Сұхбат • 15 Ақпан, 2023

Нұрсұлтан АМАНЖОЛОВ: Рингте тәжірибенің орны бөлек

677 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Аса ауыр салмақта жұдырық­тасатын кәсіпқой боксшы Нұрсұл­тан Аманжоловтың есімі бүгінде қазақ бокс жанкүйер­леріне жақсы таныс. Әуесқой бокста жүріп-ақ ересектер арасындағы талай дүбірлі додада топ жарып, майталман мамандардың көзіне түскен отандасымыз бүгінде кәсіби бокстың шаршы алаңында жұдырықтасып жүр. Аяқ алысы да жаман емес. Төрт кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жеткен. Сондай-ақ ол қазіргі таңда әлемге әйгілі украиналық боксшы Александр Усиктің бірінші спарринг-серіктесі саналады. Жуырда сол боксшымызбен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Нұрсұлтан АМАНЖОЛОВ: Рингте тәжірибенің орны бөлек

– Нұрсұлтан, бокс жанкүйерлері сені Жамбыл облысының өкілі деп танығанымен, Қарақалпақстанда дүниеге келгеніңді көбісі біле бермеуі мүмкін. Әңгімемізді дәл осы туып-өскен өңіріңнен бастасақ.

– Иә, мен Қарақалпақстан респуб­ликасының солтүстігінде орналасқан, 53 мың халқы бар Қараөзек дейтін ауданда дүниеге келгенмін. Балғын балалық шағым Әмудария өзенінің жағалауында өтті. Мектепті де сол жерде тәмамдап, білімімді әрі қарай спорт колледжінде жалғастырдым. Кейінірек отбасымызбен атамекенімізге қоныс аударып, Жамбыл облысына көшіп келдік.

– Бокс қолғабын кигендегі мақ­сатың қандай еді? Сол кездегі арман-мақсатың орындалды ма?

– Боксқа келгендегі басты мақ­сатым – әлем чемпионы немесе Олимпиада чемпионы болу еді деп жалған сөйлемей-ақ қояйын. Себебі мен боксқа өте кеш келгенмін. 2010 жылы мектеп бітірген соң спорт колледжіне оқуға түстім де­дім ғой. Сол кезде өзім үшін күнде бокс­пен айналыса бастадым. Жекпе-жек өнеріне икемім бар екенін оқу ор­нындағы жаттықтырушы ағайларымыз байқаған болуы керек, бокс залына барып жүргеніме көп уақыт болмаса да мені облыстық, елішілік жарыстарға қа­тыстыра бастады. Абырой болғанда, бар­ған жарысымның барлығында жүлделі орындардан көрініп, бокс маман­дарының көзіне түстім. Сөйтіп бірте-бірте бұл спорт­пен кәсіби түрде айналыса бастадым.

– Қарақалпақстанда туып, Қазақ­­станда даңқы шыққан бокс­шылардың қатары елімізде аз емес. Бесқала ай­мағында біз біле бер­мей­тін, біз есті­меген тағы қандай атақ­ты спортшылар бар?

– Қазір есімдерін ұмытып отырмын, бірақ ол жақта аса дарынды жерлестеріміздің қатары өте көп. Тек бокс емес, басқа спорт түрлерімен де атақ-даңқы шыққан қандастарымыз жетерлік. Кейбірі кейініректе Қазақ­станға оралып, әрі қарай да спорттық карьерасын жалғастырып жатыр. Олардың қатарында ұлттық құрама сапында жүрген спортшылар да бар. Бірқатары Қарақалпақстанда қалып, Өзбекстан біріншіліктерінде атой салып жүр. Сонымен қатар өздеріңіз білетіндей, Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы, 2005 жылғы Азия және әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, Азия біріншілігінің (2013) және Азия ойындарының (2014) алтын медаль иегері, екі бірдей Олим­пиаданың (Лондон-2012, Рио-2016) және әлем чемпионатының (Баку-2011, Алматы-2013) күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов сынды ағаларымыз да сол топырақта туған.

– Атамекенге қоныс аударғанға дейін Өзбекстанда жүріп қандай нәти­желерге қол жеткіздің?

