Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Бұрынғылардың «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөзінің рас екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Таяуда дәл осындай жағдай тағы қайталанды. Жапонияның бас шаһары Токиода өткен Олимпия ойындарында ерекше өнерімен дараланып, қола жүлдеге қол жеткізген ауыр атлет Игорь Сон допингпен ұсталып, абыройымызға тағы нұқсан келтірді.
Қоғамды елең еткізген жаңалық әлеуметтік желіде де кең тарап, қолданушылар арасында қызу талқыланып жатыр. Жанкүйерлердің көбі допингпен ұсталған спортшыларға аяушылық танытпай, ауыр жаза тағайындау керек деп есептейді. Тіпті мемлекеттен берілген барлық сыйақыны түгелімен бюджетке қайтаруға тиіс екенін айтып жатыр.
Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралиновтің айтуынша, Игорь Сон мен тағы бірнеше спортшының қанында тыйым салынған препараттың бар екені Қазақстан Ұлттық допингке қарсы орталығында анықталған соң, бұл нәтижелер федерация мен ұлттық құраманың басқа да өкілдеріне кері әсерін тигізбейді. Алайда ереже бұзған спортшылар Бүкіләлемдік антидопинг агенттігінің (WADA) Кодексіне және Халықаралық ауыр атлетика федерациясының допингке қарсы ережелеріне сәйкес 4 жылдан 8 жылға дейін жарыстардан шеттетіледі.
– Спортшыларды жарыстан тыс допингке тексеру олар қатысқан халықаралық додалардан кейін, яғни алты ай өткен соң қабылданады. Сондықтан бұл жерде спортшылардың әлемдік додадағы нәтижелерін жою немесе медальдарын қайтару туралы мәселе туындамайды. Әсіресе И.Сонның Олимпиада жүлдесіне және мемлекеттен алған сыйақысына қатысты екенін ерекше атап өткім келеді. Федерация допингтің кез келген көрінісіне нөлдік төзімділік қағидат ұстанады. Біз ұлттық құраманың барлық өкілінен халықаралық жарыстардың қарсаңында және әлемдік додалардан кейін допинг сынама алып отырамыз, дейді А.Нұралинов.
Сонымен қатар бас хатшы бұл тексерістер ең алдымен спортшыларымыздың халықаралық додаларда ереже бұзбауы үшін қажет екенін айтады. Өйткені WADA ел спортшыларынан шетелдік жарыстарда үш және одан да көп артық тәртіп бұзғанын анықтаған жағдайда, олар бүкіл команданы жарыстан шеттетуі мүмкін.
Спорт журналисі Руслан Меделбек спортшылар арасында мұндай тексерісті жиі өткізіп тұрған дұрыс деп есептейді. Сондай-ақ ол допинг сынамалар алатын орталық тәуелсіз және ешбір нәтижені жасырып қала алмайды дейді.
– Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі ауыр атлетика федерациясындағы допинг дауы арнайы тапсырыспен жасалып отыр дегенге саяды. Бірақ бұл жерде мына нәрсені түсіну керек. Қазақстанда допинг сынама алатын орталық тәуелсіз жұмыс істейді. Олар допинг сынаманың нәтижесін жасырып қала алмайды, егер мәліметтерді жасыратын болса, онда біз Ресейдің кебін киеміз. Өздеріңіз білетіндей, Ресейдің антидопинг орталығы (РУСАДА) Сочидегі сынамаларды жасырғаны үшін лицензиясынан айырылды. Ал Қазақстанда допинг сынамасын алатындар ешкімнің атақ-даңқына қарамай өте әділ жұмыс істеп жатыр. Мысалы, біз кез келген бір зертханаға барып қан тапсырдық дейік, қанда не барын, қандай сырқатымыз бар екенін жасырып қалмай, бәрін көрсете салады ғой. Біздегі допинг орталығы да сол жолмен жұмыс істейді. Қайта осындай спортшыларда допинг бар екенін ерте бастан анықтап, дұрыс істеп жатыр, – дейді спорт сарапшысы.
Спорт әлемінде 2014 жылы бағы жанып, ауыр атлетикадан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанған Жасұлан Қыдырбаевтың басынан да допинг дауы айналып өткен жоқ. 2015 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлде алған отандасымызға 2016 жылы допинг қолданды деген айып тағылып, бүкіл атағынан айырылған-ды. 8 жылға спорттан шеттетілген отандасымыздың жазасы биыл күзде аяқталады.
– Бұл жайсыз жаңалықты естігенде аспаннан жай түскендей әсерде болдым. Мен ешқашан рұқсат етілмеген дәрі-дәрмекті қолданған емеспін. Өзімнің таза спортшы екенімді дәлелдеу үшін Халықаралық соттың да көмегіне жүгіндік. Өкінішке қарай, бұл әрекетімізден еш нәтиже шықпады. Осылайша, Олимпиадада атой салсақ деген асқақ арманымызбен біржола қош айтысуға тура келді. Әрине, бұл жерде спортшыларды кінәлай салу оңай. Бірақ ешкім біздің жан дүниемізді түсінгісі келмейді. Көбісі спортшы болу оңай, тіпті біздің өмірімізді рақат деп ойлайды. Әрбір істің өзіне сай машақаты бар екенін олар түсіне бермейтін сияқты. Бозбала шағымыздан спортты жанымызға серік етіп, бүкіл өмірімізді осы салаға арнағанбыз. Осы күнге жеткенге дейін қаншама тер төгілді, ет жақындарымызды, туыстарымызды жылдап көрмей, жаттығу залынан шықпадық. Көп спортшы ел намысы үшін денсаулығын құрбан етіп жатыр. Айта берсең, ақталғандай боласың. Барлығымыздың спортқа келгендегі мақсатымыз байрақты додаларда ел намысын қорғап, халқымызды қуанту болатын, –дейді Ж.Қыдырбаев.
