Ауыл • 21 Ақпан, 2023

Қазақ қойының бәсі бөлек

1367 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қойнауы құтты Қостанай облысы – тек егін шаруашылығы үшін емес, мал бағуға да аса қолайлы өңір. Алайда өрісі байтақ өлке қой саны жағынан облыстардың көш соңында келеді. Оған себеп көп. Біріншіден, жергілікті ет өңдеу зауыттары тек көктемге қарай болмаса, қыста ұсақ малдың етін сатып ала бермейді. Екіншіден, Тобыл өңірінде қойдың жүнін өңдеп, терісін илейтін кәсіпорын жоқ. Үшіншіден, әлемдік нарықта сұраныс жоғары бола тұра, шетелге қой сату мәселесі шешілмей тұр.

Қазақ қойының бәсі бөлек

Мал баққанға бітеді

Бұған дейін Қостанайда тұрған Алмат Жарасбаев 2019 жылы қаладағы пәтері мен асты­ндағы қымбат автокөлігін сатып, отбасын ауылға көші­ріп әкелген. Келе салысымен 70 қой сатып алып, шаруаға кірісіп кетті. Ештеңеден тосыр­қаған жоқ, өйткені ата кәсіп­тің қыр-сырын бала кезінен жақсы біледі. Өмір бойы мал шаруашылығы саласында жұмыс істеген әкесіне қолғанат бола жүріп, қойдың бабын қа­лай табу керегін әбден меңгеріп алған. Кейін өзі де ветеринар мамандығы бойынша жоғары білім алды.

Кәсіпкер төрт жылдың ішінде еселі еңбек, тынымсыз ізденіс пен мемлекет қол­дауы­ның нәтижесінде түлік санын 9 мыңға жеткізді. Осы­лайша, Қарабалық ауданында қазақтың асыл тұқымды қыл­шық жүнді құйрықты қойын өсіретін іргелі шаруа­шылық пайда болды. Бүгінде ақтылы қой өргізіп отырған бұл селекциялық орта­лық об­лыс­тағы ең ірі қой шаруа­шы­лығы болып саналады.

– Әуел баста жалғыз өзіме қиын болды. Анам, жұбайым, төрт балам көмектесті. Кейін жұмыс орындарын ашып, ауыл тұрғындарын еңбекке тарта бастадым. Келе-келе осылай жалғыз жүре берсем, көздеген мақсатыма жете алмайтынымды түсініп, «Зерновая индустрия» агрохолдингімен біріктім. Агрохолдингтің қолдауы­мен асыл тұқымды қой басын көбейту мақсатын­да арналған «Қазақы қой» селекциялық орталығын құрдым. Саулық сатып алу үшін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 жылға 4 пайыздық жылдық өсіммен несие алдық. Былтыр «Агро бизнес» бағдарламасы бойынша тағы 7 пайыздық несие алдық. Еліміздегі ең мықты қой шаруашылықтарын аралап мың қойдан ең күйлі деген екі жүз-үш жүзін таңдап алдым. Қойдың ақшасын өз бағасынан көбірек төлеп отырдым, есесіне өзіме ұнағандарын іріктеп алдым. Осының бәріне мемлекеттің қолдауы арқылы қол жеткізіп отырмын. Асыл тұқымды селекциялық жұмыстар жүргізгенім үшін және қой бағасын арзандатқаным  үшін субсидия алам. Осының бәрі үлкен көмек. Мемлекеттің бағдарламасы болмаса, мұндай ақшаны қазір кім береді? – дейді кәсіпкер.

Қазір шаруашылықта 9 мың қой бар. Биыл көк шөп көтерілгенше, көктемгі төлдің есебінен түлік саны 13 мыңға жетеді. Кәсіпкер алдағы 2-3 жылдың ішінде қой басын 20 мыңға дейін жеткізуді ойлап отыр. Одан жыл сайын 20 мың қозы алып,  жаңа төлді 50 мың теңгеден сату арқылы жылына 1 млрд теңге табысқа шығуды да жоспарлап қойған.   

 

Қазақ қойы экспортқа шыға ала ма?

Алмат Жарасбаев қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын әлемдік нарыққа шығаруды көздейді. Кәсіпкердің айтуынша, қазақы қой – табиғаттың төл жаратылысы. Төзімді әрі тез қоң жинайтын, еті құнарлы қой малын әлемге көрсете алмай отырмыз.

Мәселен, Қарабалықтағы 100 бас асыл тұқымды қазақ қойынан 120 қозы алуға болады екен. Қой түлігі 40 градусқа дейінгі ыстық-суыққа бірдей төзімді. Төлі де тез жетіледі. 4 айлық қозысы 40 кило тірідей салмақ береді. Қошқарлары 160 килоға дейін, саулық қойлары 100-110 килоға дейін салмақ тартады.