– Өзбекстанда ауыз толтырып айтар­лықтай жетістікке қол жеткіздім деп айта алмаймын. Өйткені бокс қолғабын кигеннен кейін көп уақыт өтпей отбасымызбен атажұртқа қо­ныс аудардық. Ол жақта тек жастар арасындағы бірне­ше республикалық жарыстарға қаты­сып көрдім. Ал қазіргі табыстарыма Қазақ­станда жүріп қол жеткіздім.

– Елге оралған соң, ересектер ара­сындағы Қазақстан чемпионатында топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрсең де, әлем чемпионаты, Олимпия ойындары сияқты бай­рақты додаларда ел намысын қорғау бақыты саған бұйырмады. Өкініш жоқ па?

– Боксқа Олимпиадаға барамын, әлем чемпионы боламын деп алдыма үлкен мақсат қойып келмегендіктен бе екен, қазір менде ешқандай өкініш жоқ. Дегенмен, генерал боламын деп армандамаған солдат солдат емес демей ме? Сол сияқты Олимп шыңын бағындыру кез келген боксшының арманы екені өтірік емес. Бұрынырақта, яғни әуесқой бокста үздіктер санатынан көрініп, халықаралық жарыстарда топ жарып жүргенде «Олимпиадаға барсам ғой» дейтін ой болатын. Бірақ өз басым бұйырмаған нәрсеге өкінудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

– Қазір ұлттық құрамада ауыр салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабевқа лайықты қарсылас, жуық арада оның орнын басар ізбасар боксшы болмай тұр. Егер Мырзағали Айтжанов құрамаға қайта шақырса, келесің бе?

– Ұлттық құрамада жүрген боксшы­лардың арасында Қамшыбек Қоңқабаев – ең тәжірибелі және көшбасшы жі­гіттердің бірі. Сондай-ақ ауыр сал­мақта жұдырықтасып, байрақты додада топ жарып жүрген бірнеше талантты жас боксшыларымыз бар. Сондықтан ұлттық құрамаға менің көмегім аса қажет деп ойламаймын. Оның үстіне маған әуесқойда емес, кәсіпқой бокс­та жұдырықтасқан көбірек ұнайды. Өзімнің табиғатым да соған келетін сияқты. 2017 жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанған соң мен «Астана арландары» дейтін жартылай кәсіпқой бокс клубына шақырылдым. Бір жылдан аса бес раундтық жекпе-жектер өткізген соң, әрі қарай кәсіпқой бокста жұдырықтасамын деген шешім қабылдадым.

– Жуырда Токио Олимпиа­дасы­ның чемпионы өзбекстандық Баходир Жалолов бір сұхбатында «Қазір Қазақ­­станға қарағанда Өз­бек­стан боксының аты озып тұр» деген ма­ғынадағы пі­кірін айтып қалды. Бұған не дейсің?

– Бұл пікірмен келісуге де, келіс­пеуге де болады. Жалпы, спортта құлдырау мен қайта өрлеу кезеңі бар екенін ұмыт­пауымыз керек. Бәлкім, дәл қазіргі уа­қытта Қазақстан боксында тежелу бар болар. Бірақ бұл – қазақ боксының басынан бақ тайды деген сөз емес. Көзіқарақты оқырмандардың есінде болса, кезінде Қазақстан бокс құрамасы Олимпия ойындарында, әлем және Азия чемпионаттарында қос-қостан алтын медаль алып жатқанда, өзбектің қай боксшысы тұғырдан көрініп еді? Сол сияқты осыдан 10-15 жыл бұрын әуесқой бокс әлемінде Украина, Куба боксшыларының даңқы аспандап тұрды. Бірақ кейінгі кезде олардың қарқыны бәсеңдеп қалды. Тіпті Олимпия ойындарында, әлем чемпионаттарында алтынсыз қайтқан кездері де болды. Сондықтан өз басым Қазақстан құрамасының қазіргі жағдайынан үлкен трагедия жасаудың қажеті жоқ деп есептеймін.

– 2019 жылдан бастап кәсіпқой бокста бақ сынап жүргеніңді білеміз. Бірақ сол төрт жылда небәрі төрт мәрте шаршы алаңға көтеріліпсің? Бұл сен үшін аз ба, көп пе?

