Эльдар Саитметов, кіші сержант, штабтың аға маманы:
– Мен Ұлттық ұлан қатарында 2009 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Алғашқы мерзімдік әскери қызметімді Өскемен қаласында орналасқан 5518 әскери бөлімінде қарапайым байланысшы сарбаз болып бастадым. Арнайы мамандығым тіс дәрігері болатын. Алайда мерзімдік әскери қызметімді аяқтаған соң, кәсіби әскер болуға біржола бет бұрдым. Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне кинолог маман болып орналастым. Сарбаз кезімдегі байланыс техникасына, бағдарламалық қамтамасыз ету саласына қызығушылығым артып, байланыс взводына ауыстым. Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бүгінде отбасым, соңымнан ерген екі ұлым бар, әйелім медицина саласының қызметкері.
Туған жерім, өскен ортам барлығы да қазақтар. Ынтымағы мен ырысы жарасқан көп ұлттың басын бір ортаға жинап, жұмақ мекенге айналған бір ғана Отаным – Қазақстан деп білемін. Сондықтан оның өзге елдермен бірдей өркендеп дамуы үшін, ұлан-ғайыр даласының амандығы үшін Ұлттық ұлан қатарында қызмет ете жүріп үлес қосып жатқаныма қуаныштымын, өйткені бұл менің – адамдық және азаматтық қасиетті парызым. Мен үшін және менің болашақ ұрпағым үшін ешкімге айырбастамайтын ең ұлық мекен болған, бақытты ғұмырымның мәні мен сәніне айналған Отаныма шексіз алғыс айтамын!
Александр Сон, қатардағы жауынгер, 3-атқыштар ротасының сарбазы:
– Ұлтым – корей. Атам Сон Хен Ук 1960-жылдары Қазақ еліне саяси қуғын-сүргін кезінде жер аударылып, осында қоныс аударған екен. Содан бері біз Жетісу облысына қарасты Кәлпе деген ауылда тұрамыз. Атамның айтуынша алғаш қоныс аударғанда тұрмыстарының жақсарып, сол елге сіңісіп кетуіне көп көмегін тигізген сол ауылдың Байбалиевтер деген қазақ отбасы болған екен. Ол отбасымен әлі күнге дейін қарым-қатынасымыз үзілген емес, тіпті етене жақын бауырдай болып кеттік. Атам ол кісілерге әлі күнге дейін алғысын жаудырып отырады. Өзім кез келген ұлттың салт-дәстүрін етене тану үшін оның тілін меңгеру қажет деп есептеймін. Қазақ тілін үйрену оның тарихы мен танымын түсіну – атамның маған артқан аманаты. Менің тілім де, дінім де, жаным да – таза қазақ. Өйткені балалық шағымнан қазірге дейін өскен ортам қазақтар. Мектепті де қазақ тілінде аяқтадым. Менің тіл жанашыры болуыма, мамандығымды қазақ тілі мен әдебиет саласына бұруыма бірден-бір себеп осы десем қателеспеймін. Қазақ әдебиетінің маржандарын жатқа оқып өстім. Талай көркемсөз оқу конкурстарында қазақ тілінде проза мен поэзия оқудан жүлделі орындардан көріндім.
Қазіргі таңда Ұлттық ұланның қатарында мемлекеттік тілдің жанашыры ретінде офицерлер құрамында қызмет ету – басты мақсатым. Өзге ұлт деп өзегімнен теппей қайта бауырына тартып, жарқын болашағыма батыл қадамдар жасауға түрткі болған Қазақ еліне, туған жеріме және Ұлттық ұланға үлкен алғыс айтамын.
