«Егеменнің» 2014 жылғы 11 маусымдағы санында әріптесіміз М.Сембайдың ешкі түлігі жөнінде «Ешкі» деген проблемалық зерттеу мақаласы жарық көрді.
Сөз жоқ, кейінгі жылдары ешкі жөнінде жазылған мақалалардың тәуірі осы мақала десем жаңылыса қоймаспын. Сағыздай созып қаламды сүйкей беруге болады. Алайда, автор оған бармайды. Қазіргі айтып жүрген қалдықсыз технология мәселесін осы ешкі жөніндегі бір мақаласымен шешіп-ақ тастаған. Оқырманына ой тастау мақсатында жазылған мақалаға біз де өз пікірімізді білдірейік деп қолымызға қалам алдық.
Сонымен...
Ешкінің өзі түлік пе, түлік емес пе?
Түлік болса нешінші?
Бесінші, әрине. Төрт түлікті қазіргінің кез келген баласы біледі. Бесіншісін білмейді. Оны ілгерідегілер білген.
Киіз туырлықты моңғол ағайындар еңсесін тіктеп, елтаңбасын кестелегенде алдыңғы қатарға түліктерін шығарған болатын. Соның ішінде ешкі де болды. Бесінші түлік болып!
Қазақ баласының түлік есебінде ешкі баласы жоқ. Неге?
Ешкі табиғатынан тарамыс мал. Оның етінің таралып, май жинау кезеңдері қазақтың күнделікті тұрмысына келе бермеген. Келіп-кетіп жатқан қонақтарына қой баласын жұмсаған. Ешкіге келгенде тосыла берген.
Жай уақытта ешкіні қасқыр да жемейді. Тағы да қайталап айтамыз жарауы – жарады. Бірақ жемейді!
Өйткені, ешкінің майы қатып қалады. Ішекке май қатқан қасқырыңның өзі алысқа ұзай алмайды. Айналшақ болып, бір орынды айнала береді. Ондай айналшақты баланың өзі де соғып ала алады.
Ертеде де қастандық оқиғалары болып тұрған. Соның біліне бермейтін уақиғалары тікелей осы ешкі түлігімен байланысты. Жо-жоқ, ешкіге сүзгізбеген, бар-жоғы ешкі етін жегізген. Сол жетіп жатыр. Адам ешкішек болып қалады. Ешкішекіңіз түйнеміңізбен бірдей! Мұны жұлдыз ауру дейді. Бір түннен қалсаңыз тұрып кетесіз.
Сондықтан да, қазақ баласы ешкі өсіруге құлықты бола бермеген. Оның ішінде түлік қатарына қоспаған.
Алайда, оның қалдықсыз ресурс екендігін жақсы білген. Соған орай әрекет еткен.
Алдымен етінен бастайық. Ең жеңіл ет – ешкінің еті. Тез таралады. Дәруменге өте бай. Әсіресе, жасы келген адамдарға қажетті кальций қоспалары да мол. Ол үшін ешкіні өсіру керек. Өсіргенде ешкіні кәдімгідей тәрбиелейді. Бұл нағыз қара күздің уақыты. Қаракүзде ешкі малы, оның ішінде серкенің еті кемеліне келеді, шынымайланады. Аса семірген серкеден кәдімгі қазы түседі. Мұндай ет кәрі-құртаңға айтарлықтай қуат, нәр береді.
Ешкі етінен кейін бір аяқ қымыз, не ашыған айран ішсе жетіп жатыр. Олар ешқашанда майдың қатуына жол бермейді. Ешкінің түлік есебіне кірмеуіне сиырдың да қатысы бар. Өйткені, ертеректе бабаларымыз сиыр малын сасық деп мұрын шүйіріп асырай қоймаған. Сондықтан да қолда айран бола бермеген.
Ешкінің қазы беретін қазылық айы қазанмен тұспа-тұс келеді. Серкелерді ұшалап осы айда сояды. Ешкінің қазысы алты айдан аспайды. Асқан уақытта май өзін-өзі жейтін болады.
Аш қасқырдың да ешкіні жейтін жайы болады. Сондайда қасқыр кәдімгідей шөп жеп тұрады. Ол шөбіміз – ермен. Ермен ешкі майын еріте алады. Сондықтан да бабаларымыз ешкі терісін илегенде майдан арылту үшін осы ерменді қолданған.
Ешкінің сүті мың да бір ем. Төрт түліктің ішінде ана сүтіне жақыны да осы ешкі сүті. Ешкі сүті тез қорытылатын тағам түрі. Сондықтан да оны жасамыс адамдар пайдаланады. Ешкі сүтінің бөрткен, безеуді алып түсетін де қасиеті бар. Соған орай ешкі сүтін жақпамай ретінде жиі қолданады. Құлақ ауруларына да ешкі сүті қолданылған.
