Өзімізде өсетін өнімнің «қат тауарға» айналатынына өкпелейтіндердің қатары көп. Ол орынды да шығар. Мамандардың есебінше, біздің ел ай сайын шамамен 30 мың тонна пияз тұтынады екен. Ал әкімдіктердің дерегі бойынша, қазір елімізде пияздың расталған қоры – шамамен 152,4 мың тоннаның төңірегінде деседі. Есебін шығарғандар, сәуір айына дейін пияз жеткілікті болады деп сендіреді. Аз-көбін анау айтқандай айыра алмасақ та, мынадай қормен пияздың бағасын көтеріп, жоқ жерден байбалам шығарудың өзі – басы артық дүние сияқты... Жоқ әлде, бұл – қалт-құлт етіп әзер күнелтіп отырған жарлы-жақыбайдың соңғы тиынын сыпырып алу саясаты ма?
Осындайда мына бір жайттың еріксіз еске оралатындығын қайтерсің... Бұрындары пиязды аршып жатқанда көзден жас парлаушы еді ғой, қазір сатып алып жатып жылап жіберетін жағдайға жақындап қалдық. Өйткені осы таяуда ғана пиязды кейбір ірі сауда орындары 400 теңгенің үстінде саудалап жатқанын көзіміз көрді. «Байқадық, амалсыз басты шайқадық», демеуші ме еді мұндайда... Қалай демесек те, былтырғы пияз – биыл кірпияз! Осының сыры неде екен?
Бағаның шамадан тыс шарықтауына алдымен Пәкістанда болған алапат су тасқыны себеп деседі сарапшылар. Оның үстіне биылғы қыстың тым қатал болып, оңтүстіктегі жылыжайлардың оған төтеп бере алмай қалуы да жанама себептердің біріне баланды. Өнімге сұраныс артты. Сұранысты сәтті пайдалана қоятын делдалдар мен саудагерлер бағаны көтерді. Жаһанда болып жатқан осындай жағдайлар, пияздың «пиарын» арттырып, демде «дефицит» тауарлардың қатарына қосып кеп жібереді. Қайтпек керек?
Тап осы тұста, тұрақтандыру қорының құлпы шешілуге тиіс еді. Естеріңізде болса, біздің билік 2012 жылдан бастап тұрақтандыру қоры деген институтты айналымға енгізген болатын. Обалы нешік, оп-оңды жұмысын бастады. Әу бастағы ойлары, «тұрғындар азық-түліктен тарықпасын, қарапайым халықтың қалтасы қағылмасын», деген жанашырлық ниеттен туындаса керек десек, біз қателесе қоймаспыз...
Әдетте күзгі жиын-терінде жинақталған қамба қымбатшылық қос бүйірден қыса бастаған тұста ашылатын. Қаптың аузы сөгіліп, жұрттың мұрты майланбаса да, бір қарық болып қалатын. Баға мүмкіндігінше тұрақталатын. Соның арқасы да шығар, еліміздің аймақтарында күзде толтырылған қоймалардағы пияз сатылымға шығарыла бастады. Сауда және интеграция министрлігі оның бағасы дүкендерде 125 теңге болатынын айтады. Бұл – жаңа өнім жеткізілгенше, жан баға тұрудың жақсы амалы еді.
Дегенмен қоғамдық мониторинг бойынша сарапшы Руслан Асаубаев тұрақтандыру қорлары іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдей алмағанын алға тартады. Ал экономист Мақсат Халық «Тұрақтандыру қоры белгілі бір деңгейде өзінің тиімділігін көрсеткен. Бірақ пандемияның салдарымен күресетін кезде. Алайда әр өңірге тұрақтандыру қорын беріп қойып, ұзақ мерзімде жасай беру шешім емес. Ол – қысқа мерзімдегі тактикалық шешім. Ал оны соза беретін болса, тиімділігі төмендей береді», дейді. Қалай демесек те, әріптестеріміз айтпақшы, «бұл қор осыған жауапты органдардың жан қысылған кезде ашылатын «қауіпсіздік жастығына» айналып кетпеді ме екен деп те қорқасоқтаймыз... Қор жұмысын қайта қарап, кей тетіктерін мейлінше жетілдірмейінше, оған айтылатын сын азая қоймас. Сақтаулы өнімді «сұр схемалармен» сыртқа шығарып, сан соқтырып кететін делдалдардың тірлігіне де дұрыс тұсау салынбай тұрғаны, күдік тұманын одан әрмен қоюлата бермек.
Бұғалық салынбаған асаудай бұлқынатын баға, шіркін, біз айтқанға көніп, айдағанға жүрсе, жақсы ғой... Осындайда ой келеді: нарыққа көнбеген баға, біздің ырыққа көне қояр ма екен? Әй, қайдам-ау...