Биыл ел тұрғындарын күн сайын жедел ақпаратымен, байыпты бағдарламаларымен, танымдық әрі қызықты хабарларымен тәнті етіп келе жатқан сүйікті арнамызға 65 жыл толып отыр. Иә, 65 жыл деп айту ауызға оңай болғанымен, оның жүріп өткен жолына терең үңілсеңіз, көптеген жайтқа қанық боласыз. Қазақ телевизиясының іргетасы тым әріде, кеңес дәуірінде қаланды. 1957 жылы 29 маусымда ҚазССР Министрлер кеңесінің радио жүйесі мен телевизия комитетінің құру туралы қаулысы қабылданып, дәл содан сегіз айдан кейін, 1958 жылы 8 наурызда алғаш рет ақ бас Алатаудың етегіндегі әсем шаһардан қазақтың жалпақ даласына тікелей хабар таратылды. Одан соң Қарағанды мен Өскеменде, 1959 жылы Жезқазғанда, 1960 жылы Петропавлда облыстық студиялар ашылды. Бұдан кейін тізім Целиноград, Орал, Семей, Павлодар болып жалғасып кете барды. Алғашқы күннен осында қызмет істеген аға буынның жазған естеліктерінде бірінші хабар сол кездегі Қазақстандағы тың игеру науқанына арналып, «Жаңа қоныстанушылар» деп аталған. Сондай-ақ алғашқы кезеңде қазақ эфирі ғарыш туралы зерттеулерге арналған бағдарламаларға, ғылым-білімге баса мән беріпті. Әрине, мұның барлығы біз үшін тарих болғанымен, сол кезең үшін соны жаңалық еді. Мамандар бар болғаны үш бейнекамерамен тікелей эфирде жұмыс істеді.
Эфир тек тікелей жүреді. Себебі ол кезде монтаж, дыбыстық әрлеу, компьютерлік графика деген ұғым атымен жоқ. Оның үстіне жаңа бағытты меңгерген маман да тапшы. Соған қарамастан телевизия мамандары жан салып қызмет істеді. Қазақ телевизиясының іргесін бекітіп, оның қалыптасуына Қанапия Мұстафин мен Совет Масғұтов үлкен үлес қосты. Айта кетейік, КСР Министрлер кеңесінің жанындағы Радиохабарлар және теледидар жөніндегі комитетін 1957 жылдан тәуелсіздік алғанға дейін Қанапия Мұстафин, Құрманбек Сағындықов, Кенжеболат Шалабаев, Кеңесбай Үсебаев, Хамит Хасенов, Камал Смайылов, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев секілді бірегей тұлғалар басқарды. Олардың бәрі де өз қолтаңбасын телевизия тарихында қалдырды.
Әр кезеңнің қиындығы мен қуанышы қатар жүретіні анық. Телевизия қашаннан ұжымдық жұмыс. Эфирге шығатын әрбір бағдарлама мен жеке автордың артында кадрдан тыс қаншама қызметкер тұрады. Режиссер, телеоператорлар, монтаж маманы, графика маманы, жарық қоюшы, дыбыс режиссері, титр әкімшісі, гримдеуші, үйлестіруші. Мамандардың тізбегін түгендеп тере берсең, ауқымды ұжымды аңғаруға болады. Бірақ телевизия аталатын синтез өнерде бұл мамандарсыз байыпты бағдарлама, сапалы контент жасау мүмкін емес. Қазір «Qazaqstan» арнасы картина сапасы мен ақпарат тарату жеделдігі жөнінен әлемдегі «мен» деген телеарналармен иық тіресіп қатар тұрады. Салаға қатысты әлемдегі соңғы жаңалықтар, техника, телевизиялық аппараттар мен түрлі форматтардың барлығын қазіргі қазақ телевизиясынан қиналмай табасыз.
Азаттық алғаннан кейін де ұлттық арнаға Шерхан Мұртаза, Ләйлә Бекетова, Әшірбек Көпішев, Ерлан Сатыбалдиев, Есетжан Қосубаев, Ғалым Доскен, Нұртілеу Иманғалиұлы, Дәурен Әбдіхамитов, Жанай Омаров, Нұржан Мұхамеджанова, Кемелбек Ойшыбаев, Ерлан Қарин сынды азаматтар жетекшілік етті. Олардың бірі ұзақ, бірі қысқа мерзімде төрағалық етсе де, арнада өз қолтаңбасын айшықтады.
