– Жылдың басында өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітілді. Сол карта бойынша 950 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына – 231,3 мың адам, Мемлекет басшысының «10 мың халыққа 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 341,8 мың адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына 320,4 мың адамды орналастыру көзделіп отыр, – деді вице-министр.
Спикердің айтуынша, қазірдің өзінде аталған бағыттар бойынша 117 мыңнан аса азамат жұмысқа тұрған. Сонымен қатар жиында министрлік өкілі елдегі жұмыссыздардың нақты санын айтты. Ресми статистика деректері бойынша, елімізде 456 мың жұмыссыз тұлға, 2,1 млн өзін-өзі жұмыспен қамтушы бар.
Брифингте жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі барлық шараны жұмыспен қамту орталығына келіп жүрмей, Электронды еңбек биржасы – Enbek.kz. порталы арқылы да қашықтан ала алатыны айтылды. Сондай-ақ журналистер сұрағына орай кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тетіктері – бизнес-идеяларды құруға және дамытуға 2,5% гранттар мен шағын кредиттер беру туралы мәліметке қанықтық.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде бизнес идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға бірінші лек бойынша өтінімдер қабылдау басталды. Бірінші ағын аясында 2,6 мыңға жуық грант беру жоспарланып отыр. Жалпы, 2023 жылы 9 мың адам грант алады. Оған 12,4 млрд теңге қарастырылған», деді О.Ордабаев.
О.Ордабаевтың айтуынша, грант сомасы 400 АЕК-ке дейін болады, ал оған халықтың әлеуметтік осал санаттары қатыса алады. Оған қатысуға өтінімді business.enbek.kz порталы арқылы онлайн режімде рәсімдеуге болады.
– Әсіресе жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін биыл 2,5% жеңілдікпен несие беру тетігі іске қосылды. Оған 29 млрд теңге бөлінді, бұл 5,8 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Қарыздың ең жоғары көлемі – 5 млн теңге. Несие беру мерзімі мал шаруашылығын қоспағанда, кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін болуы мүмкін. Ал қызмет бағыты үшін 7 жылға дейін болады, – деді вице-министр.
Кредиттер конкурстық комиссияның шешімі негізінде «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы беріледі. Халықтың жекелеген санаттары үшін арнайы жобалар да қарастырылған. Ал «Күміс жас» жобасына қатысты сауалға орай вице-министр біршама өзгеріс енгізілгенін жеткізді.
– Зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту үшін «Күміс жас» жобасына өзгерістер енгізілді. Мәселен, жобаға қатысушылардың жасы 50 жасқа дейін төмендетілді және олардың жалақысын субсидиялау мерзімі 3 жылға дейін ұлғайтылды. Бұған қоса мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру тетігі қайта қаралды. Жұмыс берушілерге жұмыс орнын ұйымдастыру үшін 300 АЕК-ке дейінгі мөлшерде шығындар өтеледі. Бұл ретте мемлекет 3 жыл ішінде жұмысқа орналастырылған адамдардың жалақысын да субсидиялайды, – деді ол.
Ал жұмыс тәжірибесі жоқ жастар үшін «Жастар практикасы» және «Бірінші жұмыс орны» жобаларын іске асыру жалғастырылатын болды.
– Мобильді оқу орталықтары мен мобильді жұмыспен қамту орталықтарын ұйымдастыру арқылы шалғайдағы елді мекендерді қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар ерекше назар аударуға лайық. Арнайы жабдықталған жылжымалы оқу орталықтары қысқа мерзімді курстарға қолжетімділікті, практикадан өту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Қазір олар еліміздің 6 өңірінде бар. Мәселен, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау өңірлерінде қолжетімді, – деді спикер.
Мобильдік жұмыспен қамту орталықтары халықты жұмыспен қамту шаралары туралы хабардар етуді арттыру, сондай-ақ кейіннен жұмысқа орналастыру үшін ұйымдастырылған. Жыл соңына дейін барлық өңірге 2,9 мың маман бару жоспарланып отыр.