Ел аузындағы әңгімелер көлдегі тұздың қорын 6,5 - 7 млрд тоннаға дейін жеткізеді. Жазда қабыршықтанып мұз сияқты болып қатып жататын тұздың беті кез келген ауыр техниканы көтереді.
Көлдің әр жерінде аумағы әртүрлі болып келетін үлкенді-кішілі шұңқыр көп. Кәдімгі табиғи ванна сияқты. Келген жұрт осы шұңқырлардағы тұзды суға шомылып емделеді. Қысымы жоғары болғандықтан, суға түскен адам батпайды. Қаратұздың басына жылына шамамен 5 мыңдай адам келіп, апталап жатып ем алып, демалып кетеді екен.
– Инвестор іздеп жатқанымызға біраз жыл болды. Келгісі келетін кәсіпкерлер бар, бірақ көбі жолдың шалғайлығынан, инфрақұрылымның жоқтығынан тайсақтайды. Көлдің тұзын айтпағанда, суының өзі тері ауруларына, жараға, түрлі дертке тигізер шипасы мол. Былтырдан бері Ақкөлге қарай жол салына бастады. Жол құрылысы биыл да жалғасады деген үміттеміз. Бұл шалғай ауыл үшін ең маңызды нәрсе ғой. Ақкөлге 11 шақырым жетпей шипалы ыстық суымыз бар. Арғы жағында да тарихи көне ескерткіштер көп. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы кесенесінің өзі неге тұрады? Осының бәрінің басын қосып жосықты жоба жасап, тарих тұнған өңірде агротуризмді дамытар болсақ, сол жергілікті жердің өнімі өтеді. Келген адамдар осы елдің бұқпасын, етін, бауырсағын жеп, қымызын ішеді. Солар тұрғызған үйге жатып демалады, – дейді аудандық кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Бақытжанқызы.
Кезінде Қаратұзды бірнеше мәрте зерттеп, сараптама жүргізген геолог мамандар көлге йодталған дайын таза тұз тұнып жатыр деген қорытындыға келген. Жұрттың айтуынша, көлдің тұзы тоқсаныншы жылдарға дейін мал шаруашылығына да пайдаланылған. Тұзшылар әр малшыға бір-бір машинадан апарып аударып береді екен. Малшы оны қыстай малдың алдына қояды. Тұздың қотырға, аусылға, неше түрлі ауруға ем-шипасы бар.
Кейін Қостанайдан келген кәсіпорын қаратұздың басында 5 жылдай тұз өндіріпті. Бірақ жер – шалғай, тұз – ауыр, логистика қымбат болғандықтан өндіріс орны жабылып қалған.
Жергілікті тұрғындар аталарымыз кезінде Қаратұзға түйе шөгеріп қотырын жазады екен, сона, шыбыннан қашқан жылқы да осы көлдің үстіне келіп тұрады дейді.
– Қаратұзға әсіресе короновирус індеті өршіп кеткен кезде жұрт қаптап кетті. Алдыңғы жылы көлге жақын жерде шөп шауып жүр едім. Төменгі Тағылдан екі отбасы келіп жатыр екен. Бірі – орыс, екіншісі – саха ұлтының өкілдері екен. Күн жанып тұр, бер жағындағы суға түсіп алып, жандарына бардым. Әлгі азаматтар сонау мың-мың жарым шақырым жерден жыл сайын келіп тұрады екен. 10 күн осында боламыз дейді. Аяғы ауырған екен, осы біздің ыстық суымыз бен тұзымыздан жазылыпты. Өзімнің білуімше, бұл тұздың ентікпеге, тамақ ауруларына шипасы мол. Қаратұздың бір түйірін құрт сияқты сорсаң, тамақтағы неше түрлі ауруды жоқ қылады. Мұны енді білмей отыр ғой. Әйтпесе, осы көлдің басына талай дәрігерлер де келіп-кетіп жүр ғой. Бұл – Орқаштың тұзынан да сапалы. Алдағы уақытта көлдің игілігін бүтін ел болып көретін күн туатынына сенімдімін, дейді Ақкөл ауылының тұрғыны Манат Уәлин.
Қостанай облысы