І. Сыбызғышы
Зады, жаратылыстың мырзалығы – ел арасында еңбегімен, табиғат тартқан талантымен, ерек мінезімен есте қалар адамдар баршылық. Мәселенки, Мұзтаудың етегінде ғұмыр кешкен Шанақ Ауғанбаев. Бас басылым бетінде Алтай-Тарбағатай сыбызғы мектебінің өкілдері туралы сөз қозғағанда («Сыбызғышылар», «Егемен Қазақстан» 1 наурыз, 2014 жыл) Шәкеңнің тұлғасын терең тани түскен едік. Сыбызғышылардың ұрпақтарын іздестіру барысында, баласы Сайын Ауғанбаевты жолықтырғанбыз. Өскемен мен Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын арасында такси жүргізеді екен. «Жақсы әкенің аты – балаға қырық жыл азық». Алпыстағы ұлы мейірлене әңгіме шертті.
– Әкем, өзінің айтуында 1910 жылы (құжаты бойынша 1912 жылы) Катонқарағай ауданының Еңбек ауылы маңындағы Төтей тұмасы деген жерде дүниеге келіпті. Әкесі Ауғанбай артық байлығы жоқ, орта шаруа болған. Үш баласының бірі – Шанақ. Ол онға толғанда шешесі қайтыс болады. Ауғанбай одан кейін тағы екі әйел алыпты. Балалар тез есейетін заман ғой. Ол да ауыл арасы, шарқы жиыннан қалмай, құралпыластарымен алысып-жұлысып, ойнап жүреді. Бірақ сыбызғышылық қаперіне кірмеген, – деп бастады әңгімесін Сайын аға.
1926 жылы Шыңғыстайда дүбірлі той болады. Күрес, бәйге өткізіп, ауыл жұртшылығы өзінше мейрамдап жатады. Осы сәтте ойнап жүрген балалар шетте ошарылған қалың адамды көреді. Топ ортасынан құлаққа жағымды қурайдың үні естіліп тұр. Есіл-дерті қаумалаған жұртқа ауған балалар жүгіріп жеткенде, ортада бір ақсақал сыбызғы тартып отыр екен. Естияр болып қалған Шанақтың ерекше құмары ауып тұрғанын байқаса керек, әлгі қария:
– Әй, сен бір көрші, – деп қолындағы қурайды ұсынады. Үрлеп қалғанда сыбызғыдан ерекше үн төгілетінін байқаған бала жымың ете түседі.
– Бұл баладан бірдеңе шығады екен, – дейді қария.
Атақты сыбызғышы Шерубай мен Шанақ осылай кездескен екен. Шерубайды кәрілік жеңіп, шау тарта бастаған кезі. Баласының ақсақалдың соңынан қалмай жүргенін байқаған Ауғанбай сыбызғышыны үйіне шақырып, қонақ қылады. Дастарқанда қария тау қурайын Шанаққа ұстатып, үн салғанын тыңдап көреді. Осы кәдеден кейін Шанақ ала тайына мініп, ауыл аралап жүрген Шерубайға ілесіп кетіпті. Отызыншы жылдардың дүрбелеңі. Қиын уақыт. Ел аш-жалаңаш. Шанақтың бір есептен бала қулығы бар. Қадірлі ақсақалдан жұрт ештеңесін аямай, барын алдына тосады. Тамағын тауып, атқосшы болған бала ат тұяғы жеткен Өрел, Берел, Аршаты, Березовка ауылдарын түгел аралап шығады. Осы сапарында қарттан бірнеше күй үйренеді. Көп ұзамай Шерубай ақсақал қайтыс болады. Аз уақытта қарттың тәлімін алған Шанақ одан барлығы жиырма төрт күй үйреніпті. Бұл күйлер 1973 жылы грампластинка болып жарық көрді. Алматыдан келген этнограф-ғалым Талиға Бекхожина қона жатып, әр күйдің қандай мағына беретініне дейін жазып алады. Сонымен бірге Шанақты Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына ертіп барады.
Сайын аға көп суреттердің ішінен әкесінің сол мерейтойда Алматыдағы Шоқан Уәлиханов мүсінінің алдында кіл өнер, мәдениет қайраткерлерімен түскен суретін көрсетті.
