Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, рекордты тауар айналымына қарамастан, экспорт көлемі айтарлықтай жоғары емес: 84,4 млрд доллар. 2021 жылмен салыстырғанда сыртқы сауда көлемі – 40, 2020 жылмен салыстырғанда 78 пайызға өскен екен.
Экспорт өсіміне дем беріп тұрған негізгі тауарлар – мұнай мен металл. 2021 жылы мұнай сатудан түскен табыс 51 пайызға өсіп, 46,9 млрд доллар болған (экспорттағы үлесі – 56 пайыз). Мыс сату көрсеткіші – 15 пайызға (3,7 млрд доллар), ферроқорытпа – 51 пайызға (3,4 млрд доллар), уран – 95 пайызға (3,4 млрд доллар), мыс рудасы 51 пайызға (2,4 млрд доллар) өсім көрсетті. Бұдан бөлек, сатылым бойынша жоғары өсім көрсеткендер қатарында бидай (+37 пайыз), мұнай өнімдері (+73 пайыз), көмір (2,4 есе), мырыш (+43 пайыз), күкірт (+91 пайыз) бар.
Рекорд жасаудан импорт та қалыспайды. Бір жыл ішінде өзге елдерден сатып алған тауарымыздың жалпы құны 50 млрд доллар болыпты. Осылайша, импорт көлемі 2013 жылдан бергі (48,8 млрд доллар) рекордты бұзды.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, импорт өсімі негізінен машина құрастыру тауарларының (+11 пайыз, 13,2 млрд доллар), транспорт құралдарының (+44 пайыз, 6,5 млрд доллар), тамақ өнеркәсібі өнімдерінің (+19 пайыз, 4,4 млрд доллар), химия өнеркәсібі тауарларының (+27 пайыз, 4,1 млрд доллар) көбірек тасымалдануымен байланысты.
Министрлік 2022 жылы Қазақстанның сыртқы саудадағы жетістігін мұнай және металл бағасының жоғары болуымен байланыстырады. Украинадағы соғыс салдарынан логистикалық тізбектерге біршама зақым келгеніне қарамастан, Қазақстанның сырт елдермен сауда қатынасына сызат түсе қойған жоқ.
Импорт өсімі өз кезегінде әлемді шарпыған жоғары инфляциямен байланысты. Былтыр пандемияға байланысты туындаған шектеулер мен геосаяси тәуекел салдарынан туындаған қиындықтар шикізаттың қымбаттауына, тасымал құнының өсуіне әсер етті. Бұл өз кезегінде ақырғы құнның қымбаттауына әкеліп соқты.