Экономика • 14 Ақпан, 2023

Қазақ мұнайының құны

1522 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ елінің негізгі бір қазынасы – «қара алтын». Қазір мұнай баррелінің құны біресе қымбаттап, біресе арзандап, қайта-қайта құбылып тұр. Мұнай бағасының тұрақты болмайтыны әуелден белгілі еді. Десек те, бағаның бұлайша құбылуы экономикасының жетекші саласы мұнай-газ өнеркәсібімен байланысты елдер үшін аса тиімді емес.

Қазақ мұнайының құны

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мұнай баррелінің құнына ал­уан түрлі болжам, жорамал жасалып отыр. Мәселен, жыл басында Швейцариядағы UBS Group AG банкінің сарапшылары мұнай бағасының қымбаттайтынына болжам жасады. Сарапшылар мұны мұнай-газ өнеркәсібіне, Қытай мен дамушы елдер экономикасын қалпына келтіруге құйылатын инвестициялық қаржы көлемінің аз болатындығымен түсіндіреді. Олардың болжамына қарағанда, жыл соңына таман Brent маркасына жататын «қара алтын» баррелі – 110, WTI мұнайы – 107 АҚШ долларына дейін көтеріледі.

Сол тұста тұманды Альбион астанасы – Лондон шаһарындағы ICE Futures биржасында Brent маркалы мұ­най­дың фьючерсі барреліне 78,30 дол­лар­дан сау­даланды. Ал WTI мұнайы­ның келісім­шарттары барреліне шама­мен 73,80 долларды құрады. «Мұнай­ға сұраныс тәулігіне 1,6 млн баррель­ге дейін өседі. Жылдың екінші жарты­сында мұнайға сұраныстың рекорд­тық көрсеткіші – тәулігіне 103 млн баррельден асуы ықтимал» делінген UBS есебінде.

Банк сарапшылары мұнай бағасының өсуіне түрткі болатын бірнеше себепті алға тартады. Біріншіден, мұны әлем экономикасын шырмауықтай шарпыған инфляциямен байланыстырады.

Қазір әлем елдерінің бәрінде инфля­цияның шарықтауы бұғау­дан шығып барады. Бұл тек мұ­най­дың ғана емес, өзге де тауарлар баға­сының қымбаттауына әкеліп соғады.

ыва

Екіншіден, АҚШ-тағы қатаң еңбек нарығының әсері бар. Оның үстіне та­уар­­ды жеткізу тізбегін­дегі түрлі шектеу­лер­дің ықпалы ти­мей қоймайды. Міне, осындай жайттар шығындар үлесін едәуір ұлғайтары даусыз.

Тағы бір себеп – жеті қат жер астынан мұнай өндіру көлемінің төмен­дей­тіні. Мәселен, мұндай қадамға Кас­пий теңізінен «қара алтын» өндіруді жаға­лаудағы елдерден бұрын бастаған Әзербайжан үкіметі барғалы отыр. Бұл елде биыл газ конденсатын қоса есеп­тегенде, мұнай өндіру көлемі 31,2 млн тонна шамасында болатыны жоспар­лан­ған. Өткен жылғы жос­пар 32,7 млн тонна көлемінде болғанын ескерсек, биыл «қара алтын» өндірісі 4,6%-ға тө­мен­дейді.

Ал халықаралық энергетика агент­ті­гінің (ХЭА) дерегіне қа­ра­ғанда, биыл әлемде мұнайды тұтынуға әлемдік сұра­ныс артып, тәулігіне 1,9 млн баррельге өсуі мүмкін. Бұл болжам расқа айналар болса, тәулігіне өндірілетін «қара алтын» 101,7 млн баррельге жетеді.

Агенттік сарапшыларының пі­кі­­рін­ше, мұнайға сұраныс авиаотынды көбі­рек тұтыну есебінен артпақ. Биржа жаға­лаған ойын­шылардың тынышын кетірген «қара алтынға» сұраныстың жартысына жуығы Қытай елінен түсуі мүмкін екендігі жоққа шыға­рыл­май­ды. Бірақ бұл үшін Аспан асты еліндегі ко­ро­на­вирус инфекция­сына қарсы шек­теу­лердің күші жойылуы қажет.