ІІ. Басқарма
Шанақ ат үстінде көп жүрген адам. 1936 жылы аудан басшылары Еңбектегі мал шаруашылығы меңгерушісі болып жүрген жерінен Чапаев колхозына төраға етіп жібереді. Шанақтың табандылығымен Ақсудағы тұралап қалған колхоз алға шығады. Чапаевпен іргелес орналасқан Авангард колхозының адамдары жаз бойы самогон қайнатып, сыра ішіп жатады екен. Колхоз малы қыста азықсыз қалады. Ал Шанақ өз колхозшыларына қорды артығымен дайындатып алған. Шөпсіз қалған ауылдың малы қырыла бастаған соң, райком Авангардты Шанақ басқаратын колхозға қосып береді. Осылайша, Шанақтың колхозына колхоз қосылып, ірі совхозға айналады. Бұл – қазіргі Ақсу, Чаловка, Жазаба, Мойылды ауылдары.
1949 жылы 37 жасында оны Өрнек колхозына ауыстырады. Бұл да тұралап қалған колхоз еді. Алайда, колхозды көтеруге кіріскен басшыны 1951 жылы қудалай бастайды. Өрнектен босаған соң Шанақтың үстінен сот болыпты. Тексергенде екі тонна таза астық артылып қалады. Ол қандай құжатқа қол қойса да, бір данасын өзіне жинап жүреді екен. Осылай айдаудан аман қалған ол өзінің Еңбек ауылында қайтадан мал шаруашылығы меңгерушісі болып жұмыс істейді.
1957 жылы Шанақ Топқайың колхозын басқаруға жіберіледі. Соғыстан кейінгі жылдары Топқайыңда Қали Қаңтарбаев колхоз бастығы болатын. Ол – белгілі жазушы-публицист Әлібек Қаңтарбаевтың әкесі. Шанақ ауырыңқырап жүрген осы кісінің орнына барады. Байқаса, Топқайыңда жұмысқа жарамды ауыл азаматтарының бәрі КПЗ-да жатады екен. Ащы судан ұрттап алса, милиция алып кетеді. Тәртіп жоқ. Жұмыс жүрмейді. Балуан бітімді Шанақ көнгісі келмей қипақтаған жігіттерді тәубесіне түсіріп, бәріне жұмыс істеткізеді. Бүгінде көзі тірі Жанғазы есімді топқайыңдық ақсақалдың айтуынша, Топқайың мүлде басқа ауылға айналады. КПЗ камералары бос қалады. Сол жылдары ауылда «дар үй» аталған бір бөлмелі үйлер көп еді. Орман шаруашылығы бастығымен тамыр болып, лесхоздың рұқсатымен Алтайдың қарағайларын жыққызады. Бір бөлмелі үйлерден екі-үш бөлмелі үй салдырады. Әйелдерге дейін білек сыбанып, тауға ағаш жығуға барады. Ешкімді қуаламай, санасына жететін әңгімесімен-ақ ауыл тұрмысын түзетеді. Колхоз көрсеткіштері алға шығады. Топқайыңның маңайындағы жайлаулар игеріліп, отыздан астам орынға қора-қопсы тұрғызылады.
– Колхоз жұмысына өзінің балаларын да салатын. Ешкімді ерекшелемейтін. Соңғы қоңырау соғылған күннің ертеңінде жұмыс та даяр тұрушы еді, – деп еске алады Сайын Шанақұлы.
Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова бастаған өнер иелері Алтайға гастрольге келгенінде аудан орталығынан бұрын Шанақ ақсақал қайда деп алдымен Топқайыңға бұрылады екен. Ауылдың қуықтай клубы бар. Оған ел сыймайды. «Ермек пен Бибігүл келе жатыр» дегенді естіген Шанақ совхоз қоймасын тазалатып, дайындатады. Мал сойып, қымызын құйып отырып, ойдағыдай күтіп алады. Қонақтардың өнерін тамашалап, өзі сыбызғысын ойнап береді.
Зейнетке шыққан соң орнына лайық басқарушы табылмай, көп уақытқа дейін совхоз бастықтары жиі ауысып тұрыпты.
ІІІ. Балуан
Төртбақа, бойы аласа адам болғанымен, салмағы 129 келі болған Шанақты өз уақытында күрестен ешкім жыға алмаған екен.
– Мәдениетсіздігі деуге келіңкіремейді, кімнің үйіне барса да етігін шешпеуші еді. Бір таңғалатыным, қандай лайсаң болса да, етігіне шаң жұқпайтын таза адам болатын. Кей ауылдарда «әкең осы үйден дәм татқан» десе, бірінші еденге қараймын. Ауыл үйлерінде тақтай еден салынады. Еденде шаншылған шеге іздері болса, әкемнің сол үйде болғанына күмән келтірмеймін. Себебі, ол аяғы таймас үшін тағаланған саптама етік киетін. Оның үстіне 129 келі салмағы бар. Тағадан шығып тұрған шеге әлгі салмақпен басқанда қарағай тақтайға да кіріп кететін, – дейді Сайын аға.