Әсіресе тоқсаныншы жылдардың басында «Қазақстан» мемлекеттік телерадиохабарлар компаниясының төрағалығына найзағай намысты Шерхан Мұртазаның келуі телеарна ұжымының мерейін көтеріп, оның жұмысына жаңаша серпін берді. Шерағаң теледидарға ұлттық рух алып келді, ұлттық танымдағы бағдарламаларды эфирге шығарды. Көзіқарақты қауым әлі күнге тамсанып айтатын «Шарайна», «Таңшолпан», «Шаңқай түс», «Балбөбек», «Тайбурыл» секілді хабарлар қанат қақты. Кеңестен мұраға қалған «радио тарату мен телевизия мемлекеттік комитеті» таратылып, орнына «Қазақстан» телерадиокомпаниясы құрылды. Шерағаның өзі «Ұлт және сана» бағдарламасын жүргізіп, тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен Алаш арыстарының еңбегін үлгі етті. Шерхан ағамыз төрағалық қызметте екі жылдай ғана отырса да, аз уақыт ішінде телевизияның ғана емес, оның қызметкерлерінің де әлеуметтік мәселесін шешуге күш салды. Алматыда телевизия мамандарына арнап тоғыз қабатты үй салдыруға мұрындық болды. Бұл телевизия тарихында бұрын болмаған оқиға еді. Қысқасы, қара қылды қақ жарған қайраткер ұлт руханиятының оянуына қалтқысыз қызмет етті.
2011 жылы корпорация тарихында ең елеулі оқиға болды. «Қазақстан» телеарнасы 100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға көшті. Бұл кезде басқарма төрайымы білікті медиаменеджер Нұржан Мұхамеджанова болатын. Ол арнаның таза қазақ тілінде хабар таратуға көшуіне байланысты бағдарламалар кестесін түбегейлі өзгертіп, эфир уақытын қазақтілді өнімдермен толтыру бағытында көп тер төкті. 2012 жылы күзінде «Қазақстан» РТРК АҚ құрамына кіретін бірнеше ақпарат құралы Есілдің сол жағалауындағы әкімшілік орталыққа көшті. Бұл бір үлкен көш еді. Өйткені «Қазақстан» корпорациясы ғана емес, отандық негізгі телеарналар мен радиолар «Қазмедиа» орталығына шоғырланды. Заманауи талаптардың барлығы ескерілген алып ғимаратта телевизияның жаңа дәуірі басталды.
Ұлттық арнаны Ерлан Қарин басқарған жылдары да ауқымды шаруалар атқарылды. Екі маусым бойы ұлттық өнерді дәріптейтін «Мен қазақпын» жобасы жүргізілді. Бұл жобаның мақсаты дәстүрлі ән мен күйді насихаттау еді. Бұған Моңғолия, Қытай, Өзбекстан секілді көрші мемлекеттердегі қандастарымыз да қатысып, байқаудың бәсін халықаралық деңгейге жеткізді. Одан кейін Иран, Қытай, Моңғолия елдері секілді атамекеннен алыстағы қандастарымыздың бүгіні «Қазақтар» фильміне өзек болды. Сондай-ақ түркі елдерін біріктірген «Silk Way Star» жобасы жарық көрді. Алаш ардақтылары туралы тарихи телесериалдар түсіру ісі алға басты. Бұған сөзіміздің дәлелі ретінде көрермен жылы қабылдаған «Тар заман» телехикаясын айтар едік. Сонымен қатар ұлттың тарихи жадын жаңғыртуда «Орбұлақ шайқасы», «Кейкі мерген» секілді сериалдар ұсынылды. Бұл да тәуелсіздіктің отыз жылында телесалада жүзеге асқан ірі шаруалардың бір парасы еді.
