
Қазақстан Украинадағы дағдарысты саяси жолмен реттеу бойынша Қытай Халық Республикасының ұстанымын құптай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттары негізінде мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігі негізінде қантөгісті тоқтатуға көмектесу ретінде қолдауға лайық екенін білдіреді. «Біз бұл мәселені халықаралық құқық пен БҰҰ қағидаттары негізінде бейбіт жолмен шешу ұстанымына балама жоқ деп санаймыз», делінген СІМ хабарламасында. Сонымен қатар ведомство Қазақстан әскери қақтығысқа қатысушы тараптардың ізгі ниет танытуын, ұрыс-қақтығысты тоқтатып, келіссөз үстеліне отыруын, ал әлемдік қоғамдастықтың жағдайды барынша дипломатиялық жолмен шешуге үлес қосуын жақтайтынын мәлімдеді. «Қазақстан Қытай Халық Республикасының Жаһандық қауіпсіздік бастамасының тұжырымдамасында айқындалған біздің мемлекеттеріміздің бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді шешуінің ұқсастығын атап өтеді», делінген мәлімдемеде.
Ал Бейжіңнің бітімгершілік жоспарының қақтығысты шешу бойынша ұсыныстары бар құжатта, атап айтқанда, қырғи-қабақ соғыс менталитетінен бас тарту, бейбіт келіссөздерді қайта бастау және біржақты санкцияларды тоқтату қажеттігі айтылған. Нақтырақ айтсақ, «Барлық елдің егемендігін құрметтеу; Үлкен немесе кіші, күшті немесе әлсіз, бай немесе кедей екеніне қарамастан, барлық ел – халықаралық қауымдастықтың тең мүшелері; Қырғи-қабақ соғыстан бас тарту қажет. Елдің қауіпсіздігі басқалардың есебінен қамтамасыз етілмеуі керек; Әскери қақтығыс қимылдарын тоқтату қажет. Қақтығыстар мен соғыстар ешкімге пайдалы емес. Барлық тарап осы бағыттағы жұмыста Ресей мен Украинаны қолдауы керек; Бейбіт келіссөздерді қайта бастау қажет. Украина дағдарысының шешімі – диалог пен келіссөздер; Гуманитарлық дағдарысты шешу керек. Гуманитарлық көмек көлемін ұлғайту және гуманитарлық жағдайды жақсарту үшін күш салу қажет; Бейбіт тұрғындар мен әскерилерді қорғау қажет. Атап айтқанда, тараптар халықаралық гуманитарлық құқықты қатаң сақтауы, бейбіт тұрғындарға немесе азаматтық нысандарға шабуыл жасамауы, әйелдерді, балаларды және басқа да жанжал құрбандарын қорғауы және әскери тұтқындардың негізгі құқықтарын құрметтеуі керек; Атом электр стансаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Қытай атом электр стансалары мен басқа да ядролық қару шабуылдарына қарсы, стратегиялық тәуекелдерді азайту керек. Ядролық қаруды қолдануға болмайды. Ядролық қарудың таралуы мен ядролық дағдарыстың алдын алу қажет; Астық экспортын дамыту керек. Барлық тарап Ресей, Түркия, Украина және БҰҰ астық бастамасын толық және тиімді түрде жүзеге асыруға тиіс; Біржақты санкцияларды тоқтату керек. Олар мәселені шеше алмайды. Олар тек жаңа мәселелер тудырады; Өндіріс тізбегі мен жеткізу тізбегінің тұрақтылығын сақтау керек. Қытай жаһандық экономиканы саяси мақсаттағы құрал немесе қару ретінде пайдалануға қарсы; Соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына көмек беру қажет. Халықаралық қауымдастық қақтығыс аймақтарын қалпына келтіруді қолдау үшін шаралар қабылдауы керек. Бұл мәселеге Қытай тарапы көмектесуге дайын», делінген ҚХР ұстанымында.