1966 жылы көктемге салым Катонқарағайда үш метрге жуық қар жауады. Қали ақсақалмен бірге Черемушка ауылында тай бағып жүрген уақыты екен. Трактордың қат кезі. Екеуі мықты айғырға мініп, қарды кешіп, отауларды бұзып шөп тасиды. Сол жылы көшкін көп болады. Киім ауыстырып, моншаға түсу үшін кезекпен ауылға барып тұрады. Құдайдың беріп тұрған ажалы. Шанақ Топқайыңға кеткенде Қали ақсақал көшкінге түсіп қайтыс болады. Жалғыз қалған Шәкең қалың малға бір өзі қарап жүріпті. Қыстыгүні Алтайда бұлақ суы қатпайды. Бірде бұлақтан өте бергенінде, шана аударылып суға құлайды. Үстінде отырғандықтан қоса құлап, шөп тиелген шананың астында қалады. Бірақ қарулы кісі шананы шөбімен қоса көтеріп, судан алып шығыпты. Дала аяз. Сүйретіліп, қосқа жеткен соң қозғала алмай қалған екен. Суық тиіп, ауырып жатқанына үш күн болғанда ғана Черемушкадан Жазабаға кетіп бара жатқан атты адамдар ауылдастың сыбызғысын тыңдамақ болып, қосқа бұрылады. Қатты сырқаттанып жатқан Шанақты көрген олар жанұшыра рациямен совхоз орталығына хабар береді. Тікұшақ алып кеткен Шанақ өмірінде алғаш рет Катонқарағай ауылындағы ауруханаға жатып шығыпты.
Катонқарағай өңірінде жақсы күресетін тапалдау толық балаларға «Шанақ» деп ат қоятын дәстүр әлі күнге дейін бар. Шанақтың балуандығы екінші ұлы Әлібекке қонған екен. Бірақ Әлібек спортқа денесі қатайып кеткен 22 жасында келеді. Оның өзінде ауылда тракторшы болып жүрген кезінде кейін сүйген жары болған, сол кезде қаладан оқу бітіріп келген қызға жақындағысы келіп, қазіргі Саратов ауылындағы, сол кезде Аблакеткадағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Еркін күрестен жаттықтырушы Юрий Курапаткиннің шәкірті болған Әлібек үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведевтің бірден-бір дублері Әбілсейіт Айхановпен белдесіп, ұпай санымен жеңіп кетеді екен. Топқайыңнан Зарлыхан Қуанбаев, Ұлықбек Жанғазин, Темірбек Мұсабаев, Әлібек Исабаев есімді мықты балуандар шықты. Кіл спорт шеберлер. Олар – Шанақ Ауғанбаев негізін қалаған Катонқарағайдағы күрес мектебінің өкілдері.
IV. Атбегі
Шанақ соғыстың алдында, ел-жұрттың енді еңсе көтеріп келе жатқан кезінде Үкіртай атты ақсақалға екі жирен қасқаны жараттырады. Есік пен төрдей үшінші жиренқасқа атын Солдатов ауылынан сатып алады. Шанақтың үш бірдей жирен қасқасы бүкіл Алтай өңіріне, Катонқарағай, Күршім, Самар аудандарына әйгілі болады. Алғашқы екі жирені үнемі бірінші және екінші орынды алса, үшіншісі, үшінші орынға бірде ілініп, бірде ілінбей қалып жүреді екен.
– Үш бәйге атына үш бала мінеді. Қазіргілер бәйге аттарына бірінші өз баласын мінгізер еді. Сол кезде он жасар үлкен ұлы Сайполланы бәйгіден үшінші келіп жүрген атына, Сайлау Мылжабаев есімді баланы екінші орын алатын атына мінгізіп, үнемі бірінші келетін бәйгесіне Әлтай деген жетім баланы отырғызатын. Бақсам, жетімнің көңілін демеуге ден қояды екен. Әлтай кейін балалы-шағалы адам болды. Құдайдың қолдағаны деп есептеймін. Әйтпесе, бір адамға осынша бақ беруі мүмкін емес. Өзі сыбызғышы, жауырыны жер иіскемеген балуан, басқарған колхозы алға шыққан, бәйгесі бәйгенің алдын бермейтін мұндай бақ адамға сирек қонады, – дейді Сайын аға.
