың гектар қосымша мал өрісі қажет.

Өріс тарылса, өңір әл-ауқаты қалай өседі?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ертіс-Баян өңірінде халық сирек қоныстанғанына қара­мастан жайылым жерлер мәсе­лесі кейінгі уақытта өзекті бола түскен. Бұған негізгі себеп – дәнді дақыл өсірілетін танап­тардың ұлғаюы. Жыл сайын өсімдік шаруашылығындағы суармалы, ауыспалы жерлердің көбеюі туралы тапсырма өз деңгейінде жүзеге асып келеді. Дей тұрғанмен, солтүстіктегі ауылдардың барлығы дақыл егіп, бидай мен картоп сатып күнелтеді деуге келмейді. Жеке ауласында жүздеген мал ұстайтын, ала жаздай сиыр сауып, құрт-ірімшіктен түскен табысқа күнелтіп отыр­ғандар да баршылық. Ал түлік басының өсуі мен қосалқы ша­руа­шылықтардың кеңеюі өрістердің тарылуына соқтырып отыр.

Төрт түлік жылы қора­да ұста­латын қысқа уақытта біліне қой­мағанымен, көктем туа елді ме­кен­дердің айналасы­ның барлығы жеке шаруашы­лық­тардың иелігіне өтіп кеткенін жергілікті халық сезіне бас­тайды. Айнала жайқалған егін, төрт түлік тұяғын қиыс басса, біреу­дің бидайын таптап кетуі аяқ астынан. Сондықтан ауылдарда мал басын көбейте алмай отырғандар көп.

Былтыр Мемлекет басшысы­ның тап­сырмасы бойынша қалалар мен ау­дандардың әкімдіктері жер­лерді түгендеп шықты. Сөйтіп, 36 елді мекенде 282 мың гектар мал өрі­сі жетпейтіні анық болған. Ха­лық­тың мұқтаждығын ескере оты­рып, 111,8 мың гектар жер қай­тарыл­ды. Оның үстіне 51,8 мың гектар алқап­та жеке аулалар мал жаюы үшін ауылдық округ әкім­дері мен ауылшаруа­шылық өні­мін өнді­руші­лер арасында 56 ме­морандум жаса­лыпты. Осылай­ша, мәселенің салмағы біраз жеңіл­дегендей болып көрінген.

– Былтыр Ақсу қаласының ауылдық аймағы бойынша 17 мың гектар, Екібастұз қаласы бойын­ша – 126,1 мың, Ақтоғай ауданында – 13,7 мың, Баянауыл ауда­нында – 24 мың, Тереңкөл ауданында – 16,9 мың, Май ауданында 93,4 мың гектар жерлер мемлекет меншігіне қайтарылған. Бірақ өңір бойынша қайтарылған жалпы көлемі 111,8 мың гектар­дың 67,2 мың гектары ғана елді мекен­дердің (ауылдардың) маңын­да орналасқан. Көріп отырғаны­мыздай, шалғайдағы көп жерлер пайдаланусыз ұзақ тұрып қалған. Ал ауылдар маңындағы жерлер көбіне-көп игерілген. Қайтарылған учаскелердің жайылымға жарамсыз деп танылғаны жоқ, барлық жер учаскесі ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылатын болады, – дейді Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов.

Бүгінгі таңда қалалар мен аудан­дардың арнайы жер қор­ларын­да шамамен 480 мың гектар жа­йылым бар. Ал Павлодар, Успен, Шарбақты, Аққулы аудандарында бос жайылымдар мүлде жоқ. Өңір бойынша биыл 139 мың гектар жайылым жетіспейтіні мәлім болып отыр.

Айналасының барлығы бау-бақша мен егістікке толы Пав­­лодар ауданында мал өріс­тері­нің тапшылығы жергілікті тұрғын­дардың бас ауруына айналған. Аудан тұрғыны Құсайын Жеңісов егін шаруашылығының қарқынды дамуы мал ұстауға кедергі еке­нін айтады. Балаларымен бірге ата­кәсіпті жандандыру үшін биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында мал сатып алуға ынталанып отыр екен. Алайда жайылым тап­шы­­лығы бұл жоспарын толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтінін іші сезеді. Сондықтан болашақта жайылым жерлері мол өзге ауданнан шаруашылық құрып көрем бе деген үміті зор.

Аудан басшысы Николай Дыч­коның ақпарынша, былтыр елді мекендердің пайдасына небәрі 465 гектар ғана жайы­лым қайтарылыпты. Ал биыл ша­­ма­­мен 2 мың гектар алынады де­ген жоспар тұр. Бірақ жер­гілік­­ті халық мал өріс­тері­нің аса ке­ңейе қоятынына сенгісі жоқ. Ай­ту­­­ларын­­ша, жайылымдар мен шабын­дық­тар кө­біне елді ме­кен­дерден шалғай жер­лер­де, мал тұяғы баса қоймайтын аумақ­­тар­­дан ұсынылады. Мұндай тиімсіз жайы­лым­дар жалпы статистиканы жақ­сарт­қа­нымен, шын мәнінде тұрғындарға әкелген пайдасы жоқ.