– Оны ғалымдар ойлап тапқан жоқ. Халық селекциясының нәтижесі. Сондықтан сапасы да өте жоғары. Әлемдік нарықта бір килосының өзі 10 еуроға саудаланатын ағылшынның гемпшир, суффолк, парсының дорпер, француздың Иль Де Франс сияқты қойларынан анағұрлым сапалы. Ал біз барымызды бағалай алмай жүрміз. Біздегі жағдайға келсек, қазір мен тірідей салмағы 2 мың теңгеден сатып жатырмын. Бұл шамамен 4,5 еуро болады. Шетелдің асыл тұқымды қойларынан екі есе арзан. Таразы басын теңестіргім келеді. Қазақ қойы қымбат, ал қой баққан қазақ бай болуы керек. Оған жеткізетін жалғыз жол – халықаралық саудаға шығу. Негізі бұл біздің қазақи сапалы өнім. Сондықтан халықаралық көрмелерге жиі шығып тұруымыз керек. Өкінішке қарай, қол қысқа. Маған қойды халықаралық көрмеге апару аса қымбатқа түседі. Егер мемлекет қолдау білдіріп жатса, ең таңдаулы деген қош­қарларым мен қойларымды іріктеп алып, нағыз қазақ қойының қандай болатынын бүкіл әлем жұртшылығына танытар едім, – дейді Алмат.  

Кәсіпкердің айтуынша, асыл тұқым­ды ұсақ малды, қазірше, экспортқа шығаруға рұқсат жоқ. Әйтпесе Ресейге, Еуропа мен Азия елдеріне сатқысы бар. Өйткені қазақ қойына сыртқы сау­дада да сұраныс өте жоғары көрінеді. Былтыр қарашада футболдан әлем чемпионаты басталғанда Алматқа Катардан хабарласып, қой сұрағандар болыпты. Өкінішке қарай, шекара жабық. Сол қолбайлау болыпты. Қарабалықтың құйрықты қойлары ішкі нарықта да өтімді. Қой өсірушілер еліміздің түпкір-түпкірінен келіп, аттай қалап алып кетіп жатады.

– Қойды экспортқа шығару мәселесін де шешуге болады. Ол үшін логистиканы арзандату керек. Бізде логистика қымбат. Мысалы, араб елдеріне, Қытай, Үндістан, Өзбекстан сияқты елдерге жеткізем дегенше, қойдың құны сол елдегі бағамен теңесіп қалады. Мысалы, бізде тірі қойдың  1 кило салмағы 2 мың теңге. Ол жаққа жеткенше 3 мың болады. Егер мемлекеттен субсидия бөлінсе, экспортқа ынталылар көп. Өйткені қойды бүкіл әлем жейді. Біз оңтүстік мемлекеттерді етпен қамтамасыз ете аламыз. Ал логистиканы арзандату түріндегі субсидияның қайтарымы бар. Оны ешкім шетелдің банкіне салып қоймайды. Салық, жұмысшылардың еңбекақысы түрінде  қайтады. Қазақы қой экспортқа шыққанда ғана көбейеді. Кейбіреулер қой шетелге сатылса, ішкі нарықтағы бағасы аспандап кетеді. Қарапайым халық қой сатып алудан қалады, дейді. Бұл – қате түсінік. Қойдың бағасы сол килосына 2-2,5 мың теңге күйінде қалады. Қойдың саны қазіргідей 15 млн емес, 30 млн-ға жетеді. Біз тек таңдаулы қойларды ғана экспортқа сатамыз, ал ішкі нарықтағы сұранысты өтеу оңай, дейді кәсіпкер. 

Қазақ қойының иммунитеті де өте жоғары. Бұл қойларға екпе егудің қажеті жоқ.

– Ең бастысы, Қазақстанның орта­лығы мен солтүстік-батыс аймағында жатқан Қарағанды, Ақмола, Кереку, Қызылжар, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында қойға аусыл дертіне қарсы екпе жасамау керек. Бұлай болмаған жағдайда мал шаруашылығын дамыту туралы әңгіме айтудың өзі әбестік. Соңғы кездері бірқатар фермерлер аусылға қарсы екпе жасау керек дегенді айтып жүр. Екпе жасауға болмайды. Бұрын аусылға қарсы вакцина 5 облыста ғана жүретін. Енді бүкіл Қазақстанға екпе салғысы келеді. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Малды экспортқа шығара алмай қаламыз. Екпе салсақ, Париждегі Халықаралық эпизоотиялық бюро қара таңба басады, ол таңбаны кем дегенде 40 жылға дейін алып тастай алмайсыз, дейді Алмат Жарасбаев. 