Ешкінің терісіне келетін болсақ ең мықты тері осы ешкі терісі. Сондықтан да көкпар тартқанда серкені пайдаланған. Ешкінің терісі тез жидиді, майынан тез арылады, үстіне бір уыс тұз тастаса жуық маңда ірімейді. Таспаны осы ешкі терісінен алады. Өрімнің негізгі терісі осы ешкі терісі. Бәленбай бас дырау қамшылар осы ешкі терісінен өрілген, сәндік аяқтон жасаған. Соған орай оның терісі етінен де қымбат бағаланған. Ешкі терісін арқалаған баяғының қазақтары Меккеге еш мұқтаждық көрмей жеткен дейді.
Ешкі жүнінен асыл ештеңе жоқ. Ең алдымен, құрт-құмырсқа жоламаған, салмағы құс ұлпасындай жеңіл болады әрі жылы, суықты да өткізбейді. Сондықтан да ешкі жүнінен тоқылған тоқымалар қашанда жылы болады. Жосаға көнгіш келеді. Соған орай әйел киімдері осы ешкі жүнінен тоқылады. Ал қылы негізінен басжіптер мен ноқтаға пайдаланылады. Ешкінің қылы жылқыға қарағанда жуас келеді.
Қазақта құлтабан деген сөз бар. Сырт қарағанда бәрі түсінікті сияқты. Мұндай сөз моңғол мен қалмақтарда бар екен. Мұнан ұғарымыз, сүйегінен емес, табанынан құл. Тереңірек үңілсек оның да өзіндік сыры бар екен.
Соғыс уақытында қолға түскен тұтқындарды жұмыс күші ретінде ғана жеккен. Алайда, жаугер тұтқындарды олай мәжбүрлеу оңай болмаған. Соған орай ешқайда кете алмайтын етіп тұтқынның табанын тіліп, ешкінің қылын сіңірген. Өйтетіні жылқыға қарағанда ешкінің қылы жасық.
Мұндай тұтқындар алысқа ұзай алмаған. Және бұлар құлдар емес. Оның ішінде құлтабандар емес. Болса қылтабандар. Құлтабандар емес – қылтабандар.
Мүйізі ерігіш келеді. Әшекейлік маңызы жоғары. Шақшалық, тазтарақ, құстарақтар, бітеуине, көтеуине, шұқуыштар, пышақтың бөдесі, жақтың бөтесі осы ешкі мүйізінен жасалады.
Қалғаны – тұяғы. Одан да сәндік бұйымдар жасайды. Алайда, дәрілік қасиеті күшті. Жылқының, оның ішінде еркегінің екі жасында тісейтіні белгілі. Тісеу аса бір қиыншылықпен жүреді. Соның салдарынан жылқы малы азып кетеді. Соны жеңілдету үшін ешкі тұяғын ақжем болғанша жұмсартып, кептіріп тартады. Соны құнанға ішкізеді. Сол жазында құнан шөпталмауға жарап, жетіліп кетеді.
Бабаларымыз малдың күйлілігін сауырына, бауырына, жауырына қарап айырған. Жай уақытта ешкінің семіздігін айыру мүмкін емес. Оны ешкі бағушы шекшектер жақсы білген. Ешкінің бұғасында екі без болады. Жай уақытта ол көзге көрініп тұрады. Ал мал семіргенде қолдың жұдырығындай майға көміліп кете барады. «Безі жоқ ешкі пышақты табады» деген мәтелдің тура мағынасы осындай.
Сөз ішінде айта кетелік, бұрындары ешкілі байлар болған. Ешкінің табынын тасар, бақташысын шекшек деген. Қойдың ағын қатық, ешкінің ағын көкпек деген. Қой момақан болғанда, ешкі секек. Қойдың жүйрігі келепан да, ешкінің жүйрігі секей.
Ешкі жарықтық табиғатына қарай жылына екі рет төлдеп отырған. Оның екінші мәрте төлдегендегі төлін дағалай атаған. Қазақтың қариялары ешкілерді осылайша төлдетіп, жыл бойы ешкі етінен ажырамаған. Кәрілік мүшелге шыққан бабаларымыз ешкі етін көбірек пайдаланатын болған. Өйткені ол сіңімді және адамды тез ширатады.
Осыларымызды енді адамға қаратып айтсақ бәрі де кездеседі.
Таңғалатын түк те жоқ. Емшек сүтімен бала көтерген шешелеріміз аз болмаған. Жылдың басында туған әйелдердің сол жылдың аяғында босанып жататын сәті аз болмаған. Ондай балаларды ерекшелеп балақай деген. Қазіргі уақытта балақай сөзі басқа мағына алып кеткен.
Ендеше, ешкі баласы бір жылда сегіз төл бере алады. Мұндай тасар ие бермейді. Содан да «Есің кетсе ешкі жи» деген мәтел қалған.
Кешегі бабаларымыз жоқ, оның орнына ешкінің етін, сүтін ас деп білмейтін жаңа ұрпақ келді. Бұл ұрпақ түлік санын көбейтетін ұрпақ емес. Өйткені, қойдың құлағынан қорқатын ұрпақ өсіп шықты. Ал кешегі аға ұрпақ қайтып келгендей жағдай болса ешкіні міндетті түрде түлік қатарына қосар еді. Бесінші түлік қылып.
Төрехан МАЙБАС,
Қазақстанның мәдениет қайраткері.
ҚАРАҒАНДЫ.