Мұндай мәселенің барын Те­рең­­көл ауылының тұрғыны Гүл­­нар Жаябаева да жеткізді. Жер­гі­­лік­ті га­зетте еңбек ететін жур­на­лист жа­йы­лым тапшылығы жөнін­де ша­ғым айтып келетіндер қатары кейін­гі жыл­дары көп екенін тілге тиек етті.

– Өзге ауылдарды қойып, аудан орта­лы­ғының өзінде бәленбей гектар жер жет­пей­тінін білеміз. Жер дауына қатыс­ты жайт­тар­дан жиі еститініміз, жағдайы кел­ген­­дер кезінде мыңдаған гектар жер­лер­ді алып тастап, өздері қалаға көшіп кеткен. Әлгін­дей жерлердің көбі игерілмеген. Әкім­­д­­іктер ондай жерлерге көбіне тиісе алмай­ды. Себебі құжаты түп-түгел дұ­рыс. Не елге пайдасы жоқ, не егін егілмейтін мұн­дай жерлер ха­лықтың мұқтаждығы үшін қай­та­рылуы керек деп есептейміз. Мұн­­дай мәселе Байқоныс, Берего­вой ауыл­дық округ­терінде де қалыптасып отыр, – дейді ол.

Тереңкөл аудандық жер қаты­нас­тары бөлімінің бас маманы Назгүл Әл­дешова­ның айтуына қарағанда, тек был­тыр өңір бойынша 11 мың гектар жер қай­­тары­лыпты. Олардың 9,8 мың гектары елді мекендерге жақын орналасқан. Қазір­гі күні Верненка, Байқоныс, Калинов­ка, Терең­көл, Береговой ауылдық округ­терін­де жетіс­п­еушілік бар. Бір ғана Тереңкөлдің халқы­на 15,3 мың гектар жайылым қажет. Жал­пы, аудан бойынша 230,8 мың га жайы­лымдық жер бар болса, оның 107,2 мыңы жеке шаруа­шылықтарға бекітіп беріл­ген. Аудан бойынша 16 жер пайда­лану­­шымен 20,1 мың га алаңда ауыл шаруа­шылығы жануарларын жаю үшін мемо­ран­думдар жасалғанына орай жайылым тап­шылығы жоқ деп сендірді бөлім басшысы.

Ауылдық округтің әкімі Жұма­бай Құсановтан сұрап білге­ні­міздей, Байқоныста 4 мыңға жуық қара мал ұсталады. Мұнда 2 мың гектардай жа­йылым тапшы. Ауылдар маңындағы учаскелерге «Лысов», «Алекпаров», «Туленов», «Орынбаев» және өзге де шаруашылықтар бидай мен күнбағыс егеді. Бұл субъектілер айналымдағы жерлерін өріс үшін бере қоюы неғайбіл. Дегенмен жергілікті тұр­­ғындардың тілегін ескеріп, Әділбек Темір­­баев деген азамат біраз жерін ортақ жайы­лым үшін пайдалануға ұсыныпты. Осын­дай түсіністік танытатын қамқор жан­дардың арқасында мәселе шешіліп келеді.

Ал Ақсу қаласының ауыл­дық айма­ғында былтыр Qoldau цифр­лық платформасына сәй­кес 59,6 мың гектар пай­дала­ныл­майтын жер учаске­лері анық­талыпты. Оның 16,9 мыңы мемлекет меншігіне қайтарыл­са, тағы 36,6 мың гектарды мем­лекеттік органдардың ескер­туінен соң жер иелері пай­да­лануға кіріскен. Достық, Ев­геньев­ка және тағы бірнеше ауыл ма­ңында жайылымдық жерлер жетіс­пейтінін ескере отырып, биыл шамамен 25 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтеді деген жоспар бар.

М.Хамитовтың сөзінше, бү­гін­гі таңда жайылыммен қатар, шабындықтарға қатысты да мәселе қалыптасып отыр. Мысал үшін, Успен, Шарбақты, Баянауыл, Железин, Аққулы аудандарында және Павлодар қаласының маңындағы ауылдарда бос шабындық алқаптары жоқтың қасы. Павлодар облысы бойынша жайылымдардың жалпы ауданы – 8 млн 303 мың, шабындықтардың аумағы 302 мың гектарды құрай­ды десек, оның ішінде жер пайда­лану­шыларға (ЖШС, ШҚ, ФҚ, жеке тұлғалар) 4,9 млн гектары жайылым, 175 мыңы шабындық ретінде бекітілген. Яғни мал ша­руашылығы үшін жарамды жер­лер­дің басым бөлігін шаруа­шы­лықтар иеленіп отыр. Бұл ста­тис­тиканың өзі-ақ жеке аула­лар­дың толыққанды дамуына мүмкіндік бермейтінін аңғартса керек. Жаңадан шаруашылық құрғысы келетіндер бос жер таба алмай әлекке түседі. Олардың жобалары конкурстық комиссиялардан ұтып шығуы да неғайбіл. Себебі әлгіндей комиссиялар заң бойынша жерде бұрыннан еңбек етіп келе жатқан шаруаларға ба­сым­дық беруі тиістігі соңғы заң­на­малық өзгерістерде көрсетілген.