Қазақ спортының тарихына зер салар болсақ, елімізде ең көп допинг дауына ауыр атлетика спортшыларының ілінгеніне көз жеткіземіз. Мәселен, 2019 жылға дейін осы спортты жанына серік еткен 40-тан аса өреніміздің тыйым салынған препаратты қолданғаны анықталып, жарыстардан аласталған. Дәл сол жылдың қыркүйек айында Мәжіліс депутаттары «Дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдаған еді.
Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған заң жобасында спортшыны допинг қолдануға мәжбүрлеген я септескен жаттықтырушы, функционерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 200 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 500 мың теңге, 1 300 доллар) көлемінде айыппұл салынады деп көрсетілген.
Тіпті бұдан бөлек заң жобасында спортшы допингпен ұсталып, нәтижесі жойылса, Үкімет атлетке берілген ақшалай сыйақыны қайтарып алу, өзіне және бапкеріне мемлекеттен тағайындалған өмір бойғы материалдық төлемді тоқтатып, жарыстарда алған жарақаты үшін мемлекеттен алатын өтемақысынан айырылып, мемлекет берген тұрғын үйді қайтарып беру мәселелері нақты көрсетілсе де, ереже бұзатындардың қатары әлі күнге дейін азаймай тұр.
Спорт журналисі Бек Төлеуов осыдан үш жыл бұрын 2008 жылдан бері допингпен ұсталған Қазақстан ауыр атлеттерінің саны 40-тан асып жығылатыны туралы мақала жазғанын, қазір бұл көрсеткіш адам шошитын деңгейге жеткенін айтады.
«Спортшыларымыз қазір заңға да, спорт ережесіне де бағынып жатқан жоқ. Бұл – өте қиын жағдай. Қазіргі таңда бір ауыр атлет әлемдік жарыстан медаль әкелсе, оның жетістігіне қуануға тиіс болған жанкүйерлер допингпен ұсталып қалмай ма екен деп уайымдайтын жағдайға жетті. Қазақстан құрамасын ұзақ жылдар бойы баптаған Алексей Ни мен оның көмекшісі, марқұм Энвер Түркелери еліміздегі ауыр атлетика спортына көп еңбек сіңіргенімен, қызды-қыздымен біраз дүниені бүлдіріп кеткенін де айтуымыз керек. Олар атақ-даңқ пен ақшаға оңай жету үшін осындай лас әрекеттерге көп барды және бұл жоспарлары жүзеге асып, қазақ спортшылары Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жүлделерді күреп ала бастады. Бірақ қазақта «Көп асқанға – бір тосқан» деген сөз бар ғой. Енді, міне, соның зардабын тартып жатырмыз. Энвер Түркелери Болгария, Түркияда жұмыс істегенде де шәкірттері допингпен ұсталған. Оның дайындаған допингтерін Илья бастаған біраз атлеттеріміз ішіп, опық жеді. Бірақ өткеннен сабақ алмаған сыңайлымыз. Әлі күнге дейін допингпен ұсталып жатқандар бар. Сосын ауыр атлетика федерациясы мен соның айналасында талас-тартыс толастар емес. Тіпті кісі өлімі болса да, тәубесіне келмегендер бар. Әрқайсысы, өзінікін дұрыс деп санайды. Ал ақиқат – жалғыз. Сондықтан қазақ ауыр атлетикасы дұрыс жолға түсу үшін «балықты» басынан тазалау керек сияқты», дейді спорт шолушысы.
Спорт жанкүйері Дәурен Аликбаев болса бүкіләлемдік допинг агенттігі қорғаушысы жоқ спортшылармен күресіп кеткеніне наразы. Құзыретті орган өкілдері негізінен спортшылармен емес, допинг препараттарын өндіретін дәрі-дәрмек зауыттарымен күресуі керек еді деп есептейді.
– Кейде жаңалықтардан әлемде ғылым саласы қарқынды дамып жатқанын, түрлі жаңалықтар ойлап тауып жатқанын оқып қаламыз. Бірақ неге екені белгісіз, допинг мәселесіне келгенде ғылымның озық үлгісін байқай алмай жатырмыз. Спортшылардан допингті дәл уақытында таппаған соң, арада пәленбай уақыт өткен соң анықтағаны кімге керек. Демек, ғылым допингтен қалып бара жатыр деп қабылдауға болатын шығар. Меніңше, допингпен күресетіндер негізі спортшылармен емес, соны шығаратын дәрі-дәрмек зауыттарымен күресуі керек. Бірақ оған шамалары жетпейді. Ал олардың әлдері өздерін қорғай алмайтын спортшыларға ғана жетеді. Біле білсеңіз, дәріханадағы 90-95 пайыз дәрі – спортшы үшін допинг. Сонда нағыз допинг пайдаланатын кім? Сіз бен біз сияқты спортпен айналыспайтын жұрттың балалары, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, тау көтерген толағайларымыздың допинг қолдануы сөз басында айтқандай, ауру емес, әдетке айналып кеткен сыңайлы. Жер-жаһанның спортшылары ұран етіп айтып жүрген «Әлем таза спорт үшін» деген ережеге бағынбайтын спортшылар заңға да пысқырып жатқан жоқ. Бір басын кессе, екінші басы өсіп шығатын әлгі ертегідегі айдаһар секілді қанша жерден допингке қарсы күрес жүргізсе де, ебін тапқандар екі асап жей бермек...