Несие • 27 Ақпан, 2023

Шағын бизнестің несиеге сұранысы төмендеді

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық банк IV тоқсанда банктер арасында жүргізілген сауалдама қорытындысын жариялады. Сауалдамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Шағын және орта бизнеске несие беру шарттарының қатаңдауына байланысты бизнес тарапынан кредитке сұраныс төмендеген. Несие шартының қатаңдауы сыйақы мөлшерлемесінің өсуіне байланысты болып отыр.

Шағын бизнестің несиеге сұранысы төмендеді

Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департамен­ті­нің директоры Олжас Ку­бен­баевтың айтуынша, ша­ғын бизнес тарапынан кредитке деген сұраныстың төмен­деуі, әсіресе ірі банктерде байқалды. Респонденттер ша­ғын бизнес тарапынан сұра­ныс­тың төмендеуін кредит­тік ресурс­тар құнының өсуі­мен байланыстырады. Деген­мен жекелеген банктер­де ско­рингтік кредиттік өтінімдердің саны өсе түскен. Бұл жағдай жүйе бойынша кредит өтінімдерінің жалпы санын көбейтуге түрткі болды.

Мәселен, есепті тоқсанда шағын бизнес бойынша несие өтінімінің жалпы саны 512 мыңға дейін, т/т-ға (тоқсаннан тоқ­санға) 23%-ға өсті, ал өті­нім­­нің орташа мөлшері 22,5 млн теңгеге дейін, 13%-ға азайды.

Орта кәсіпкерлік субъек­тілері тарапынан кредиттік өтінімдер саны 5,4 мыңға дейін, т/т 22%-ға өсті. Өтінім­нің орташа мөлшері 274 млн теңгеге дейін, 9%-ға көбейді. Шағын бизнеске ұқсас, орта кәсіпкерлік субъектілерінен түскен өтініштер санының негізгі өсімі скорингтік үлгі­лер бойынша жекелеген банктердің қамтамасыз етіл­меген кредит өнімдерімен байланысты. Көптеген банк­терде ірі бизнестің сұранысы өзгерген жоқ, бірақ несие өтінімі артты. Сөйтіп, ірі бизнестегі кредиттік өтінім саны 211-ге дейін, т/т 35%-ға, ал өтінімнің орташа мөлшері 6,7 млрд теңгеге дейін, 14%-ға өсті», дейді Олжас Кубенбаев.

Шағын және орта бизнес клиенттері үшін кредиттеу шарттарының қатаңдауы негізінен ірі банктерде көрініс тапқан. Бұл ретте кейбір рес­пон­денттер несие­леу шарт­тарын қатайтуға әсер еткен негізгі фактор – қорлан­дырудағы тәуекелдер мен құ­нын­да екенін атап өтеді. Банктердің пайымдауынша, келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке сұраныс – оң, ал ірі бизнес тарапынан  теріс болады. Көптеген банк иелерінің пікірінше, бизнеске несие беру шарттары әзір өзгермейді.

Ал тұтынушылық қарыз­дарға қатысты респонденттер сұраныстың төмендеуін кейбір банктердің пайыздық мөлшерлемелерінің жоғары­лауымен, сондай-ақ тауарды кредиттеуде мол үлесі бар жеке банктегі кредиттік ли­мит­тің төмендеуімен байланыстырады. Халықтың көп­теп кредит алуын алдын алу бойын­ша іске асырылып жатқан реттеу саясаты аясында банктер есепті тоқсанда белсенді маркетингтік науқан­дар жүр­гізбегенін атап өтті.

«Қамтамасыз етілген тұты­нушылық қарыздар бойынша өтінімдер саны 17 мыңға дейін, ал қамтамасыз етілмеген тұтынушылық қарыздар бо­йынша 14,7 млн дейін өсті. Бұл жыл соңындағы маусымдық фактормен түсіндіріледі. Дей­тұрғанмен, өтінімдердің артуы сұранысқа қатысты жалпы индикатордың өзгеруіне әсер еткен жоқ. Сонымен қа­тар тұтынушылық кредиттеу жағдайында клиенттердің тө­лем қабілеттілігіне қойы­латын талаптар күшейтілді. Бұл қамтамасыз етілген қарыз­дар бойынша мақұлдау коэф­фициентінің 15%-ға, қам­тама­сыз етілмеген қарыздар бойын­ша 9%-ға төмендеуіне әсер ет­ті», деп хабарлады Ұлттық банк.

Айта кетейік, мұндай сауал­даманы Ұлттық банк тоқсан сайын кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстағы өзге­ріс­терді бағалау үшін жүргізіп отырады.