Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»
Өңірде осы бағытқа бөлінген қаржы едәуір. Егер әр тиынын шашау шығармай жұмсаса, табиғи қауіптен қорқудың жөні жоқ. Су тасқынының алдын алып, елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына мамандар қазірден бастап кірісіп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, болуы мүмкін апаттардың барынша алдын алуда.
Әншейінде аязымен зар қақсататын асау ақпанның көбесі сөгіліп, лайсаң тарта бастады. Жетісу өзі өзен-көлге бай өлке болған соң, арнасы тасуы әбден мүмкін. Төрт түлік малын мәмелеп отырған ағайынның алаңы – осы. Оның үстіне Түркістандағы жайсыз оқиға жалпақ жұрттың үрейін еселетті. Мемлекет басшысы да министрлерге арнайы тапсырма беріп, жылдағы салғырттыққа жол бермеуді ескертті. Осылайша, әр өңір өзінше қамдана бастады.
Бүгінде Үкімет апта сайын жиын өткізіп, өңір басшыларының қарекетін қадағалап отыр. Осы ретте соңғы селекторлық кеңесте көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 955 млн теңге бөлінгені айтылды. Аз ақша емес. Қомақты қаржының басым бөлігі бөгеттер мен су қоймалары сынды гидротехникалық құрылыстарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қарастырылған. Яғни 820 млн теңгенің барар жері белгіленіп тұр.
Енді жалпы сомасы 100 млн теңге көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына жұмсалмақ. Ал қалған 35 млн теңге кезек күттірмейтін шаралар бойынша жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындау мен оларға түзетулер енгізуге бөлінген. Ондай құжаттар қатарында Жоңғар Алатауынан бастау алып, Текелі және Талдықорған қалаларын жарып өтетін, бірнеше аудандағы бірқатар елді мекенді жанап ағатын, арыны қатты Қаратал өзенінің Қаратал ауданындағы Тастөбе ауылы тұсындағы арнасын механикалық тазалау және осындағы бөгетті қалпына келтіру бойынша ЖСҚ жасау және түзету енгізу, осы өзеннің Текелі қаласы арқылы өтетін арнасының жағалауын бекіту түзету бар.
Сонымен қатар Панфилов ауданындағы Көктал-Арасан ауылы жанынан өтетін Бурақожыр өзеніндегі қорғаныс бөгетін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының ЖСҚ және осы аудандағы Сүптай ауылындағы Тышқан өзенінің жағалауын түзетуге ЖСҚ жасау, Қоңыр-өлең ауылындағы қар-жаңбыр суларын бұруға арналған науа жүйесін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына және науа жүйесін орнатуға ЖСҚ әзірлеу үшін қаражат бөлінген.
Облыстың даму жоспары аясында Ақсу ауданындағы Матай стансасы аумағы арқылы өтетін Ақсу өзені арнасын түзету және механикалық тазалау жоспарланыпты. Осы жұмыстар нәтижесінде, Панфилов және Ақсу аудандары бойынша тасқын қаупі күшті 7 учаскедегі жағдай тұрақтанып, қауіп сейіледі.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 2023 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жөніндегі облыстық жоспарға сәйкес, туындауы мүмкін күрделі жағдайға сақадай сай болу үшін алдын ала болжамдар дайындау, елді мекендер мен олардың аумағын қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдау үшін су тасқыны қауіп төндіруі мүмкін учаскелерді айқындау, төтенше жағдайда халықты хабардар ету жүйесін дайындау, су тасқыны кезіндегі ережелер туралы жұртты құлағдар ету жұмыстарын жүзеге асырып жатыр.
Сондай-ақ арық-канал желілерін, жолдағы су өткізу құрылыстары мен көпірлерді тазалау, дайындау, гидротехникалық құрылыстардың меншік иелері тарапынан жұмыс режімінің сақталуын бақылау қолға алынып, материалдық-техникалық, азық-түлік, жанар-жағармай, медициналық және басқа да ресурстардың қорлары құрылыпты.
