Мұндай жобалардың бірі – «Е-заң көмегі». Жоба адвокаттардың, заң кеңесшілерінің қызметін, олардың үдеріске қатысушылармен және басқа да мүдделі тараптармен онлайн режімдегі өзара іс-қимылын автоматтандыруға бағытталған. Аталған жүйеде қылмыстық сот ісін жүргізудің сотқа дейінгі сатысында мемлекет кепілдік берген заң көмегінің үдерістері автоматтандырылған. Ол үшін Бас прокуратураның «Е-қылмыстық ісімен» тиісті интеграциялар жасалған.
– Біз азаматтар мен адвокаттарға көмектесетін ақпараттық жүйе әзірледік. Бұл көмек көрсетілуге тиіс адамдарға қандай адвокат нендей көмек көрсеткенін тіркейтін жүйе. Сондай-ақ қазір заң кеңесшілері деген ұғым бар. Осы жылдың бірінші тоқсанында бұл жүйені мобильді қосымша арқылы кеңес алуға болатындай етіп жетілдіреміз. Авторизация мен қол қою үдерістері Face ID арқылы жасалғанын қалаймыз, – дейді Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.
Оның айтуынша, азамат белгілі бір адвокатты немесе заң кеңесшісін таңдарда адвокаттардың, заң кеңесшілерінің рейтингіне назар аудара алады. Сондай-ақ азаматтар 1414 байланыс орталығы арқылы да заңгерлік кеңес ала алатынын ұмытпайық.
Digital Justice жобаларының бірі «МИБ-ті цифрландыру» деп аталады. Аталған қанатқақты жобаны 2023 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Жоба тұрғындардың қолтаңбаларын жинау үдерісін автоматтандыруға, дауыстарды, кворумды автоматты түрде санауға, кейіннен мүлік иелері бірлестігін тіркеу үшін электронды хаттаманы қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– МИБ төрағасын тіркеу онлайн режімде жүргізіледі. Азаматтар мобильді қосымша арқылы өздеріне ыңғайлы жолмен, яғни биометрия немесе электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қояды, – деп нақтылады вице-министр.
Сол секілді адвокат немесе нотариус лицензиясын алу үдерісі де цифрландырылады. Бұл қызметтер «Аттестаттау реинжинирингі» жобасы аясында мүмкін болмақ. Осының нәтижесінде аумақтық әділет органдарында комиссиямен бетпе-бет әңгімелесу алынып тасталады. Оның орнына компьютерлік тестілеуден және ситуациялық кейстерден өту қарастырылған. Қанатқақты жобаны осы жылдың бірінші тоқсанының соңында іске қосу жоспарланған.
– Қазір адвокат, нотариус, сот сарапшысы немесе жеке сот орындаушысы лицензиясын алу үшін бірнеше кезеңнен өтеді. Оның үстіне нәтиже теріс болған жағдайда, кем дегенде үш айдан кейін екінші рет тапсыруға мүмкіндік алады. Бұл үдеріс толығымен цифрландырылмақ. Тағылымдамадан кейін бірден компьютерде онлайн тест, кейс сұрақтарына қатысты сынақ тапсыруға және бірден лицензия алуға мүмкіндік береді. Егер азамат тестті тапсыра алмаса, онда бір аптадан кейін екінші мүмкіндік ұсынылады, – деді Б.Молдабеков.
Қазіргі уақытта 53 мемлекеттік қызметтің жартысынан көбін egov Mobile мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Яғни 28 мемлекеттік қызмет, 13 сервис және 5 цифрлық құжат қолжетімді. Осы орайда egov.kz сайтында барлық қызмет электрондық форматқа көшірілгенін атап өткен жөн.
– Әділет министрлігі мұнымен шектелмей мемлекеттік қызметтерді мобильді қосымшаларға көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде бірқатар қызмет банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді екенін атап өткен жөн. Мәселен, Halyk Homebank арқылы некені тіркеу, Bereke Bank-тің B-Business мобильді қосымшасы арқылы жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу, Kaspi.kz және Halyk Homebank арқылы баланың туу туралы куәлігін алу, Halyk Homebank арқылы заңды тұлғалар мен жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер алу қызметтері қолжетімді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, – деді ол.
Б.Молдабековтің айтуынша, мемлекеттік қызметтер проактивті және композиттік форматта көрсетіледі. Қазіргі уақытта ата-анасының келісімі бойынша бала туғаннан кейін бір тәулік өткен соң куәлік беруді көздейтін баланың тууын тіркеу, жылжымайтын мүлік иесінің мекенжайын автоматты түрде өзгерту қызметтері проактивті форматта қолжетімді.
– Сол секілді жаңа жылжымайтын мүлік иелеріне коммуналдық қызметтермен шарттар жасасу тәртібі оңтайландырылды. Композиттік форматта Blockchain технологиясын қолдана отырып, банктік кепіл және сатып алу-сату шарттарын тіркеу, Отбасы банкінің www.gosreestr.kz сайты арқылы жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау, тұрғын үйлерді жекешелендірудің электрондық шарттарын ресімдеу қолжетімді. Сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін банктердің ақпараттық жүйесімен интеграциялауды тираждау жұмыстары жүргізілуде, – деді вице-министр.