Статистикаға ден қойсақ, осыдан бес жыл бұрын облыстың жеке аулаларында ұсталатын мал саны 832,3 мың бас­ты құраса, 2022 жылы ол 896,3 мыңға жеткен. Ал өңірдің жер қоры керісінше 4 млн 116,5 мың гектардан 2 млн 565,4 мың гектарға дейін азайған.

– Сондықтан жайылымдардың жетіс­пеушілігі мәселесін басқадай жолдармен шешу керек. Жеке аулаларда ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға шектеу қою керек деп ойлаймыз. Қазіргі күні жеке үйлердегі мал басы 50 немесе одан да көп бастан асатын фактілер бар. Бұл елді мекендердің айналасындағы жайылымдарды ұтымсыз пайдалануға, жүктеме нормаларын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау бо­йынша санитарлық нормаларын бұзуға әкеледі. Халықтың мал басын көбейту мәселесін шешу үшін «Жеке аула туралы» Заң қабылдау қажет, – деп санайды Мұрат Қабылжапарұлы.

Басқарма басшысы биыл облыс бо­йынша 380 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарда тұрғанын, алайда ауылдарда белгілі бір шектеулер енгізбей тапшылық мәселесі түбегейлі шешілмейтінін айтады.

«Жайылымдар туралы» ҚР Заңының 15-бабында: «Кенттер мен ауылдық елді мекендер аумағының шегінде орналасқан, мемлекеттік меншіктегі жайылым­дар ауыл шаруашылығы жануар­ларының аналық (сауын) мал басын күтіп-бағу бойын­ша жер­­гілікті халықтың қажетті­лік­терін қанағаттандыру үшін бері­леді», деп жазылған. Егер ауыл­дағы жұрттың қолындағы сауын малын ғана есепке алар бол­сақ, қол­даныстағы жайылым­дар барлық нормативке сыйып ке­тер еді. Ал шын мәнінде, халық ортақ жа­йы­лымдарда жеке аула­ларын­дағы барлық мал түрін жая­ды. Сондықтан округтің шалғай учаскелерінде және ауданның өзге (дала) округтерінде ірі қараның ұр­ға­шысынан басқа мал түрлерін жаю­ға заң жүзінде рұқсат берілуі ке­рек. Екіншіден, мемлекет мен­ші­гі­не қайтарылған аумақтар есебі­­нен шалғайдағы жайылым учас­­ке­­лерін беру немесе резервке қою қажет.

Тағы бір ескеретін жайт, Екі­бас­тұз бен Май аудандары бо­йын­ша былтыр 200 мың гектардан аса бос жер қайтарылғанымен, олардың басым бөлігі бүгінде пайдаланусыз жатыр. Себебі ол аумақтарда елді мекендер сирек. Халық аз тұратын мұндай өңірлерде көші-қон бағдарламасы аясында мал баққысы келетін азаматтарды қоныстандырса абзал. Жер пайдаланудың теңгерімін бұзатын олқылықтар жергілікті комиссиялармен ескеріліп, облысқа оларды игеру бойынша ұсыныстар жасалуға тиіс деп есептейміз.

Атап өтерлігі, өңірде жер комиссиялары мүшелерінің жең ұшынан жалғасып, шөбі шүйгін шабындықтарды тамыр-таныстарына үлестіру фактілері де тыйылмай тұр. Былтыр осындай бірнеше дерек тіркелген. Комиссия отырыстарының барлығы бейнежазба эфирлерімен қамтылып, кейін интернет ресурстарына жүк­телуге тиістігі туралы талап дұрыс орын­далмайды. Облыс әкімі Аса­йын Байханов жуықта жауапты орган­дарға комиссияларға мүше аза­мат­тардың біліктілігін көтеру­ді тап­сырды. Жеке аулалар­да төрт түлік­тің саны жыл сайын өсіп келе жат­қанын ескерсек, таяу арада өріс­терге қатысты түйт­кіл одан әрі күр­делене түсетіні анық. Сон­дық­­тан мә­селеге басқа қыры­нан үңіліп, ж­аңаша шешімдер қабыл­дануы керек.

 

Павлодар облысы