Керісінше, тұтынушыға мұнай жет­кі­зуд­ің өсімі тәулігіне 1 млн баррельге дейін төмендейтіні бол­жанып отыр. Әрине бұл – «қара алтын» тасы­мал­дау­шыл­ардың табысын ортайтатын, тіп­ті көңіліне кірбің ұялататын болжам. Өйт­кені 2021 жылы мұ­най жеткізу 4,7 млн бар­рельге артып, делдал ойыншылар кірісі молайғаны даусыз.

Мұнай бизнесінде үлесі барларды ойлантатын тағы дерекке сүйенсек, ОПЕК+ құрамына кір­меген елдерде «қа­ра алтын» сұра­ны­сына қатысты ұсы­ныс тәу­лі­гіне 1,9 млн баррельге ұлғаяды. Алайда ОПЕК+ ұйы­мы­ның ұсы­нысы бас­қаша сипат алып отыр. Нақты­сын­да бұл ұйым Ресейдегі өндірістің төмендеуіне байланыс­ты тәуліктік өнім өндіру 870 мың баррельге қысқаратынын жоққа шығармайды.

Жаһандық экономиканың дамуына талдау жасайтын халық­аралық валюта қорының (ХВҚ) да өз болжамы бар. Қор дерегінше, мұнай баррелінің бағасы 16,2 пайызға арзандайтыны анық. Де­мек «қара алтынның» бір бар­релі 81,13 дол­ларға дейін төмен­дей­ді. Шынымен мұ­най бағасы дәл осылай төмендесе, бұл жанармай санатына жатпайтын шикі­зат тауарларының бағасы орташа 6,3%-ға арзандауы әбден мүмкін деген сөз. «2022 жылғы 29 қарашадағы фьючерстік на­рық­та есептелген орташа болжам­ды баға 2023 жылы 81,13 дол­ларды, ал 2024 жылы 75,36 долларды құрайды», де­лінген қор талдауын­­да.

Сауда-саттықтың қыр-сыры­на қанық сарапшылар мұнай бағасының жиі құ­бы­луын қалып­ты жағдай ретінде ба­ға­лап отыр. Бұған соншалықты алаң­дау­­дың қажеті жоқ. Өйткені баррель құны бір көтеріліп, бір төмендейді. Кей­де тоқтаусыз қымбаттап, кері­сін­ше, бір­не­ше күн қатарынан арзандайтыны қай­та­ла­нып жүр. Бұл – жыл сайынғы үрдіс. Оған биржа ойыншыларының қитұрқы әрекеті де себеп болуы мүмкін. Тіпті әлем­де болып жатқан геосаяси ахуал­дың да, техногендік сипат­та­ғы апат­тардың да әсері тиетіні дау тудыр­майды. Қырғи-қабақ елдер ара­сындағы экономикалық санк­ция­ның да салқыны бар.

Мәселен, мұнай баррелі бір жұма бұрын қымбаттаған еді. Енді тағы да қай­та­дан құлдырауға бет алды. Бұған алдағы кезеңде болуы мүмкін инфля­ция­ның деректері, Азия мен АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын қалпына келтіру әсер еткен секілді. Тағы бір дерекке жүгінер болсақ, Brent мар­калы мұнай фьючерстері 74 центке немесе 0,9%-ға арзандап, барреліне 85,65 долларға тұрақ­та­ды. Америкалық WTI маркалы мұнай 2,1% өсімнен соң қай­та­дан 73 центке немесе 0,9%-ға арзандады. Сөйтіп, оның бір баррелі 78,99 долларға сатылды. Әрине мұндай баға ұзақ уақыт сақталмауы бек мүмкін. Бірнеше күннен кейін қайта өзгеретіні анық.

Осыған байланысты OANDA биржа­лық компаниясының сарапшылары ши­кі мұнай бағасының тө­мендеуін бір ғана себеппен бай­ланыстырады. Бұл – энерге­ти­­­калық трейдерлердің оған сұ­ра­ныс болжамының әлеуетті әлсі­реуін күтуі. Ал CMC Markets са­­рап­­шыларының тү­сін­діруінше, Джейхандағы түрік тер­ми­налы арқылы Әзербайжанның мұ­найын экспорттау қайта жандана бас­таған. Сөйтіп, өткен аптада «қара алтынды» жеткізумен байланыс­ты туын­даған алаңдаушылықтың қара бұлтын сейілткен. Тегінде бұл терминал Әзер­бай­жан мен Ирактан мұнай тасымалдайтын құбырлар үшін қойма рөлін ат­қа­­рады. Бұған қоса мұнайды жө­нел­ту үшін тиеу бекеті ретінде қол­­­­данылады. Алайда терминал Түр­кия мен Сириядағы жер сіл­кінісі кезінде бүлінген.