 

Қой өсірудің қияметі

Алматтың айтуынша, қой өсіруде кездесетін кедергі-қиындықтар шаш-етектен. Фермер қысқы мал азығын өзге шаруашылықтардан сатып алады. Өйткені қолда бар ескі техника жиі бұзыла береді. Бүгінгі нарықта жаңа трактор 13 млн, шалғы 500 мың, тырмақ 500 мың, шөп орағыш 3 млн теңге тұрады десек, осының бәріне 18 млн теңге қажет екен. Оны алу үшін 1 отар қой сату керек. Алматтың мұн­дай тәуе­келге барғысы жоқ.  Сондық­тан қысқы жемшөпті үнемдеу үшін отар-отар қой желтоқсан айының соңына де­йін тебінде жүреді.

2 жарым мың гектар жерге ақтылы қой өргізіп отырған кәсіпкер көктемгі төлден кейін шаруашылықтағы қой санын 13 мыңға жеткізсе, алдағы жазда мал жаятын өрістен қысылып қалайын деп тұр. Бір қойға жарты гектар жайылым керек екен, ал 13 мың басқа кем дегенде 6 жарым мың гектар жайылым керек.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет бос жатқан жайылымдарды мемлекетке қайтарып алып жатыр. Бұл – өте дұрыс. Көптеген шаруашылықтың жайылымы бар, бірақ мал бағып отырған жоқ. Бірақ олардан алынған жерді халық игілігіне береміз, дейді. Бұл да дұрыс. Өйткені ауылда жайылым жерлер аза­йып кетті. Ауыл халқы мал ұстай алма­йтын жағдайға жетті. Бірақ бұл жерде мақсатты түрде мал шаруашылығын дамыту үшін жұмыс істеп жатқан біз сияқты фермерлердің де мүддесі ескерілуге тиіс. Ауылда жекеменшік мал ұстап отырған халық мемлекетке бір тиын салық төлемейді. Оның неше мал өсіріп, неше мал сатып жатқанын, неше литр сүт өткізіп жатқанын есепке алып жатқан ешкім жоқ. Ал мысалы, мен жылына 6 млн теңге салық төлеймін. Ішкі сауданы қоймен қамтамасыз етем. Жұмыс орындарын ұстап отыр­мын. Ауылдық округтің әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға үлес қосып жатырмын. Сондықтан жерді мал баққан, сол арқылы ауылдың гүлденіп, дамуына үлес қосып жатқан азаматтарға беру керек,  дейді шопан.

Шаруашылық басшысы шопаны, есепшісі, мал дәрігері бар – барлығы 20 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жаз жайлауы – әйгілі Мұхаметжан Сералиннің кіндік қаны тамған Өрнек ауылының маңайы. Бұл жерде суат жоқ болған соң, бұған дейін ешкім мал баққысы келмеген.  Кәсіпкер 2 500 млн теңгеге бес жерден терең құдық қаздырып, қойын соған суарады. Қар түскен соң шопандар шекара түбіне жақындап, Веселый Кут елді мекенінің айналасын қыстайды. Кәсіпкер ауылда бос тұрған екі қабатты қос ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп жұмысшыларына жылы баспана салып берді. Ыстық су, суық суы ішіне кіріп тұр. Мұның сыртында, шаруашылықтың өзінің тегін асханасы бар. Жұмысшылардың бәрі осы жерден тамақтанады. Ресеймен шекаралас шет аумақта қыстайтындықтан, қойды ит-құстан бұрын, ұры-қары жиі мазалайды екен.

Асыл тұқымды қой басына берілетін 4 мың теңге  субсидия тым аздық етеді. Бұл турасында тиісті орындарға ұсыныс айтылғанымен әзірге жауап жоқ.

– Былтыр асыл тұқымды субсидиялау ережесіне өзгерістер енгізілгенде, мал басына төленетін субсидия мөлшерін де көбейтуді сұрағанбыз. Жасыратыны жоқ, соңғы 4-5 жыл ішінде мал басын асылдандыруды ынталандыру туралы нормативтер өзгерген жоқ. Ал мал азығының бағасы жыл сайын көтеріліп, жалпы мал ұстау қымбатқа түсіп жатыр. Алдағы уақытта өзгеріс болып қалар деп үміттеніп отырмыз, дейді Қарабалық аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ернар Өртембаев.

Баяғыда үлкендер қойдың жүнін өртеуге болмайды, малдың құты қашады деп отырушы еді. Бірақ қазіргі шопандар қойының жүнін амалсыз өртеуге мәжбүр. Сондықтан Алмат алдағы уақытта жүн өңдейтін цех ашқысы келеді.

– Біз де қазір құр босқа өртеп жатырмыз. Қылшық жүннің сапасы төмен. Бірақ  киіз басып, пима жасауға болады. Менің ойым – мемлекеттен грант алып жүн өңдеу цехын ашу. Өзімізде басы бос қаржы болмағандықтан, мемлекет қолдауына зәруміз.  Мұндай цех аша алсақ, Қарабалықта ала киіз бен қара пима шыға бастайды. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, дейді кәсіпкер.

 

Қостанай облысы