
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Мерекелік жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, ұлттық арнада ұлы тұлғалардың есімі қалғанын ерекше атап өтті.
«Қара шаңырақта бірнеше жыл қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Бұл менің еңбек жолымдағы ерекше кезең болды. «Qazaqstan» арнасы – қазақ журналистикасының бастау бұлағы. Мұнда халқымыздың талай тұлғаларының ізі қалған. Қанапия Мұстафин бастап келген ұжымда Камал Смайылов, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев секілді қазақ азаматтары еңбек етті. Ал ұлт рухының айнасы мен байрағына айналған Шерхан Мұртаза басқарған уақыт арнаның дәуірлі кезеңі болғаны сөзсіз. Бертін келе Ғалым Доскен, Нұртілеу Иманғалиұлы, Жанай Омаров, Нұржан Жалауқызы секілді мықтылар жетекшілік етіп, арна жұмысына тың серпін берді. Осында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, оның дамуына ерекше үлес қосқан жандар аз емес. Ұлттық арна қашанда ардагерлерін ардақтай білген. Аға буын мен жастардың арасындағы байланысты нығайтып, ұрпақ сабақтастығын сақтауға айрықша мән береді», деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ ол «Қазақстан» телеарнасы елімізде толықтай мемлекеттік тілде хабар таратып отырған басты және жалғыз арна екенін айтты.
«Ұлттық арна – ұлт руханиятының киелі ордасы. Телеарна алғаш ашылған күннен бастап қазіргі күнге дейін оның ұжымы руханиятымызды байытуда бір кісідей атсалысып жүр. «Таңшолпанмен» басталатын бағдарламалар «Мың бір түнге» дейін жалғасып, ана тілімізді нығайтып, көзқарас, көкжиегімізді кеңейтуге өзіндік үлес қосып отыр. Ұлттық құндылықтардың әлбетте ұлы тұлғаларымызды ұлықтау жолында арнаған еңбектері орасан зор. Кезінде Алаш арыстарының қиын тағдырын бейнелеген «Тар заман» телесериалын түсіргені баршаңызға белгілі. Содан бері ұлы Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев және басқа да біртуар тұлғаларымыз туралы сериалдар түсірілді. Бұл үлкен қаржы, қайратты талап ететін жұмыс. Сол себепті ұлттың жоғын түгендеп, кем-кетігін бүтіндеп отырған телеарна ұжымының еңбегін жұртымыз жоғары бағалайды», деді Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев та мерейтойға орай құттықтау жолдады.
«Бұл той – тек бір ұжымның ғана қуанышы емес, бүкіл Қазақ елінің мерейі. Осыдан 65 жыл бұрын негізі қаланған телеарна қазіргі таңда отандық телевизияның қара шаңырағына айналды. Телеарна алғаш ашылған күннен бастап ұлттық мүддеге табан тіреп, елдің еңсесін көтеруге, халықтың рухын оятуға үлкен үлес қосты. Егемендіктің елең-алаң шағында бабадан мирас болған асыл мұрамызды дәріптеп, құндылықтарымызды насихаттау арқылы Тәуелсіздікті нығайтуға зор ықпалын тигізді. Қанапия Мұстафин, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза, Нұртілеу Иманғалиұлы сияқты алыптардың ізі қалған телеарна бүгінде солар салған жолдан жаңылмай, ұлт руханияты үшін қызмет етіп келеді. Соңғы кезде қалың көрерменнің қолдауына ие болған Абай, Әл-Фараби, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Қаныш, Әлкей, Тәшенов, Мұқағали сынды тау тұлғалардың ғибратты ғұмыр жолы мен күреске толы өмірін суреттейтін телехикаялар соның жарқын көрінісі.
Телеарна ұсынған танымдық бағдарламалар мен қоғамдық-саяси жобалар да көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Осы ретте ұлттық телеарна іске асырған қазақ телевизиясының алтын қорын цифрландыру жұмысын айрықша атап өткен жөн. Бұл – жоғары бағаға лайық іргелі бастама және келер ұрпақ үшін жасалған аса маңызды қадам», делінген Сенат спикерінің құттықтауында.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елімізбен бірге еңсе тіктеген ұлттық арна тарихында талай белестен асқанын айтты.
