Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Атырау облыстық экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Мельс Ақылбаевтың мәліметіне сүйенсек, былтыр жеке және заңды тұлғалардан 669 арыз түскен. Күдіктілерге қатысты қозғалған 32 қылмыстық істің басым бөлігінен құлқын қамын күйттеу әрекеті байқалады. Жемсауы бүлкілдеп тұратын жемқорлар бюджет қаржысын жымқыру, нақты орындалмаған жұмысқа шот-фактура беру, сондай-ақ салық төлеуден жалтару үшін заңсыз іспен айналысқан. Осындай қылмыстардан келтірілген залалдың жалпы сомасы 5,8 млрд теңгені құрап отыр.
«Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушыға, оның орынбасары мен бөлім бастығына, техникалық қадағалау мен мердігерлік ұйымның басшылығына қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру дерегімен қылмыстық іс қозғалған еді. Олар дәрігерлік амбулатория, спорт мектебі секілді төрт әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген 467 млн теңгені жымқыру күдігімен ұсталды. Қазір сотта 8 айыпталушының ісі қаралып жатыр», – дейді М.Ақылбаев.
Ал «Жылыойсу» КМК-ның бұрынғы директоры Қылмыстық кодекстің үш бабын өрескел бұзған. Оған монополистік қызмет, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті жылыстату, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бойынша айып тағылған. Нақтылай айтқанда, Құлсары қаласын сумен қамту қызметіне монополиялық жоғары баға белгілеген. Бұған қоса кәріз жүйесі мен магистралдық желілерді жөндеу жұмыстары кезінде 126 млн теңгені ұрлап, заңсыз айналымға енгізген. Сот осындай заңсыз әрекеттерді жасаған бұрынғы директорды кінәлі деп танып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Енді ол өмір бойына материалдық жауапкершілігі бар мемлекеттік мекемелерде қызмет атқара алмайды.
«Сот қарауында осыған ұқсас тағы бір қылмыстық іс бар. Бұл – «Аурум» компаниясының директоры мен екі сыбайласына қатысты қылмыстық іс. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 197, 218-баптарында көзделген талапты бұзғаны үшін айыпталған. Ал сұйытылған мұнай газын сақтау паркінің бас директорына қатысты Қылмыстық кодекстің 221 және 218-бабымен қозғалған іс сотта қаралып жатыр. «Жеке компания белгілеген жоғары тариф аймақтағы газ бағасына тікелей әсер етті. Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағынан шығарылмаған газдың бір тоннасы 19 мың теңгеге дейін көтерілген. Компания осындай заңсыз әрекеттің салдарынан 2,4 млрд теңге көлемінде кіріс тапқан. Қазір заңсыз кіріс толығымен мемлекетке қайтарылды», деп мәлім етті М.Ақылбеков.
Өткен жылдың соңында Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы директоры мен мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданған. Олар төрт эпизод бойынша «Мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы» жобасын жүзеге асыру кезінде лауазымды өкілеттіктерін асыра пайдаланып, 2,9 млрд теңге зиян келтіру күдігіне ілінген. Осы іс бойынша 256 млн теңге мен 13 млн АҚШ доллары бұғатталған.
Тағы бір дерекке тоқталар болсақ, жеке компанияның бизнес-менеджері мен сыбайласы 2017-2019 жылдар аралығында ұйымдасқан топқа қатысу, салық төлеуден жалтару, жалған шот-фактураларын пайдалану дерегімен ұсталған. Сот үкімімен күдіктілер тағылған айыпқа сәйкес кінәлі деп танылған. Олардан 195 млн мен 31 мың АҚШ доллары тәркіленді.
Департаменттің басқарма басшысы Бекболат Әнесовтің айтуынша, «Азия ТЭГ» және «Еуро-Азия ТЕМП» ЖШС директорына қатысты Қылмыстық кодекстің 197-бабымен қылмысты істі тергеу аяқталған. Тергеу кезінде серіктестік басшысының 2021 жылы Жылыой ауданының аумағынан шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз 3099,6 тонна дизель отынын сатып алып, оны Маңғыстау облысына тасымалдағаны анықталған. Сөйтіп, дизель отынын 796 млн 500 мың теңгеге сатып, заңсыз пайда тапқан. Сол жылы әлгіндей жолмен 2938,2 тонна дизель тағы да Маңғыстау облысына тасымалдап, 990 млн 600 мың теңгені қалтасына басқан.
«Біздің негізгі міндетіміздің біріне заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың жолын кесу де жатады. Заңға қайшы осындай әрекетке байланысты үш дерек тіркеліп, кінәлілер ісі сотқа жолданды. Мәселен, 2021 жылдың тамызынан былтырғы маусым аралығында Атырау қаласында орналасқан монша ғимараты мен пәтерде заңмен тыйым салынған құмар ойынды ұйымдастырушылардың қылмыстық әрекеті әшкереленді. Осыған ұқсас құмар ойынның ұйымдастырушылары Құрманғазы ауданынан да ұсталды. Кінәлілердің бәрі сот үкімімен тиісті жазасын алды», дейді Б.Әнесов.
Оның дерегіне қарағанда, банкроттықты әдейі жасайтындар да жазадан құтылмаған. Мәселен, «Динислам» ЖШС-ның бұрынғы басшысына қатысты әдейі банкроттық дерегімен қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданып отыр. Бұл күдікті 2018-2021 жылдары серіктестікті төлем қабілетсіздігіне дейін жеткізу үшін теңгерімдегі автокөлік құралы мен мүліктік масса болып табылатын есепшоттағы қаржыны иеліктен шығарған. Сөйтіп, 49 млн теңге салық түріндегі кредиторлық берешегін төлемей, серіктестікті әдейі банкроттыққа ұшыратқан.
«Сотқа дейінгі тергеу кезінде сұйытылған газды ауыстырып тиеу, қабылдау, сақтау, құю, өткізу қызметтерінің бағасы литріне 19-дан 7 теңгеге дейін, яғни тоннасына 60 пайызға төмендеді. Ал «Жылыойсу» КМК қызметінің бағасы 54 пайызға арзандады. Ең ірі аудандағы 80 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтитын кәсіпорын мемлекеттік меншікке қайтарылды. Шығынды өтеудің жалпы сомасы 494,5 млн теңгені құрады», дейді Б.Әнесов.
Алтын көріп, тура жолдан тайған періштенің кейпіндегі жемқорлар осындай жымысқы әрекетпен қалтасын толтырмақ болған. Алайда экономикалық тергеу департаментінің қырағы қызметкерлері заңсыз табыс тауып, құлқын қамын көбірек күйттейтіндердің жолын кесті.
Атырау облысы