V. Мінез һәм адамгершілік
Бірде Каменка атты колхоздың тоқсан өгізі қырылғалы жатыр деген соң шөп беру қажет болады. Шөпті қыстыгүні Бұқтырма арқылы шанамен тасу керек. Райком басшылары бұйрық береді. Шанақ шөпті беруге келіскенімен, талап қояды. Ел жалаңаш, киер киімі жоқ. Райком: «Ауғанбаев, саған не керек?» дегенде: «Маған ештеңе қажет емес, тек жүз құлаш бөз берсеңіздер болды» дейді. Бөз – брезент сияқты қалың мата. Аудандағы тұтынушылар қоғамы қоймасынан бөзді өлшеп алып шығып, ауыл адамдарына киім тіктіріп береді. Бүкіл ауыл адамдары біраз жыл инкубатор балапандарындай шалбары да, көйлегі де аппақ болып жүрген екен.
* * *
Ақсуда колхоз бастығы болып жүрген кезінде ашаршылық жүріп жатқан еді. Катонқарағайда, одан жоғары ауылдарда Шанақты білетіндер асырай алмаған, қолынан күрек ұстау келетін балаларын Ақсуға жібереді. Олар:
– Шанаққа баршы, Шанақ аш қалдырмайды, – деп отырады екен.
Шанақ қиын күндерде пана іздеп келген балалардың бәріне жұмыс тауып беріп, өзінің кіндігінен тараған жеті ұлы мен төрт қызын өсіріп, барлығын адам қатарына қосты. Тұңғышы – Сайполла, одан кейін Әлібек, Жәнібек, Қаныбек, Қадылбек атты ұлдары Ақсуда дүниеге келді. Ал бізге осы әңгімелерді жеткізген Сайын 1952 жылы туған екен.
– Үйде бәріміз отырғанда үстел басына сыймайтынбыз. Сонда төрдегі әкеміз балалар тойып тамақтанбай, тамаққа қол салмайтын, – дейді Сәкең.
* * *
1949 жыл. Ол кезде дайын фотолар жоқ. Райком колхоз кеңсесінде саяси бюро мүшелерінің суреті тұруы тиіс деген тапсырма жүктейді. Әр колхоз бір суретшіні жалдап, саяси бюро мүшелерінің суретін салғызады. Шанақ соның ішіне өзінің де суретін салғызып, саяси бюро мүшелерінің қатарына іліп қояды.
Бірде ауданнан уәкіл келеді. Қабырғадағы суреттерге тесіліп, ұзақ қарайды. Барлығы өзіне таныс бейне болса да, бір суретке көзі тоқтап, танымай отырады.
– Мен саяси бюро мүшелерінің барлығын танып отырмын. Ал мына кісі кім? – дейді дүдәмал болып отырған уәкіл. «Дәу де болса сенсің ғой» дегенді тура айта алмайды. Немесе танымауы да кәдік.
Сонда Шанақ:
– Ол – менмін. Олар бұл жерде тұрғанда осы колхозды басқарып отырған мен неге онда тұрмауым керек, депті.
* * *
Әпенділігі де жоқ емес. Алайда, мұны тәңірі тарту еткен ерекшелігі деу керек шығар. Бірде колхоздың мүшелігінде жоқ құдасы Айдарханды ертіп алып, Ақсу өзенінің жағасында ащы судан алып, өзінше бір демалып жатады. Төртпақ келген, салмағы 129 келі балуан денелі Шәкең ащы суға да бой алдырмайтын, сүйегі мықты адам болған. Сөйтіп, өзі колхоз төрағасы, өзі сыбызғышы, өзі балуан, өзі шешен Шанақ жұмысты колхозшыларға тапсырып тастап, еркін көсіледі.
Күн ыстық. Жанындағы құдасы Айдекең аптаптың шыжғырғанына шыдамай:
– Құда, мен өзенге барып балық аулап қайтайын, – дейді.
Отырысты жалғай түскісі келген Шәкең болса:
– Ой, құда, Ақсудың балығы қай заманда ұстатушы еді, әуре болмаңыз, депті.
Оған көнетін Айдархан ба? Шанақ та бой бермепті. Екі құда бір-бірін әбден қажаған соң, шарттасыпты.
– Осыдан балық ұстасам не істейсің? – дейді Айдархан құда.
– Айтқаныңды орындаймын, дейді Шанақ құда.
Өзенге жөнелген құдасы бір кезде салмағы екі елідей, ұзындығы шамамен 20 сантиметр болатын хайруз ұстап әкелген екен. Алтайдың өзендерінде ғана кездесетін сирек балық.
– Ал, құда, мықты болсаң, осы балықты тірідей жұтып қой, – депті араққа да, бәске де қызып алған Айдархан.
Сонда Шанақ тулап тұрған балықты құйрығынан ұстап арандай ашылған аузына тастап жіберген екен.