Қазір «Qazaqstan» ұлттық телеарнасын медиа саласының білікті маманы Ләззат Танысбай басқарады. Бүгінде арнада тікелей эфирлерге басымдық беріліп, ақпараттық, қоғамдық-саяси бағдарламалар көбейді. Жаңалықтар күніне 5 рет шыға бастады. Сондай-ақ жаңалықтар қызметі елдегі маңызды науқандар мен оқыс оқиғалар кезінде сағат сайын эфир беріп, шұғыл топтамалар шығаруды әдетке айналдырды. 2019 жылы күн сайын тікелей эфирге шығатын қоғамдық-саяси талқы бағытында «Ашық алаң» ток-шоуы ашылды. Хабардың басты ерекшелігі – интерактив, яғни көрермен телефоны бар, сайт бар, заманауи коммуникация құралдарының барлық түрімен байланысқа шығып, студиядағы талқыға, пікірталасқа емін-еркін араласа алады. Сонымен бірге телеарна еліміздегі маңызды саяси оқиғалар кезінде 16 сағат бойы тікелей эфирде көрсетілген телемарафондар жасауды қолға алды. Жоба еліміздегі ірі телеарналар эфирінде және әлеуметтік желілерде де тікелей эфирде көрсетілді. Ал министрлердің көрерменмен тікелей тілдесуіне арналған «Жедел желі» хабары да нарықтағы үлкен жаңалықтың бірі саналды.
Елімізді ғана емес, тұтас әлемді әбігерге салған COVID-19 пандемиясы кезінде бір жүйеге түскен әдепкі бағдарламалар кестесі жедел өзгертіліп, жаңа қатерден сақтану шараларын халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Сол кезде медициналық бағыттағы «Теледәрігер» бағдарламасы шығып, онда білікті дәрігерлер коронавирустан сақтану, жұқтырған жағдайда не істеу қажеттігін тікелей эфирде түсіндірді.
Корпорация құрамынан жаңа мәдени бағыттағы «Abai TV» телеарнасының ашылуы да сол қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұл кезеңде ұлттық арнада заман талабына сай жобалар – «Жүзден жүйрік» зияткерлік хабары, «Қазақстан дауысы», «1001 түн» жобалары эфирге шықты. Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрді насихаттауға ерекше назар аударылды. Осы бағытта «Күміс көмей», «Күй керуен», «Гауһартас» хабарлары жарық көріп, жалғасып келеді. Жастар үлгі алуға тиіс аға буынның өмір жолын көрсетуге арналған «Бірегей», «Зинһар» сияқты хабарларды көрермен жылы қабылдады. Бұл кезеңде тарихи бағыттағы телехикаялар өндірісіне ерекше ден қойылып, «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян қазақ» телехикаялары көрерменге жол тартты. Одан бөлек, Абай, Әл-Фараби, Домалақ ана, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев сияқты тұлғалардың ғұмыр жолын дәріптеуге арналған сериалдар түсірілді. Әсіресе заманауи бағыттағы телехикаялар отандық медианарықты дүр сілкіндірді. Өйткені олардың рейтингтік көрсеткіші нарықта көрсетілетін шетелдік сериалдардан асып түсті. Ұлттық телеарнасы біртіндеп «TNS Central Asia» зерттеулерінде республикалық арналар арасында алдыңғы бестікке көтерілді.
Корпорацияның телебағдарламалар өндірісінен бөлек, осы кезеңде атқарған ауқымды істерінің бірі «Алтын қорды» цифрландыру жұмысы болды. Қордағы 100 мыңға жуық аудиотаспа толықтай және 26 мың бейнетаспа құндылығына қарай іріктеліп, цифрландырылды. «Алтын қорға» байланысты кешенді жұмыстардың жалғасы ретінде altynqor.com сайты іске қосылды. Қазіргі уақытта «Алтын қор» материалдарын тек ел тұрғындары емес, шетелден де іздеп көреді.
Ұлттық арнаның құрамында үлкен жүк арқалап отырған Balapan мен Qazsport телеарнасында ерекше айтуға болады. Бүгінде аталған екі арнаның атқарып отырған қызметі өте зор.
Тұжырымдап айтқанда, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы 65 жылдан аса уақыт бойы өзіндік дәстүрі қалыптасқан үлкен мектеп қана емес, ұлтымыздың айнасы атанған бірегей медиақұрылымға айналды.