Олеся Анисимова, кіші сержант, техникалық бөлімнің іс жүргізушісі:
– Шымкент қаласында тудым. Осы қалада оқып, өсіп-өндім. Жоғары білімім бар, мамандығым – қаржы қызметкері. 2006 жылдан бастап Ұлттық ұланның әскери қызметшісімін. Анам – старшина Екатерина Прикладовская кадр бөлімінде көптеген жыл әскери қызметте болып, қазір құрметті еңбек демалысында. Анамның жолын қуып мен де 2006 жылы әскери қызметке келдім. Содан бері 17 жылға жуық уақыт аралығында ұландық жауынгерлердің қатарында келе жатырмын. Отбасым көпұлтты отбасылардың қатарына жатады. Отбасымызда украин, поляк, қытай, орыс, армян ұлтының өкілдері бар. Бұл біз үшін таңсық емес, өйткені Отанымыз Қазақстан да көп ұлттардың бірлігі мен ынтымағы жарасқан ордасы емес пе? Мен тәуелсіз Қазақстанды жан-тәніммен жақсы көремін. Біздің достарымыз қазақ, әріптестеріміз әзербайжан, көршілеріміз өзбек, туыстарымыз армян, ұлттары өзге, бірақ бәріміздің Отанымыз біреу ғана. Бәрімізді бір мүдде, бір мақсатқа жұмылуға бастайтын да осы бір қасиетті сөз – туған жер. Өз өміріңде орны ерекше, шексіз ризашылығың мен алғысыңды кімге жаудырар едің десе, ойланбастан, туған өлкеме, ары мен адалдығын бәрінен биік қойған туған еліме деп айтар едім.
Эльчин Османов, 3-атқыштар ротасының старшинасы:
– Өзім әскери өмірдің қызығы мен қиындығын 8-сыныптан бастап көрдім. Шымкент қаласындағы Суворов атындағы әскери мектепке қабылдандым. Сол жерде 11-сыныпты аяқтап, Петропавл қаласындағы әскери институттың курсанты атандым. Алайда тағдыр солай болды, ол жерден офицерлік шен алып шығу бұйырмады. Бірақ жасымадым, әскери қызметімді келісімшарт бойынша қызметпен жалғастырдым. Отбасында әкеміз ер жігіттің тәрбиесіне қатал қарады. Шынығып, шыңдалып өстік десем де болады. Патриоттық сезім бала кезімізден қалыптасты, ер азаматқа Отан қорғау, қолына қару алып еліне қызмет ету парыз деп білдік, содан болар отбасында төрт бауырымның барлығы да өмірлерін Отан қорғау жолына арнаған офицерлер.
Атам Османов Фейзо 12 жасында қоныстандыру саясаты кезінде туған-туысқандарымен бірге Оңтүстіктің Бадам деген елді мекеніне көшіп келген екен. Содан бері туған жеріміз де, туған еліміз де Қазақстанға айналды. Атамның айтуынша, солақай саясаттың құрбаны болып қазақ даласына қоныс тепкен түрлі ұлт өкілдеріне қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқан қарапайым жұрттың көмегі біздің отбасымызға да қиын күндерде жақсылыққа деген үміт сәулесін сыйлаған екен. Отбасындағы ересектерге жұмыс беріп, күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті ас-ауқатымызбен қамтамасыз еткен екен. Осылайша, қазақ ұлтымен етене бауырласып, жақын туысқа айналғалы қашан?
Сондай-ақ Алғыс айту күніне орай Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Құрметтің ізгілігі – алғыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагері, Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, Ауған соғысының ардагері Доғдырбай Ботантаев, мәдениет саласының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, сазгер Дүйсенәлі Бықыбаев, «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысының Жамбыл облыстық және Тараз қалалық филиалдарының төрағасы Санат Қонарбаев, «Жауынгерлік ерлігі үшін» төсбелгісінің иесі, 5513 әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Рустем Сайдуов, III дәрежелі «Айбын» төсбелгісінің иегері, кіші сержант Данияр Құрманбаев қатысты. Жиынға қатысушылар сан түрлі сынақтардан өткен халқымыздың ынтымақ-бірлігін айғақтайтын ерекше күні – 1 наурызды еліміздің бірлігі мен достығының жарқын мерекесі екенін айтып, барша халқымызға алғысын білдірді.