Спорт • 01 Наурыз, 2023

Баскетболдағы бәсіміз неге төмен?

167 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемдік додаларда бақ сынап жүрген жерлестеріміз командалық сайыстарға қарағанда, жекелеген спорт түрлерінде сәтті өнер көрсетіп жүргені жасырын емес. Жеке-дара көш бастауға ұмтылатын Жеке батырдың бүгінгі ұрпақтары әлі күнге дейін ұжымдық ойында ұйымшылдық таныта алмай-ақ қойды. Мәселен, күні кеше баскетболдан әлем чемпионатына іріктеу матчтары өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, жаһандық доданың жолдамасына бір табан жақын тұрған Қазақстан құрамасы шешуші екі ойынның екеуінде де жеңіліп, әлем біріншілігінен құралақан қалды.

Баскетболдағы бәсіміз неге төмен?

Олег Киселев жетекшілік ететін Қазақ­стан баскетболшылары екі ке­зең­нен тұратын Азия аймағындағы ірік­теу матчтарының алғашқысын сәтті бастап, баскетбол спортынан да жоғары орындарға үмітті екенімізді байқатқандай еді. D тобында Сирия, Иран және Бахрейн сияқты іргелі құра­малармен шеберлік байқасқан жерлес­теріміз бес матчта жеңіске жетіп, тек біреуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. Осы көрсет­кіші­мен отандастарымыз өз тобында көш бастап, іріктеудің 2-айналымына жолдама алды.

Атап айтқанда, елордада өткен алғаш­қы ойында біздің жігіттер Сириядан келген баскетболшыларды 84:74 есебімен тізе бүктірсе, жауапты матчта 81:71 нә­тижесімен екінші рет жеңді. Кейінгі турда Иран баскетболшыларынан (73:69) басым түсіп, төртінші матчта Бахрейнді өз елінде тас-талқанын шығарды – 95:48. Ал 2022 жылдың шілдесінде Иранды 8 ұпай айырмашылығымен (68:60) ұтса, еш маңызы қалмаған соңғы турда Бахрейн құрамасына жол берді – 82:51 (29:24, 28:5, 12:10, 13:12).

Сөйтіп, әлем кубогінің екінші іріктеу кезеңіне шыққан жерлестеріміз бұл сында Бахрейн, Иран, Аустралия, Қытай және Жапония құрамаларымен бір топта ойнап, жаһандық додаға берілетін жолдамаларды сарапқа салды. Қазақстан баскетболшылары бірінші айналымда Бахрейн және Иран спортшыларымен бір топта ойнағандықтан, бұл жолғы іріктеуде аталған құрамалармен жолдары түйіспеді.

Іріктеудің алғашқы кезеңінде өрелі өнерімен көзге түсіп, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантқан Қазақстан құрамасының баскетболшыларынан жо­­ғары нәтиже күткен едік. Алайда екінші іріктеуде спортшыларымыз сол ерліктерін қайталай алмай, жанарымен жер шұқып қалды. Жоспарланған алты матчтың барлығында қарсыластарына жол беріп, тағы да әлем чемпионатының бәсекелерін теледидардан тамашалай­тын болды. 2022 жылдың тамыз айын­дағы екі матчтың алғашқысында жерлес­теріміз Қытай құрамасынан ұтыл­са (68:58), кейіннен Жапония баскет­болшы­ларына есе жіберді (73:48). Ал қара­шадағы матч­тарда Аустралиядан – 97:50, Жапониядан 81:61 нәтижесімен оңбай ұтылды.

Қазақстан ойыншылары қатарынан төрт матчта жеңілсе де, Азия аймағын­дағы соңғы екі жолдаманың бірін ен­шілеуге мүмкіндігі сақталып қалды. Ол үшін Олег Киселёв шәкірттері соңғы екі матчтың бірінде Қытай немесе Аус­тралия баскетболшыларын жеңуге тиіс еді. Өкінішке қарай, біздің жігіттер бұл мүмкіндікті де пайдалана алмай, сан соғып қалды. Сырт алаңда өткен екі ойында да қарсыластарына есе жіберіп, жалғыз жолдамадан қағылды.

