Жер-жерге, тіпті, шетелге сапарға шықсаң, қайдан екеніңді айтсаң, Астанамен қатар алтын күнді алақанда аялаған «Бәйтерек» ауызға алынып жатады. Алғашқы пайдалануға берілген күнінен бастап халық жүрегіне жол тауып, елорданың символына, қасиетті бойтұмарына айналған бұл нысан айналаға осылайша жылылығын сеуіп, нұрын шашып тұр.
Балалық шағымның бәйтерегі
Шамамен 4-5-ші сыныпта оқитын кезім. Қалаға кеткен әкем ауылға келгенде мұқабасы көк, салмағы келіге тартар үлкен кітап әкелген. Сыртында «Шахнама» деген жазуы бар. Әкем сол кітапты қолыма ұстатқанда алғашында ауырлығына таңырқай қарап, артынан кітап көрсем оқымай қалмайтын әдетіммен бастай жөнелдім.
Әлқисса, онда Сам деген батырдың әйелі босанып, одан аппақ қудай ұзын шашты ер бала дүниеге келеді. Шошынған жұрт, баланы айдалаға апарып тастайды. Ал ол баланы бәйтеректің басына ұя салған самұрық құс асырап, аман алып қалады.
Күндердің күнінде, араға көптеген жылдар салып, Зал (Зал деген шашы ақ адам дегеннің мағынасын береді) ержеткен уақытта Сам баласын табады. Сол Залдан кейін Рүстем батыр туады. «Рүстем-Дастан» жырының бастауында тұрған сол алып бәйтерек менің бала қиялымда көз жетпес биіктегі алып ағаш болып елестейтін. Ойыммен оның басына өрмелеп бара жатқан аждаһаны кескілеген Сам батырдың қимылын көзіме елестетіп, менің бала көңілім сонау қияға ұшып, қалықтап кететін. Бәйтеректен пана тапқан Залды Ер Төстікке ұқсататынмын.
Қалай дегенде де, бәйтерек менің ұғымымда ағаштың ең төресі болып қалыптасты. Өйткені, оның басына анау-мынау құс ұя сала алмайды, оны тек айлап ұшқанда қанаты талмайтын, қысылғанда қауырсынын жаққанда көмекке келетін самұрық сынды бекзат құс қана мекендейді. Самұрық пен бәйтерек менің ұғымымда биіктік пен бектіктің, сұлулық пен сенімнің, өрлік пен ерліктің бейнесіндей қалып қойды. Оқыған дастанымның мазмұнын өзге балаларға айтып бергенімде олар да аузын ашып, көздерін жұмып тұрып тыңдайтын. Қайта-қайта сұрақ қойып, сол кітапты оқуға кезекке тұратын.
Артынан сол дастан бойынша фильм түсірілгенін «Жаңа фильм» журналынан оқып, ауылға аталған кино келгенде қырылып барып көріп, бірақ одан самұрық құсты да, бәйтеректі де таппай қиналып қайтқанымыз есімізде. Кітаптағы ең бір ғажап сәт, біздің орасан зор өкінішімізге қарай, фильмге енбепті. Тіпті, Сам, Зал батырлар да жоқ, фильм бірден Рүстемнен басталған екен.
Біздің сол бала қиялымыз көксеген алып бәйтерек пен самұрық құстың ол кезде экранға түспеуі де заңдылық сияқты көрінеді бүгінде. Өйткені, ол тәуелсіздікпен бірге, елорданың Сарыарқа төсіне қоныстануын, Астана төрінде алтын жұмыртқасы күнге шағылысып, азаттықтың алтын шапақты арайлы таңы атқанын күткендей.
2001 жыл. Бос жатқан дала
2001 жылы қала Шұбар кентімен аяқталатын. Ал оның шетіне бірыңғай екі қабаттан салынған дипломатиялық қалашықты жанай өтіп, жаздай саяжайға барып, көкөніс егеміз, суарамыз. Қазіргі аспанмен таласқан зәулім үйлердің бірі де жоқ, тек «ҚазМұнайГаз» ғимараты ғана салқар далада асықпай, маң басып келе жатқан көш сұлбасындай болып созыла түсіп, жалғыз өзі жатар еді. Енді бір он жылда бос жатқан дала сұлу шаһарға айналады десең, сол кезде кім-кімнің де сене қоюы қиын-тын. Тіпті, қала тұрғындары, біздің өзіміз, бұл жерлер қашан игеріліп, қала тұрғызылғанша не заман өтер дейтінбіз.
Бір күндері саяжайға барар жолымызға өзгеріс түсті. Бұрынғыдай емес, енді көлікпен айнала жүретін болдық, ал жолымыздың үстінде құрылысшылар қыбырлап, не екенін түсініп болмайтын темірлерді жинақтай бастаған. Бірде оның қасында домалап жатқан алтын шарды көрдік. Оу, маңайында бір үй жоқ, мына бос жатқан жерде темір жинап еді, енді домалатып шар әкеліп қойды, осылар не істемек, деп аң-таңбыз. Бірте-бірте сұлбасы да көріне бастаған. Әлі де ештеңе түсініп болмайсыз. Не жұмбақ? Осылай жұмбақ шешілмеген күйде күз де жетіп, оның артынан қыс келіп, домалақ шарды ұмытып та үлгердік.
2002-нің жазында жұмбақ шешілді. Бас қатырар темір кесте темір «Бәйтерек» болып шықты. Қас қарайысымен Бәйтеректің қасына келіп, оның электр жарығымен құбылған түсіне қарап, баяғы бала кезгі қиялың, ертегі, аңыз, дастан емес, шындыққа айналғанын көргендейсің.
