Әлем • 19 Ақпан, 2023

Бірлік үшін бірігу: Қырғызстанның бүгінгі және бұрынғы президенттері бас қосты

324 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров арнайы кеңес ұйым­дас­тырды. Бұл кеңеске бұрынғы мемлекет басшылары Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев, Роза Отунбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков қатысқан.

Бірлік үшін бірігу: Қырғызстанның бүгінгі және бұрынғы президенттері бас қосты

«Кездесу орны белгілі себептермен бейтарап аумақ болып белгіленді», деді Қырғызстан Президентінің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев. Алдымен Садыр Жапаров өзінің Facebook парақ­шасында үндеу жариялап, онда жаһан­дану дәуірінде ішкі тұрақтылық пен ұлттық бірлікке ұмтылған елдер ғана да­мып, қуатты мемлекетке айналатыны жөнінде, жазба қалдырды.

«Еуразия жерінде ұлы державалар құрған ежелгі қырғыздардың бүгінгі қалы қандай? Бірліктің жоқтығынан, билік үшін күрестің кесірінен біз ежелгі империямыздан айырылып, Орталықтың бір бұрышында қалып бара жатқан сияқтымыз. Тәуел­сiз­дi­гiмiздi жарияласақ та, дамуымыз неге бәсеңдеп барады? Бізде қазір сол­түстік-оңтүстік деп, жеті облысқа бөлініп отырған жайы бар. Осылайша өкінішке орай, қазір Қырғызстан халқы өз өңірлерінен шыққан президенттерді жақтап, сол арқылы тағы жетіге бөлі­ніп отыр. Қырғызстанның болашағы біз үшін маңызды болса, «Ақаев», «Ба­киев», «Атамбаев», «Отунбаева», «Жээнбеков», «өмірдің аяқталуы» се­­­кілді ұғымдарды жоюымыз керек. Бар­­­шаның басын біріктіре отырып, халықтың болашағын ойлауға тиіспіз. Бастапқыда халық сайлаған, соңы қай­ғылы болған барлық президенттерді жинасақ, бәлкім, бір жұдырықтай жұмылған біртұтас ел болармыз деген ой мені көптен бері қинап жүрді», деп жазды С.Жапаров.

Сонымен қатар Қырғыз мемлеке­тінің басшысы ел есінде қалған келеңсіз дәуірлерді еске алды.

«Бұрынғы президенттер реніштерін айтып, кемшіліктерін мойындады. Ең бастысы, олар бір-бірін кешіре білді. Менің де көздеген мақсатым сол еді. Менің ойымша тек әр президенттің жақтастары, жеті облыстың халқы саясатты тастап, бір бағытқа шоғырланып, ұлттың, экономиканың дамуын ойлауы керек. Халқымыздың көзқарасы бойынша қарасаңыз, қателік әркімде кездеседі. Қайғылы оқиғалар, тіпті қантөгіс болды. Ақаевтың кезінде – Ақсый оқиғасы, Бакиевтің кезінде – сәуір оқиғасы, Уақытша үкімет кезінде – маусым трагедиясы, Жээнбековтің кезінде – қазан оқиғасы. Өкінішке қарай, Қырғызстан тарихында бұл оқиғалардың бәрі қара таңбамен жазылған. Осылайша, қырғыз жастарынан – ұлдарымыздан айырылдық. Қаза болғандардың туыс­тары мен жақындарының наразылығын түсінемін. Әр қырғызстандық бірігуі керек! 5-10 жылдық мүддені ойламай, Қырғызстанның мүддесін ой­лайық. Маған дейін келген мемлекет басшыларының әрқайсысына жеке мүддем де, жеке қызғанышым да жоқ. Осыны баса айтуым керек», деп аяқтады жазбасын Қырғызстан президенті.

Өз үндеуін Садыр Жапаров біздің заманымыздың IX ғасырындағы Қыр­ғыз қағанатының картасымен үй­лес­тіріп, суретін жариялады. Ал са­рап­шылар Садыр Жапаровтың бас­та­масын «батыл қадам» деп баға­лап, Қыр­ғызстанның бұрынғы прези­дент­терінің бұл басқосуының түп мақсатын «Жер-жерге бөлінбей, тұтас қырғыз елінің мүддесі үшін бірігіп жатыр» деп түсіндірген.