Осындай себептер мұнай баға­сы­ның оқтын-оқтын өзгеріске ұшы­рауына әсер еткенімен, әлем елдері көмірсутекті ши­кі­­затты өндіру әсте тоқтатпайды. Мұнай өнді­руді жалғастыра беретін елдер қа­тарында 124 жылдан бері «қара алтын» селін үздіксіз бере­тін кен орны көп Қа­зақ­­стан да бар. Энергетика министрі Болат Ақшо­лақовтың мәліметінше, был­тыр мұнай өндіру көлемі 84,2 млн тоннаны, «қара алтын» экспор­ты 64,3 млн тоннаны құраған. Ал биыл мұнай өндіруді 90,5 млн тонна, ал мұнай экспортын 71 млн тонна деңгейінде қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Мұнай өнімдерін өндіру көле­мі 13,7 млн тоннаға жеткен. Оның ішінде 5,2 млн тонна дизель отыны, 2,8 млн тонна мазут, 5 млн тонна бензин өндірілді. Ал авиаотын өндіру көлемі – 0,7 млн тонна. Авиаотын өндіру жоспарының орындалмауы Атырау мұнай өң­деу зауытында бы­л­тырғы қазан-қараша айларында жүр­гі­зілген жөндеу жұмыстарымен байланыс­ты болып отыр.

– Мемлекет басшысы сапалы жанар-жағармайға артып келе жатқан қажет­ті­лік­ті қамтамасыз ету міндетін алға қойды. Биыл бұл міндетті орындау шеңберінде өндірісті жылына 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін, келешекте жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Осы мақсатта Шымкент мұнай өндеу зауытын кеңейтудің техникалық-эко­но­микалық негіздемесін әзір­леуге кірісеміз, – дейді Болат Ақшолақов.

Қазақстан да – мұнай экспорт­тау­шы­ның бірі. Өйткені мұнай экспортынан ел бюджетіне құйылар түсім аз емес. Елімізде өндірілген мұнай қай елдерге экспортталады? Олар мұнайды қандай бағамен сатып алады?

Energy Monitor қоғамдық қо­рының мәліметіне қарағанда, Қа­зақ­станның мұнайы 30 елге экспортталады. Мәселен, былтыр біздің елде өндірілген мұнайдың бір тоннасы үшін 597 доллардан жоғары баға ұсынған 10 ел бар. Бұлар – Италия, Нидерланд, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Франция, Румыния, Сингапур, Испания және Үндістан.

Қазақтың мұнайын сатып алу­шы­­лар­дың бастауында Италия тұр. Бұл елдің үлесі «қара алтын» экспортының 27,9 па­йызын құ­рай­ды. Италия тұтыну­шы­ла­рына сатылған «қара алтынның» бір тоннасы – 731 доллар.

Тармақ-тармақ құбыр тартып, көліктің темір­жол, танкер секілді түрлерімен экспорт­тал­ған мұнайдың бағасы барлық ел үшін бірдей емес. Мәселен, Сингапурға сатылған мұнайдың бір тоннасы 597 долларға бағаланған. Бұл – ең төменгі баға. Румыниядағы тұтынушыларға 665, Нидерландқа – 704, Түркияға – 715, Францияға – 724, Испания еліндегі сатып алушыларға 743 доллармен жө­нел­­тілген. Ал Оңтүстік Корея мен Қы­тай­ға экс­портталған мұнайдың құны 767 дол­лар­ды құраған. Әлемде халық саны жа­ғынан алдыңғы орындағы Үндіс­тан­ның тұтынушылары ең жоғары баға ұсынып, «қара алтынды» 770 доллардан сатып алған.

Әрине қазақ мұнайына қызы­ғатын ел көп. Соның ішінде Азия елдерінің қазақ мұнайының бір тоннасы үшін өзгелерден жоғары баға ұсынатыны байқалады. Ше­телге экспортталған мұнайдың 1 тоннасы үшін орташа баға 720 долларды құрап отыр. Бұл – былтырғы баға. Аз ба, әлде көп пе?.. Өзіңіз бағамдай беріңіз!

 

Атырау облысы