Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өңіраралық диспропорциялар қазіргі кездегі маңызды және басты мәселелердің бірі болып табылатынын айта келіп, Мемлекет басшысы заңнамалық деңгейде бюджетаралық қатынастарды теңестіру үшін түбегейлі реформалауды тапсырғанын атап өтті.
– Бізге Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру туралы ауқымды міндет қойылып отыр. Бұл – ең алдымен, бюджетаралық қатынастарымыздың халқымыз үшін кепілдік беретін мемлекеттік қызметтердің қажеттіліктеріне шын мәнінде жауап беруі және бүгінгі таңдағы өңірлерді дамытудағы диспропорцияларды барынша азайту, – деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин сенаторларға өңірлердің кіріс базасын кеңейту жөнінде жүргізілген жұмыстар туралы айтып берді. Осылайша, 2023 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге салық түсімдерінің қосымша түрлері тапсырылды. Бұл – 2025 жылға қарай өңірлердің кірістерінің өсімін 47 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Юлия Энгель баяндамасында саланың негізгі мәселелері: жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджеттен субвенцияларды пайдалануына мониторинг және бақылау тетігінің болмауы, бюджетаралық трансферттерді бөлу тетігінің ашықтығы және басқа да мәселелер туралы айтты. Ол осыған байланысты жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу функцияларын автоматтандыруды ұсынды. Бұл – бастапқы деректерді, көрсеткіштер мен коэффициенттерді пайдалануға әсер ететін «адам факторын» азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі баяндама жасады.
Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келіп, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөніндегі жұмыстың жалғасатынын айтты. Сонымен қатар кездесу барысында бірқатар ұсыныс берілгенін және олардың кейін жаңа Бюджет кодексін әзірлеу жөніндегі жұмыстар аясында әзірленетінін және көрініс табатынын атап өтті.