«Қазіргі кезде облыста 113 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 72-сі – республикалық меншікте, 28-і – коммуналдық меншікте, 13-і – жекеменшікте. Олардың ішінде 8 су қоймасы, 16 тоған, 10 бөгет, 20 су торабы, 59 магистралдық канал бар. Облыс аумағында апатты жағдайдағы су қоймалары жоқ дегенмен, бәрінің қауіпсіздігі керемет деп айтуға келмейді. Жағдайы да ала-құла. Ірі су қоймаларының толу барысын мониторингтеуді және басқаруды Су ресурстары комитетінің Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы жүзеге асырады», дейді облыстық ТЖД ТЖААБ басшысы, азаматтық қорғаныс майоры Ринат Тазабеков.
Жауапты мамандар ауыл-аймақтағы су тасқынына қатысты жағдайды анықтау мақсатында былтырғы апатты оқиғаларға талдау жүргізген. Оның үстіне «Қазгидромет» РМК-нің қар жамылғысының биіктігі мен топырақтың тоңы туралы деректерін негізге ала отырып, жылда әуре-сарсаңға салар қарғын судың қайда барарына да болжам жасаған. Қандай да бір қауіп төнсе, қауқар көрсетуге дайын.
Температура күрт көтеріліп, жаңбыр түріндегі жауын-шашын мол түскен жағдайда облыстың барлық аумағында су тасқыны туындауы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті, елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарын су тасқынынан қорғау мақсатында бірқатар профилактикалық және инженерлік-қорғау шара қолға алынған.
Жалпы, табиғаттың алдын ала болжанбаған тосын мінезі киліксе, осындай шаралар істі жеңілдетеді. Көбіне су тасқындарына қатысты оқиғалардың басым бөлігі алдын алу жұмыстарына деген немқұрайдылықты, дәлірегі су жүретін арық-атыздарды аршу, бөгеттердің сапасын тексеру, су бөгеттеріндегі су мөлшерін дер кезінде реттемеу, өзендер мен каналдардың табанын тазалау сынды шараларға баса назар аудармаудан туындап жататыны өкінішті.
Қараңызшы, жыл сайын өткізілген іс-шаралар нәтижесінде, 2021 жылы анықталған су тасқыны қаупі бар 13 учаскенің жетеуінің тәуекел қаупі азайтылып, биыл су тасқыны қаупі бар 6 учаскеде жағдай қалыпты. Оларға қатысты атқарылған және алдағы кезге жоспарланған жұмыстарды жоғарыда келтірдік. Барлығы жоспарға сай орындалса, аталған қауіпті учаскелердегі жағдай да реттеледі.
«Қазселденқорғау» ММ «Жетісу-Алатау аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы басшысының орынбасары Айдос Сабырбаевтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде аталған мекеме Жетісу өңіріндегі барлық өзеннің гидрологиялық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіп, топырақ тоңының деңгейін тұрақты өлшеп тұрады.
Инженерлік қорғаныс имараттарының техникалық жағдайы қалыпты, олардағы қызметкерлер ауа райының құбылуына байланысты өзгерістерді тұрақты бақылауға алған. Әзірге өзендердегі судың деңгейі жылдық мөлшерлемеден ауытқымаған, арналармен су еркін өтіп жатыр. Тұтастай алғанда, су тасқынының салдарын жою жұмыстары облыста ойдағыдай жалғасуда.
Қорыта айтқанда, өзен-көлдерге, су қоймаларына жақын орналасқан ағайын қыстың соңы мен көктемнің басында қарғын су қай тұсымыздан тап береді деп жыл сайын мазасыз күй кешеді. Қызылағаш оқиғасы халықтың әлі де санасында. Сондықтан аталған мәселеге қанша дайынбыз десек те, тұрғындардың бақылауда болғаны абзал.
Жетісу облысы