Таным • 17 Ақпан, 2023

Қазақ ауа райын қалай болжаған?

3666 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халық құрт-құмырсқа мен құс-жануардың іс-әрекетіне қарап, күн райының қалай болатынын білген, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақ ауа райын қалай болжаған?

Қазақ халқы табиғат құбылысына ерекше атау беріп, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда шөпке қарап ел іздеген. Мысалы, киік өз лағын аяқтандырып, желге қарсы жүгірткен уақытты «құралайдың салқыны» десе, «Үркер жерге түспей жер қызбайды» деп ауа райының қандай болатынын болжаған. Олай болса, метеорология мамандары мен арнайы құрылғылар пайда болмай тұрып, ауа райына қалай болжам жасалғанын және табиғат құбылысын бір сөзбен қалай атағанын біле жүрейік. 

Аласапыран – наурыз бен сәуір айларында қар еріп, жер лайсаң болып, шаруашылыққа қолайсыз болатын мерзім. 

Амал – ыстық пен суық, қар мен жаңбыр, жел мен боранның үздіксіз соғып тұруын халық осылай атайды. Ұлттық сандық ұғымда жеті амал бар. Олар: күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, қыс тоқсан, ай тоғамы.

Бесқонақ – наурыздың 17-21 күндері аралығында болатын жауын-шашынды күндер. Бұл суық әрі лайсаң мезгіл болғандықтан, жұрт бесқонақтан қатты сақтанған. 

Бөрісырғақ – бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктері жауып, ақпан айында ат құлағы көрінбейтіндей боран болатын күндер. Профессор Серік Негимов «Бөрісырғақты»«крещенский мороз» деп аударуға келмейтінін айтады. Қазақта бұл күндерді «Сарышұнақ аяз» дейді. 

Қарашаның қайтуы – құстар жылы жаққа қайтып, қар түсіп, күн суитын уақыт. 

Құралайдың салқыны –  мамыр айының аяғында болатын суық жел. Осы желге қарсы киік өз құралайларын аяқтандырып, өргізетіндіктен осылай аталған. 

Құсқанаты – наурыз айының соңында құстардың келуімен қар аралас жаңбыр жауып, суық жел тұратын уақыт. Халық мұны құсқанаты деп атап, амалға жатқызған.

Қызыл жұмыртқа –  мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала құстары балапандаған кезде суық болатын бір-екі күн.

Қызыр қамшысы – сәуір айының ортасында жер бусанып, оңтүстікке жаздың жайлы күндері келе бастайтын уақыт. Халық әдетте  «Қызырдың камшысы шартылдады, кыс кетті» деп айтады. 

Қырбастың қызылы – Қазақстанның солтүстігінде желтоқсанның басында болатын алғашқы аяз. 

Қырық күн шілде – маусым-шілде айлары кезінде 40 күнге созылатын ыстық. 

Қыс шілдесі – қаңтардың соңғы күндеріндегі қатты аяз. 

Күннің таласуы – ауа райы өзгеріп, сырғыма жүретін қаңтардың алғашқы күні. 

Мизам шуақ – қыркүйек айының екінші онкүндігінде жаңбыр жауып, түнде шөп басына шық түсетініне қарамастан, күндіз шуақты болатын күндер. 

Өлара – ескі ай аяқталып, жаңа ай туғанға дейінгі аралық, аспанда ай көрінбейтін кезең. 

Сүмбіленің тууы – қыркүйек айының соңғы онкүндігінде жауын-шашын басталатын суық күндер, Сүмбіле жұлдызы көрінетін мезгіл. 

Таразының тууы – тамыз айының ортасында ауа райы салқындап, алғашқы күз нышаны біліне бастайтын уақыт. 

Текенің бұрқағы – желтоқсанның соңғы онкүндігінде далада қатты боран соғатын кез.

Тобылғы жарған – суық жел соғып, тобылғы бүршік жаратын сәуір айының соңғы 2-3 күні. 

Үркердің батуы – маусым айында үркер мүлдем көрінбейтін уақыт. Осыдан кейін қырық күн шілде басталады. 

Үркердің толғағы – шілде айының ортасында басталатын мал-жанға жайлы кезең. Бұл уақытта үркер туады, жер кұрғап, шөп буыны қатады.