Қоғам • 08 Наурыз, 2023

Қазақтың тәтті тағамдарына шетелден де сұраныс бар - Гүлнұр Кәкімбек

813 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің нарықта ұлттық тағамдар жиі сатылады. Ал қазақтың тәтті тағамдарын саудалауды жолға қойғандар некен-саяқ. Солардың бірі – қостанайлық Гүлнұр Кәкімбек. Жас ана ұлттық тәттілер жасап, табыс тауып отыр. 8 наурыз мерекесі қарсаңызда кәсіпкерді әңгімеге тарттық.

Қазақтың тәтті тағамдарына шетелден де сұраныс бар - Гүлнұр Кәкімбек

- Ұлттық тағам түрлерін, оның ішінде халқымыздың тәтті тағамдарын нарық талаптарына сай әзірлеп кәсіп ашқан екенсіз. Демек Қостанайда ұлттық өнімге деген сұраныс жақсы болып тұрғаны ғой.

- Қостанай жұртшылығына мен ұсынған заманауи түрдегі өнімдер таңсық болады. Тұтынушылар біздің дүкенге кірген кезде қол диірменді көріп, женттің дәмін татқанда бала кездерін еске түсіріп жатады. Әжесі мен анасының да осындай тағамдар дайындаған сәттерін еске түсіреді... Сондықтан келушілер баршылық. Бұл қаладағы ұлттық тәттілер әзірлейтін алғашқы дүкен болғандықтан да сұраныс бар.

- Жалпы бұл кәсіпті қолға алу туралы ой қайдан келді?

- Әуелде, мұндай кәсіп ашу туралы ой болмаған. Кейде бала-шаға үшін, енді бірде қонақтарға арнап жент секілді жеңсік астар дайындайтынмын. Ал кәсіп бастауырма бизнес жарнамасының басты құралдарының бірі әлеуметтік желі себепші болды. Өйткені мен балаларыма әзірлеген жентті әлеуметтік желілердегі парақшаларыма жүктеді. Сол сәттен бастап тапсырыс түсе бастады. Көріп отырғаныңыздай соңы саудаға айналды

Кішкентайымнан анамның жанында жүріп, бидай қуырып, оны қол диірменінен өткізіп, жент жасауды үйрендім. Сүт тартып, қаймақ былғап, бауырсақ пісіріп, ерте жастан үй шаруасына араласқан соң, ұлттық тәттілерді әзірлеу еш қиындық тудырмады. Сондықтан көптеп тапсырыс түсе бастағанда, күн-түн демей бірден білек сыбана кірісіп кеттім. Бұл істе отбасым мен жақындарымның қолдауы зор болды.

-  Нарықта бәсекелестік бар ма?

-  Бүгінде әлеуметтік желі арқылы әдемі дүниені жарыққа шығарып, көпке танытуға мүмкіндік мол. Сондықтан Қостанайда болмаса да қазақстандық нарықтағы өзге де өнімдермен салыстырып, өз ерекшелігімді көрсетуге тырысамын.

- Жұмысыңызды қазіргіден де ілгерілетіп, мол табыс табу үшін қандай да бір кедергілер бар ма?

- Қаламызда шикізат өте аз. Тіпті женттің қалыптарын да табу қиын. Өзге қаладан алдыртуға тура келеді. Қолда бар құралдармен жұмыс істеп жүрміз...

ы

- Өнімді қай жерде әзірлейсіздер?

- Дүкен және цех қатар жұмыс істеп тұр. Алла сәтін салса, цехты кеңейту жоспары тұр.

- Өнімді саудаға шығарарда сапасынан бөлек тағы не нәрсеге мән бересіз?

- Ең алдымен сапаға мән беремін. Күнделікті дайындалса да, алдымен өзім дәмін татып көремін. Содан кейін барып сөреге қоямын. Одан кейін қаптамасының сәнді безендірілуіне де зер саламын. Көп тұтынушылар ұлттық өнімді осылай әдемі ұсынғаныма қуанады, таң қалады.

- Ұлттық тағамның бірін әзірлеуге жұмсалатын шығын көлемі мен одан түсетін табыс көлемі жайлы айтып бере аласыз ба?

- Әзірге құпия болсын. Себебі, дүкен ретінде ашылғанына енді ғана 6 ай болады.

- Өнімдеріңізді өзге ұлт өкілдері де сатып алатын шығар?

- Әрине, тұтынушы ұлтқа бөлінбейді ғой. Бізге келген кей өзге ұлт өкілдері осы тағамдармен байланысты түрлі оқиғаларын, тарихи сәттерін де айтып берген еді. Тіпті кей өнім түрлерін өздері үйлерінде дайындауға көшкен басқа ұлт өкілдерін де білемін. Біздің өнім кейде сый ретінде Қазақстаннан өзге мемлекеттерге де жолданып жатады.

- Кәсібіңізден отбасыңызға ойыссақ...

- Үш баланың анасымын. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің аға оқытушысымын. Қазір бала күтіміне байланысты демалыстамын.

- Қыз-келіншектер мерекесі келе жатыр. Кімнен және қандай сый күтесіз?

- Барлық ана, әже, апа, жеңге, сіңілілерімді мерекемен құттықтаймын. Көктемдей құлпырып, айналаға шуақ шаша беріңіздер! Ешкімнен сый күтпеймін, негізі. Көңілдің өзі сый деп білемін.