Қазақстан • 23 Ақпан, 2023

Құтқарушылар ерлігі

521 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркияға көмекке кеткен Қазақстан құтқарушылары қирандылар астында қалған 7 адамды құтқарып, 200-ден астам жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсеткен. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында олар табиғи апат аймағындағы іздестіру-құтқару жұмыстарының барысы, кинологиялық есептеулер және Апаттар медицинасы орталығының қызметі туралы айтып берді.

Құтқарушылар ерлігі

Құтқарушылар тобына жетек­­­шілік еткен Төтенше жағ­­­дайлар бірінші вице-ми­нистрі Ибрагим Күлшімбаев Түр­киядағы іздестіру-құтқару жұмыстары жоғары психоэмоционалды жүктеме жағдайында жүргізілгенін айтты.

– Іздестіру-құтқару жұмыс­тарын жүргізудің қиындығы мынада: төрт қабатты плиталар­дың бірінші қабат пен тұрақ ара­сындағы қашықтығы 25-30 см-ден аспайды. Жұмыс жүргізуге күннің суықтығы, афтершоктар да кедергі болды. Бүкіл кезең бойы іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Сонымен қатар жұмыс қаза тапқандардың көптігінен және төтенше жағдай аймағында олардың туыстары мен жақын­дарының болуымен байланыс­ты жоғары психоэмоционалды жүктеме жағдайында жүргізілді, – деді Ибрагим Күлшімбаев.

Қазақстан ТЖМ тобына Газиантеп қаласының Ибрахи­мили ауданындағы екі нысан (толығымен қираған екі тоғыз қабатты үй, жеті қабат­ты үй, жартылай қираған алты қабатты үй), Нұрдағы қала­сын­дағы (толығымен қираған алты қабатты үй), Хатай қала­сында (толығымен қираған алты қабатты үй) бекітілген. Құт­қару­шыларға Түркия Респуб­ликасының жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттері көмек­тескен. Олар волонтер-аудар­машы ретінде қызмет атқар­ған. Ал Қазақстаннан бар­ған дәрігерлер зардап шек­кен тұр­ғындарға тәулік бойы бі­лікті медициналық және пси­хологиялық көмек көрсеткен.

– Жұмыс кезеңінде 200-ден астам жергілікті тұрғын мен құтқарушыға, оның ішінде 30-ға жуық балаға медициналық көмек көрсетілді. Түркияда жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жұмыс істеген 10 дәрігердің үшеуі – әйел, – деді вице-министр.

Құтқару жұмыстары кезін­дегі кинологиялық топтың жөні бір бөлек. Ибрагим Күл­шім­баевтың айтуынша, олар өздерінің жоғары біліктілігін көрсеткен. Орталық коммуникациялар қызметі алаңына кинолог-нұсқаушымен бірге Мирта атты неміс овчаркасы келді. Мирта Түркияда үйінділер астында қалған 3 адамды тапқан. Сондай-ақ бельгиялық малинуа овчаркалары Джейкоб, Лига М Сириус және Аксель, лабрадор Чарли Кинг, Гринпис есімді бордер колли, кинолог-нұсқаушылармен және құтқарушы жасақтармен бірге бірнеше күн бойы қираған нысандарда жұмыс істеп, әр адамның өмірі үшін күрескен. Осылайша, ТЖМ-нің Түркияда жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында алға қойылған міндеттері толық көлемде орындалған.

Президент тапсырмасымен Түркияда болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жою­ға көмектесу үшін ТЖМ Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қарағанды облыс­тары­ның құтқарушылары тартыл­ған. Сондай-ақ табиғи апат ай­мағына 55 тонна көлемін­де гу­манитарлық көмек жеткі­зіл­ді. ТЖМ атынан ардагерлер кеңесінің мұрындық болуы­мен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 10 киізүй жіберілген.

– Түркия Республикасының AFAD жер сілкінісі салдарын жою дағдарыс орталығы және Қазақ­станның Түркия Республикасындағы елшілігімен келісім бойынша 17 ақпанда барлық нысандарда ТЖМ күш­терімен іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, – деп мәлімдеді Ибрагим Күлшімбаев.

Бауырлас елге көмек көр­сетіп, ерлік танытқан құт­қару­шылар марапатталып, ТЖМ атынан қаржылай сыйақы беріледі.