Аймақтар • 16 Ақпан, 2023

Атбегі

383 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көз ұшынан мұнартып, тай шаптырым жерден қарағанда тойған қозыдай томпайып жататын Мақпал тауы көрінер еді. Асқары аспан тіремесе де, жергілікті жұрт үшін бауыры аңыз ертегіге толған ғажайып мекен. Ғалымбек үшін Мақпал тауының етегіндегі шоқ жұлдыздай шағын ғана Сәуле ауылынан асқан жер жоқ. Кір жуып, кіндік кескен осы топырақта дарқан даланың даналығын бойына жинаған ел ақсақалдары көп болды.

Атбегі

Бастары қосылып, жинала қалғанда есте жоқ ескі кезеңдегі естелікті тірілтіп, өзгеше өң беріп, көненің көнермейтін тұщымды әңгімесін сабақтар еді. Бар ғұмырын далада өткізіп келе жатқан ақсақалдардың әсерлі әңгімесінің өзегі де тұлпардың тұяғымен жазылған Алаш жұртының әрідегі тарихы. Ел қорғаған батырлар, елдің сөзін сөйлеген даналар. Сонан соң Ғалымбектің өзі жанындай жақсы көретін жылқының жайы. Әсіресе, Арыстанбек ақсақал Смағұловтың жылқы жайын жетік білетіні соншалық, қазақ тұлпарларының арғы-бергі толайым тарихын қолмен қойғандай етіп әңгімелегенінің өзі ғажап. Құтты бір ертегі тыңдап отырғандай елітетін. Босаға­сынан бәйге аты кетпеген Арыс­танбек ақсақалдың айтқан өсиет өзектес көп сөзі, салмақты пікірі, дәлелді уәжі санасында жатталып қалыпты.

Бәйге атының бабын бір кісідей білуші еді, жарықтық! Ат жалын аңсап тұратын жасөспірім үшін бұдан артық өнеге жоқтай. Әлде жаратқан иенің сыйы, әлде Арыстанбек ақсақал бастаған ауыл­дағы ел ағаларының өміршең өнеге­сі ме, өзі де тұлпар тізгіндеуге, жылқы­ның ті­лін білуге құмар болып өсті. Бәй­ге жо­лында аузымен құс тістеген ерен жүй­­ріктің үстінде отыру, әйтпесе, сол жүй­­рікті жаратып, бағы мен бабы қатар сыналатын бәйге жолына қосу қазақ баласының көкірегін қоламтаның шоғын­дай қыздыратын асыл арманы-ақ шығар.

Таң алдында талмаусырап жатқанда үнемі түсіне жылқы кіретін. Атқұмар бала болат тұяқтарымен даланың шаңын жібек шымылдықтай желпілдете жүйткитін жүйріктің үстінде жүреді. Өңімде де осылай бәйгенің алдында болсам деп тілейтін еді-ау. Хас жүйрікті аңсай­тын жұдырықтай жүрек алға ұмтыл­ған аңсарлы сезімдерімен қиянға жете­лей­тінді шығарды. Ауылдағы сегізжыл­дық мектептен соң Казгородок орта мектеп-интернатында оқып жүрген кезінде балалар ұйымының төрағасы болғаны да сондықтан шығар. Ал ер қанаты – жылқыға құмарлық өрім жасты қолынан жетектеп Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына әкелді. Жоғары оқу орнында оқып жүргенінде де топтың оқу секторы және кәсіподақ ұйымының басшысы болды. Өзі үшін өмір жарыс тәрізді еді. Ал жарыста шын жүйріктер ғана өзгеден оқ бойы озық болмақ.

– Жылқы тағдыры да Алаш тағды­ры­мен өзектес, – дейді Ғалымбек Қайыр­ұлы, – ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда ел басына төнген нәубет жібек жалды жылқының да құтын қашырды. Ғасырлар бойы сұрыпталған тәмам жылқы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, бостан жер іздеген ауған елмен бірге кетті. Кешегі кеңес заманында техникаға иек арттық та, қайран да қайран жылқының тұқымы тұздай құрып бара жатқанына назар аудармадық. Өзге өңірді қайдам, біздің солтүстікте бәйге, көкпар ұмыт болуға жақындаған. Ат спортының жұқанасы ғана қалды. Қайта тіріліп, алпыс екі тамырына қан жүгірген уақыт тәуелсіздік жыл­дарымен тұспа-тұс келеді. Ел еркін­дігі жылқыға да жақсылық ала келді.