Сызбасын Елбасының өзі сызған, ертегілерде елге тұлға болар ерлерге пана болатын алып бәйтерек енді, міне, Қазақ елінің бойтұмары іспетті алыстан менмұндалайды. Ертелі-кеш халық осында ағылып келіп, кезекке тұрып, аялы алақанға қолдарын қойып, Астананың басты нышанының біріне айналған Бәйтерекке тәу етеді. Астанаға бір келсем, «Бәйтеректің» басына шықсам деп армандайтындар қаншама?!
Аялы алақанда жарқырайды күн нұры
«Бәйтерек» бұтақтарын кейде мен алақанға ұқсатамын. Жалқындай жарқырап, алыстан өзіне шақырған алтын күнді барша халық жан-жағынан келіп, қолымен көтеріп: «Бейбіт өмір, бейбіт күн, сен бізге жарығыңды сыйласаң, біз сені аялап, төбемізге көтеруге дайынбыз», деген туған жұртымыздың пейілін танытып тұрғандай көрінеді.
Бұл жерде әншейінде суық көрінетін металл да, әйнек пен бетон да маңайына жылылық шашқандай. 97 метр биіктігі Астананың еңсесі биік елордасы мәртебесін алғанын бейнелеген, үш бөліктен тұратын «Бәйтеректің» мазмұны өмірдің өзінің көрінісіндей. Темір шілтеріден тоқылған жалпы діңінің биіктігі 105 метр, ал салмағы қандай? Анау-мынау емес, 1000 тоннадан астам. Ал ұшар басындағы шар тәрізді үлгі (ұя) 500 қада діңгекке байланған. «Бәйтеректің» жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғары жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен, ал оған қол табы тигенде шиыршық түріндегі жарық ағып түсіп, сәуле алақанға құйылады да, сол мезетте мемлекеттік Әнұран ойналады.
Одан әрі қосымша түріндегі композиция өз негізінен бөлініп, жер бетінде қалықтап тұрғандай әсерге бөлейді. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы 70 тонна, ал алтын шардың үстіңгі ауданы 1553 шаршы метр. Осынау ғаламат шардың панорамалық залынан Астананың кешегі және бүгінгі сәулетін – «ескі» және «жаңа» көрінісін тамашалауға болады. Алтын шар мен ғимараттың негізгі кіреберісі бір-бірімен «оқпан» деп аталатын салмағы 695 тонна металл құрылғымен байланысып, жалғасып жатыр.
«Бәйтеректе» келушілердің демалып, асықпай отырып төңірегін көруге мүмкіндік беретін дәмханасы мен панорамалық зал ортасында 17 жапырақтан тұратын, 17 түрлі әлем діндерінің уәкілдерінің қолы қойылған ағаш глобус орналасқан. Ал қасында монументті жасау ойы туындаған Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алақанының ізі бар. Егер алақанға қолды қойып, арман-тілек тілесе, орындалады деген ниетпен «Бәйтеректің» басына шыққан адам оған қолын қойып, іштей күбірлеп тілек тілейді. «Бәйтерек» дарағы осылайша ұлттың мінәжат етіп, тілек сұрайтын қасиетті де киелі мекеніне айналып кетті. Мұнда «Бата» композициясы да бар. Ол – 2003 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада жиналған он жеті әлемдік діни конфессиялардың жетекшілерінің Қазақстан халқына және елі мен жеріне берген ақ батасы.
«Бәйтеректің» үстіңгі қабатына асығып, асыл тілегін тілеп, Елбасының қолына қолын қойып, марқайып шыққан адам, қасиетті орынды бірден тастап кетпейді. Алдында асығыс көрген аквариумге бір тоқтап, суретші Ерболат Төлепбайдың еңбектерінен тұратын «Бәйтерек» минигалереясын тағы да шолып өтеді. Көңілі тоғайып, елінің бәйтерегінің асқақтай беретініне сенімі көкірегін жылытқан, мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерінде алыс пен жақыннан, шетелдерден келген меймандарға экскурсияларын сыпайылықпен өткізген «Бәйтерек» қызметкерлеріне алғыстарын айтып сыртқа беттейді.
«Бәйтерек» кешенін жобалаушы архитекторлар тобы А.Рүстембеков (топ жетекшісі), С.Базарбаев пен Ж.Айтбалаев, инженер-конструкторы М.Вахштейн, интерьер дизайншысы А.Оспанов, сондай-ақ, оның жобасын жасауға “Аэропорт” ААҚ, “ЭМК” ЖШС, “Архфонд” ЖАҚ, Архитекторлар одағы және “Алуа” ЖШС секілді қазақстандық жетекші фирмалардың мамандары қатысты. Ал құрылысын “Имсталькон” ААҚ құрылыс компаниясы (бас директоры – В.Т. Кананыхин) жасады. Олардың еңбектері зая кеткен жоқ.
нерінің жоғары талаптарына толығымен жауап беретін, әлемде бірінші рет диаметрі 22 метрлік және салмағы 300 тоннадан тұратын күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалған шар биіктігі жағынан рекордқа (әлемдегі ең үлкен шардың ең биіке көтерілуі бойынша) ие болды. Және Астана қаласында Сәулетшілер одағының халықаралық қауымдастығы өткізген 10-байқауда беделді халықаралық қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба және құрылыс ретінде “Бәйтерек” кешеніне Гран-при үздік айырым белгісі берілді.
Астананың орталығында көкке бой ұмтылып, ертегіден шындыққа айналған «Бәйтерек» – қазіргі Қазақстанның нышан-символы, халқымыздың қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттік қуатының, кеңдігі мен дархандығының, халық арманының жүзеге асқанының белгісі. Мыңжылдықтарға мызғымай жет, БӘЙТЕРЕГІМ!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».