Гонконгтың «Цуэн Ван Стадиумда» спорт кешеніндегі маңызды матчтың алғашқысында ұлттық құрама өкілдері Қытай баскетболшыларынан 71:59 есебімен жеңілді. Кездесуді белсенді бастаған алаң қожайындары алғашқы айналымды 21:12 есебімен өз пайдасына жазса, үзілістен кейін де қарқынын бір сәтке бәсеңдетпеген олар 22 ұпайға қол жеткізді. Жерлестеріміз небәрі 10 ұпай ғана жинауға мүмкіндік алды. Үшінші кезеңде баскетболшыларымыз аздап ес жия бастады. Бұл 10 минуттықта олар 18:16 есебімен алға шықса, ше­шуші кезеңде 19:12 нәтижесімен қар­сыластарының алдын орап кетті. Алай­да матч қорытындысында бұл ұпайлар Қазақстан құра­ма­сының жеңісі үшін жет­к­іліксіз болды.

Қытай құрамасымен өткен қа­рымта матчта жерлестерімізден Рус­там Мырзағалиев кездесудің үздік ойыншысы атанғанын айта кеткен жөн. Ол төрт кезеңде 13 ұпай жинады.

Сөйтіп, шешуші екі матчтың алғашқысында ұтылған соң, біздің құрамада болмашы ғана үміт қалды. Өйткені соңғы турда әлем­­дік рейтингте үшінші, Азия құрлығында көш бас­тап тұр­ған Аус­­тра­лия бас­ке­­бол­шы­ларынан ұпай алу тіпті мүмкін емес еді. Оның үстіне «Жасыл құрлық» өкілдері елор­дадағы матчта жерлестерімізді ірі есеппен (97:50) жеңіп кеткенін жан­күйерлер ұмыта қойған жоқ. Қарымта кез­десуді өз алаңында өткізетін Аус­тралия біздің жігіттерге еш мүмкіндік қал­дырмайтыны әу бастан белгілі болды. Көп­шілік күткендей матч толық жергілікті спортшылардың басымдығымен өтті. Бірінші кезеңде 21:13 есебімен жеңіске жеткен аус­тралиялықтар екінші айналымда 25:14 нәтижесімен алға ұзап кетті. Ал үшінші кезеңде алаң иелерінің қарқыны тіпті қатты болды – 33:11. Соңғы 10 минуттықта Аустралия баскетболшылары белсенділігін бәсеңдеткенімен, жерлестеріміз бәрібір жеңіске жете алмады – 19:15. Қорытынды есеп – 98:53, Аустралия құрамасының пайдасына.

Осылайша, Қазақстан құрамасы екінші іріктеу кезеңінің барлық матчында жеңіліп, ел үмітін ақтай алмады. Ал Азия құрлығының соңғы екі жолдамасы Иран мен Иордания баскетболшыларына бұйырды.

Азия аймағынан бөлек, 23-27 ақпан аралығында өзге құрлық өкілдері де әлем чемпионатының іріктеу матчтарын өткізіп, әлем чемпионатына ба­ратын құрамалар анықталды. Жал­пы, Дүниежүзілік баскетбол федера­ция­сының ережесі бойынша әлем чемпионатына Еуропаның – 12, Азия және Мұхит аймағының – 8 (жарысты ұйымдастырушы мемлекеттерді қоса есептегенде), Солтүстік және О­ң­түс­тік Американың – 7 және Африка құр­лығының 5 құрамасы қатысады.

Әлем чемпионатына қатысатын 32 құрама төмендегідей:

Еуропа: Грузия, Германия, Грекия, Ита­лия, Испания, Латвия, Литва, Сер­бия, Словения, Финляндия, Франция, Черногория.

Оңтүстік және Солтүстік Америка: Бразилия, Венесуэла, Доминикан Рес­пуб­ликасы, Канада, Мексика, Пуэрто-Рико, АҚШ.

Азия және Мұхит аймағы: Аустралия, Иордания, Иран, Ливан, Қытай, Жаңа Зеландия, Филиппин, Жапония.

Африка: Ангола, Мысыр, Кабо-Верде, Кот д’Ивуар, Оңтүстік Судан.

32 құраманың ішіндегі төрт мемле­кеттің баскетболшылары биыл өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына қатысады. Олар: Латвия, Грузия, Кабо-Верде және Оңтүстік Судан.

Баскетболдан 2023 жылғы әлем чемпионаты 25 тамыз бен 10 қыркүйек ара­лығында бірден 3 мемлекетте – Индо­незия, Жапония және Филиппинде өтеді. Қазақстан құрамасы 2019 жылы әлем біріншілігінің екінші іріктеу кезе­ңіне өткенімен, биылғыдай финал­дық сайысқа жолдама ала алмаған еді. Сол жылы Қытайда жалауы жел­біреген жаһандық додада Испания құра­масы жеңіске жеткен болатын. Пире­ней түбегінің өкілдері финалда Арген­тинадан басым түскен-ді – 95:75.