Кейін осы оқиға туралы балалары әкелерінен сұрағанда еш саспастан:
– Атасының ауызы, әлгі хайруздың біраз уақыт асқазанымда тулап, өлмей қойғаны болмаса, – депті күліп.
VІ. Түйін
1970 жылдары Шанақты Алматыдағы жайсаңдар консерваториясына сыбызғыдан сабақ беруге шақырады.
– Әке, Алматыға барсаңшы, – дейді үлкен қаланы түсінде көретін балалары.
– Неге? – дейді Шанақ.
– Саған пәтер береді ғой, ол бізге қалады, дейді балалары шуылдап.
– Пәлі, сендерге пәтер әперемін деп Алматының ыстығына күйіп өлетін жайым жоқ, – дейді кеңкілдеп күлген Шәкең.
Расында, ол Алтайдың өз бұланы, өз ұланы еді. Сыбызғышылықтан басқа да қасиеттері көп, өзін-өзі әбден шыңдаған, елі төбесіне көтерген адам еді. Молдадан оқыған төрт сыныптық білімі ғана бар. Арабша жазады. Жазуды бертін келе үйреніпті. Айқыш-ұйқыш болатындықтан оны қайта көшіру мүмкін емес. Жаны жомарт жан жазушылармен жақсы араласыпты. Оралхан Бөкей Шыңғыстайға барса шаруасын жинап қойып, алдымен Шанақ қартты іздейді екен. Шәкең Оралханмен бірге Қалихан Ысқақты ерекше бауыр тұтып, қадірлеп өтіпті. Сонысына қарай сөзге де шалымды болған. Бәрінің құйыршығын бұрайтын райком. Осыған орай, біреулер: «Шәке, сіз нені бұрайсыз?» десе керек. Сонда: «Райком мені бұрайды, мен көк өгізді бұраймын» деп жауап қатыпты. Өлең де жазыпты. Көбінесе үш ауыз өлең шығарады екен. Жеңіл-желпі ұйқас болса да, жағдайға байланысты табанда суырып салатын нақыл сөздер сынды десе-ді көзкөргендер.
– Зейнетке шыққан соң 1957 жылдан 1989 жылға дейін Топқайыңда Құржыра деген жерде еңбек етіп жүрді. Оны күштеу мүмкін емес. Өз еркімен, еңбекқорлығымен ғана істейтін. Менен кейінгі Кенжебек деген баласы 1955 жылы туған. 1987 жылы қайтыс болды. Мен 1989 жылы Катонқарағай ауылына көштім. Осы жылдан бастап менің қолымда тұрды. Қазір дінге жол ашық қой. Ол кезде дінді шалмалап жібермейтін. Әкемнің молдалығы бар еді. Және дұға-тілегін риясыз оқитын. Біреу дүниеден өтсе Шанақты шақырады екен. Кейде оған талас та туып қалатын. Дүниеден өтетін жылы 83 жаста еді. Соның өзінде 62 жастағы менен қарулы болатын. Сол жылы жазда бір жас әйел қайтыс болады. Өзі толық адам екен. Мәйітті үйде үш күн ұстайды. Әкем мұрнын шүйіріп қойып, қасында дұғасын оқып отыра берген. Таза ауаға шығып сейілдеуді білмеген. Осылайша, жаназаға жігіттей болып кеткен әкем, әлгі әйелдің жерлеуінен соң мүлде басқа халде келді. Ұшынып қалыпты. Түрлі ем-дом жасады. Бір жарым айдан кейін, қыркүйек түсе қайтыс болды. Жарықтық «Құдай алам деген жеріне өзі айдап алып барады» деп отыратын, – деп аяқтады әңгімесін Сайын Шанақұлы.
Бүгінде Шанақтан тараған 45 немере бар. Ең кіші немересі сұхбаттасымыз Сайынның шаңырағында дүниеге келіпті. 55 жасында көрген қуанышына Сәкең Қуат Шанақ деп есім берген екен. Сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның есімін еншілеген Қуат қазір Үлкен Нарын ауылындағы мектепте 1 сыныпта оқиды.
P.S: Кездейсоқ іздегеніміздің өзіне қуанатын жандардың барлығына біз де бейілміз. Сайын Шанақұлы сұхбат соңында толқып кетті:
– Әкем тірі, іздеп жатыр «Егемен»!
Бұл өмірде мұңаямын неге мен?!, – деді жанары жарқылдап...
Думан АНАШ
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы.
Суретте: Шанақ Ауғанбаев. 1973 жыл. Топқайың ауылы. Қызы Сәнді, әйелі Нұрғызайын Сағынаева, үлкен келіні Күлсағыш, келіні Жаңыл, немересі Ердоспен бірге.