«Ұлттық арна ұлттық құндылығымыздың, тіл мен дәстүрдің қорғаны болып қызмет атқарды. Кеңес құрсауының көбесі сөгілген жылымық жылдары айтқан ұлы Мұхтар Әуезовтің «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» деген әйгілі сөзі тек қазақ әдебиетіндегі ағысы бөтен асау буынға ғана емес, енді ғана ашылған телеарнаға да қаратып айтылғандай. Телеарнадағы үлкен бір шоғыр сол алпысыншы жылдардың алыптарымен бірге қалыптасып, шығармашылығын бірге шыңдап, мәуелі бәйтерекке айналды. Арнаның ағартушылық-танымдық, қоғамдық-саяси бағыттағы іргелі жобалары, әсіресе «Қарыз бен парыз», «Тамаша», «Қымызхана», «Алтыбақан» секілді бағдарламалар әлі күнге жұрт жадында. Ондағы орамды ойлар, қазақы қалжыңдар, астарлы әзілдер, «Айтыстағы» отты, рухты жырлар елдің еңсесін көтеріп, мерейін асырғаны анық», деді министр.
Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі арнаның алға басуына аға буын өкілдері мен жастардың қосқан үлесін сөз етті.
«Qazaqstan» – еліміздің телеэпопеясы. Қастерлі Отанымыздың бейнелі шежіресін жазып, тарихын таспалады, онда талай тарландардың, тұғырлы тұлғаларымыздың қазаққа жеткен үні, жүрегінің табы жатыр. Телеарнада қажырлы қызмет атқарған аға буын талмаусыраған ұлттық рухтың туын жықпай, тұғырынан тайдырмай, қастерлі тәуелсіздігімізге жеткізді. Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза, Камал Смайыловтың тағылымды жолын тәуелсіздік тұсында Ғалым Доскен, Нұртілеу Иманғалиұлы, Нұржан Жалауқызы, Ерлан Тынымбайұлы және Ләззат Танысбайқызы сәтімен сабақтастырып, жаңа биікке көтерді. Ел дамуының жылнамасы болған, мемлекетіміздің атын иемденіп, сол атауды абыроймен арқалап жүрген ұлттық арна бүгінде отандық БАҚ-тың көшбасшысы ғана емес, халықаралық медианарықта танымал брендке айналды», деді министр.
Тарихқа көз салсақ, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы ашылған күннен бастап Алматы студиясынан күнделікті 5 сағаттық хабар беріле бастаған. 1959 жылдың сәуіріне дейін қазақ телевизиясында 333 бағдарлама, 497 кинофильм мен киножурнал дайындалды. Ал өткен ғасырдың 70-80-жылдары қазақ телевизиясы түрлі-түсті бейнеге көшті. Трансляцияның ұзақтығы – 7 сағат, қызметкерлер саны 412-ге жетті. 11 бас редакция, 4 шығармашылық бірлестік жұмыс істеді. Ал 1994 жылы 4 сәуірде Президент Жарлығымен «Қазақстан» теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы болып құрылды. 2002 жылдан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасы деп аталды. Телеарнаның қазір 15 аймақта филиалы бар. Арнаны 2003 жылдан бастап Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейдің Қазақстанмен шекаралас 12 облысы мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аудандарының тұрғындары көре бастады. Телеарнаның техникалық әлеуеті жыл сайын кеңейіп, 1987 жылы телетаратылым бойынша одақтас республикалар арасында төртінші, көркем және деректі фильмдер өндірісі бойынша екінші орынды иеленді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін салтанатты жиындар, телекөпірлер, спорт түрлерінің ең маңызды матчтары ұлттық телеарнаның техникалық қолдауы арқылы өткізіледі.
Сонымен қатар ұлттық арна эфирінде әртүрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтар мен ерекше ток-шоу жанрлары, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар, қоғамдық-саяси, экономикалық хабарлар, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген жобалар көп. Бұларға қоса телехикая түсіруде де тәжірибе жинақтаған.
«Тарихи телехикаяларды түсіру «Тар заманнан» басталды. Олардың басында деректі фильмдер, деректі жобалар тұрды. Себебі Шерағаң бастап өзі жүргізген «Ұлт пен сана» деп аталған бағдарламаның орны бір бөлек, ал Сағат Әшімбаев жүргізген «Қарыз бен парыз» әлі күнге дейін көрерменнің жадында. Сол бағдарламаларда біз еліміздің тарихын түгендедік, ұлт руханиятын жоқтадық. Соңғы бес жылда телеарна тарихи телесериалдарды сапалы түсіру жұмысын қолға алды», деді журналист Нұржан Жалауқызы салтанатты жиында.
Мерейлі датаға орай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қазақ телевизиясында әр жылдары қызмет еткен ардагер журналистерді, дикторларды, режиссерлер мен спорт комментаторларын мерейтойлық медальдармен марапаттады.