– Әрине, аз. 2019 жылы кәсіпқой боксқа қадам басып, бұл жақтың да қыр-сырына енді қаныға бастағанда коронавирус індеті келіп, барлық жос­парымыздың күл-талқанын шы­ғарды емес пе? Содан енді-енді ес жиып, алдағы уақытта болатын үлкен жекпе-жектерге дайындалып жатырмыз. Мақсатымыз айқын, сол жолда аянбай еңбек ете береміз.

– Әлеуметтік желіде ауыр сал­мақ­тағы әлемнің экс-абсолютті чемпионы украиналық Александр Усик, бри­таниялық Энтони Джошуа секілді даңқты боксшыларға спар­ринг-серік­тес болып жүргеніңді бай­қап қалдық. Ұсыныс қалай түсті?

– Лондон Олимпиадасының чемпио­ны, әлем біріншілігінің жеңімпазы, Ұлыбританияның ауыр салмақтағы мақтанышы Энтони Джошуа Тұманды Альбионның тағы бір даңқты бокс­шысы Тайсон Фьюримен 2021 жылы жекпе-жек өткізуді жоспарлап, мені спарринг-серіктесі болуға шақырды. Олимпиада чемпионының ұсынысын қабыл алып, Джошуаның Лондондағы оқу-жаттығу жиынына қосылдым. Бірақ бір айдың шамасында екеуінің жекпе-жегі өтпейтін болған соң Қазақстанға қайта оралдым.

Сөйтіп арада көп уақыт өтпей Энтони Джошуа Александр Усикпен шаршы алаңда айқасатын болып келісті. Бұл бокс кеші ресми жария­ланардың алдында Усик мені өз командасында көргісі келетінін, менің спарринг-серіктесі болғанымды қа­лайтынын ай­тып, арнайы шақырту жіберді. Сол аралықта Джошуадан да ұсыныс түсті. Бірақ мен Алек­сандрдың ұсынысын қабылдап қойған болатынмын. Содан күні бүгінге дейін Усиктің қасында жаттығып ке­лемін.

– Осы орайда, оқырмандарға спар­ринг-серіктестің жаттығу лаге­рін­дегі негізгі функциясы қандай екенін айтып берсең.

– Негізінен спарринг-серіктестер көп жағдайда боксшының қарсы­ластарына қарай таңдалады. Мәселен, мен екі-үш айдан кейін бойы ұзын, салмағы ауыр, соққысы жойқын бокс­шымен жекпе-жек өткіземін делік. Менеджерлерім маған кездесуге дейін дәл сондай, яғни бойы мен қолы ұзын, соққысы мығым спарринг-серік­тес­терді тауып беруге тырысады. Сөй­тіп мен жекпе-жек уақытына дейін дәл сол қарсыласымның кейпіндегі, соның жұдырықтасу мәнеріне жақын келетін жігіттермен спарринг жаттығу жасап, қарсыласыма дайындаламын. Ал егер қарсыласым солақай болса, сол қолымен, оңқай болса, оң қолымен жұдырықтасатын, бойы кіші болса, аласа бойлы боксшылармен дайындаламын. Сондықтан бір командада бір емес, үш-төрт, кейде бес-алты спарринг-серіктеске дейін болады. Әрқайсысының әр түрлі міндеті, қызметі бар.

– Сол боксшылардың жанында екі-үш айлап көмектесіп, бір жекпе-жек өткізетін уақытыңды соларға арнаған соң бір айқастың құнындай гонорар беретін шығар?

– Әрине, кез келген жерде еңбегіңе сай ақы төленеді ғой. Бірақ маған дәл қазіргі уақытта ақша емес, тәжірибе жинау маңызды болып тұр. Егер Усик маған «ақша төлей алмаймын, бірақ менімен жаттығуыңа болады» десе де келісер едім. Өйткені мен оның қасында жүріп, өзімді де шыңдау үстіндемін. Бұрын-соңды істеп көрмеген жаттығуларды жасап жатырмыз.

– Әңгімеңе рахмет.

 

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»