Әлі есінде көрікті Көкше төңірегінде көптен үзіліп қалған Наурыз тойы қайта тойлана бастады. Жалпақ жұрт ұлттың рухани кеңістігіндегі уақыт шымылдығы тұмшалаған асылымен қайта қауышты. Ұлыстың ұлы күнін Біржан салдың елі де атап өтті. Осы ақ түйенің қарны жарылған қуанышта Сәуле ауылының атынан киіз үй тігіп, ұлттық ат спорты ойындарын ұйымдастыруға белсене қатысты. Еңбегі еш кеткен жоқ, бірінші орынға ие болды. 1991 жылы Абылай ханның мерейтойына байланысты республикалық шара өткізілді. Мерейтойдың мәнін келтірген де ат спорты ойындары еді. Бәйге жолында құтты өздері шауып бара жатқандай тілектес, ниеттес қауымның қандары қызып, бір жасап қалуына себепші болды. 1997 жылы Петропавл қаласында өткен жазғы спартакиада ойындарына Еңбекшілдер ауданы атынан қатысып, намысын қорғады. Бурабай ауданындағы атақты Аққайың алқабында өткен ұлттық спорттық ойындарына қатысып, қыз қуу аталымынан жүлдегер атанды. Ерейменнің етегінде де баптаған жүйрігі тәмам елді тәнті етті. 2013 жылы ат спорты­на төрелік ету құқығын реттейтін халы­қа­ралық сертификатқа ие болды. 

Атбегі Ғалымбек Айтмурзин 1989-1990 жылдары сол кездегі Еңбекшілдер ауданында бәйгенің алдын бермеген. Ғалекеңнің құла аты талай бәйгеде топ жарған жүйрік еді. Атының басына шабандоз бала Ержан Мұхамедкәріповті мінгізетін. Жасынан өзі тәрбиелеген атқұмар бала ағасының айтқан тапсырмасын тас-түйін орындайтын. Бәйге жолында жасындай ағып келе жат­қанда тақымындағы тұлпармен тұтас жарал­ғандай нық отыратын. Атқан оқтай заулаған жүйріктің тынысын, аяқ алысын жүрегімен сезетін.

– Ілкідегі жылқы жайын жақсы білетін атбегілер тұлпар болар жылқыны тай күнінен танитын, – дейді атбегі, – әрине, жаратылысы, дене бітімі алдымен ескерілсе керек. Бабы кейін. Екеуі үйлесім тапса, бағының жанғаны. Қазір қазақы жылқы соғымға ғана жарайды дейтін түсінік бар. Арыдағы ата тарихында талай тұлпар болды емес пе? Кешегі Ақан серінің Құлагері жай тұрғанда жүйріктігі байқала бермейтін жануар болған деседі. Бәйге жолына түскенде ғана екі көзі шоқша жайнап, аруақтанып сала берген. Бүгін жылқыжанды жігіттер қолтума аттарды көбейтіп жатыр. Бәлкім бұл да дұрыс шығар. Қалай болған күнде де сапасын жақсартуымыз керек қой.

Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, ең басты кемшілік малсақ қауым тұқым жаңартуға түпкілікті мән бермей отыр. Айғыр ауыспаған соң үйірдегі құнан тайдай, тай жабағыдай. Қаны бұзылған соң қазанаттың шығар-шықпасы да екі­талай. Қазір қалтасы қалыңдар ағылшын мен араб жылқысына үйір. Егер қазақ жылқысының бағзы замандағы бағы қайта қонар болса, әсіресе, ұзақтау бәйге жолында өнерін көрсетер еді.

Мамандығы мал дәрігері болғандық­тан, кеңшарларда бас маман болып істей жүре, жылқы тұқымын жақсартуға бар жан-тәнімен кірісті. Бәлкім содан болар, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты шаруашылықта мал дәрігері болып істеуі. 

Есіл-дерті ерен жүйрік баптау. Сөйтіп, төл өнерімізді төрге шығару. Өмірдің өзі – бәйге іспетті. Сол соқпаққа түскен, бүгінде Астана қаласының тұрғы­ны­на айналған Ғалымбек Қайырұлы қай қияға салсаң да маңдайы жарқырап, топ жаратын азамат.