Қоғам • 27 Ақпан, 2023

Жылумен қамтудың жаһандық тәжірибесі

301 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мамандар Екібастұз қаласының жылу электр орталығында ақаудың шығуына желілердің ескіргені себеп болғанын айтады. Ал халық жылу электр орталығына иелік еткен кәсіпкерге кінә артады. Осы оқиғадан соң, қазір Үкімет пен Бас прокуратура елдегі бірқатар ЖЭО-ны мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл істің дұрысы мен бұрысы – уақыт еншісінде. Ал біз тұрғын үйлерді жылытудағы әлем елдерінің тәжірибесін саралап көрелік.

Жылумен қамтудың жаһандық тәжірибесі

АҚШ-та Қазақстандағыдай қысы өте суық аймақтар бар, ал Канада өзінің қатал климатымен танымал. Бірақ Канада мен Құрама Штаттарда біздегі секілді тұрғын үйлер мен пәтерлерді жылытатын орталықтандырылған жылу желілері жоқ. Мұнда тұрғындар мемлекеттен көмек күтпей, жылу мәселесімен өз бетінше айналысады. Бұл мәселені әркім өзінің жеке қалауы мен қаржылық мүмкіндіктеріне қарай шешуге тырысады. Кейбір тұрғындар үйлеріне жылу қазандықтарын салса, енді бірі ыстық кондиционерлер мен газ қазандықтарын орнатқан.

Сонымен қатар америкалықтар мен канадалықтардың көпшілігі үй­і­­­­нің жертөлесіне су жылытатын газ қазандығын орнатып алған. Көппәтерлі үйлерде де жеке қазандық бар. Ал жеке секторлар сплит жүйелері, каминдер (әрбір америкалықтың үйінде бар), қатты отын түрлері пайдаланылатын қазандықтар, газды ауа жылытқыштары, кондиционерлер (бұл өте ыңғайлы, өйткені қыста олар бөлмені жылытып, жазда салқындата алады) секілді құралдарды пайдаланады. Алайда мемлекет елді бірнеше табиғи шикізатпен қамтып, тұрғындардың таңдауына мүмкіндік береді. Мәселен, елде көгілдір отын, электр энергиясы, көмір қолжетімді болуы қажет. Сонымен қа­тар жылудың балама түрлері де қолданылады.

Орталықтандырылған жылыту жүйесі жоқ елдердің енді бірі – Герма­ния. Бұл елде де үйді жылыту үй иесінің меншігіндегі мәселе. Онда тұрғын үйлерді жылытудың 10-нан аса әдісі бар, оның ең тиімдісі – көгілдір отын. Германиядағы пәтерлердің 47,8 пайы­зы газбен жылытылады. Одан соң мұнай қазандықтары қолданылады, бұл – елдегі жылытудың екінші кең тараған түрі. Соңғы жылдары Германия халқы күн батареяларын көптеп пайдалана бас­тады. Мұнда блокті жылу стансалары да бар. Олар энергияны тиімді пайдаланады, сондықтан сұранысқа ие, олар электр энергиясын да, жылуды да шығарады. Сондай-ақ жылу сорғылары, электр жылытқыштар, қазандықтар (үйлердің 13,5 пайызы немесе 5,5 млн пәтер қазан­дықтармен жылиды) пайдаланылады. Үйді ағаш отынмен де жылытады. Осылайша, Германия билігі тұрғындарға түрлі жылыту жүйесін ұсынып отыр. Үй иесі болса баспанасын жылытудың тиімді әдісін таңдап, пайдаланады. Германияның энергетика және су өнеркәсібі федералды одағының зерттеуі бойынша пәтер тұрғындарының 27 және коттедж тұрғындарының 34 пайы­зы жылытудың бірден бірнеше түрін орнатады. Мәселен, үйінің жертөлесінде газбен жылытатын қазандық орнатса, оған қоса суық күндері камин жағады.

Газды елдің оңтүстігіне қарағанда, солтүстігі мен орталығы көптеп пайдаланады. Мәселен, Берлиндегі пәтерлердің 15,3 пайызы газ қазандықтарымен жылытылады. Ал Баден-Буттенберг және Бавария штаттарының үйлерінде мұнай қазандықтары жиі орнатылады (тиісінше 41% және 39%). Негізі немістер үйлерінің қаншалықты жақсы оқшауланғанына көп көңіл бөледі. Зерттеушілер бір немесе екі отбасылық үйлердің иелері баспаналарына жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізетінін айтады. Онда көбінесе терезелер (39,4%) және жылу жүйесі (38,5%) жаңартылады. Өйткені ескірген жылыту жүйелері энергияны көп тұтынуға және ауаға CO2 көп таралуына әкеледі, осылайша қоршаған ортаны ластайды. Осыны ескерген неміс халқы алдымен үйлеріне жел, сыз өтпеудің амалын жасайды. Германияға қоныс аудар­ған тәуелсіз журналист, зерттеу­ші Светлана Ниберляйн неміс халқы­ның денсаулыққа аса мән беріп, тұрғын үйлеріндегі ауа температурасын реттеп, ғылыми негізде дәлелдегенін айтады. Оған сәйкес ауа температурасы бөлменің маңызына қарай бөлінуі қажет екен.

Қорыта айтқанда, әлем елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, еліміз­дегі жылу электр орталықтарын олигарх­тардың меншігінен алып, тұрғын­дардың қатысуымен құрылатын компания­лардың басқаруына беру қажет секілді деген ой туады. Өйткені бізде оған мүм­кіндік бар, жер қойнауы мұнай мен газға толы, электр энергиясынан да тапшылық көріп отырғанымыз жоқ. Оның балама түрлерін де қолдана бастадық, қара алтын – көмірді де өндіреміз.