Пікір • 12 Наурыз, 2023

«Сужылаған»

254 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірнеше жыл бұрын еді. Бірде қала іргесіндегі ауылдың тұрғыны хабарлас­ты.­ Әр сөзіне екпін беріп сөйлетін адам екен, округ әкімнің үстінен шағым айтып,­ оны газетке жазуымызды талап етті. Журналистік кәсіпте түрлі адаммен тілдесіп, небір оқиғамен бетпе-бет келесің ғой, мұндай «талап» бізді аса таңғалдыра қоймады. Дегенмен істің мән-жайын білмек болдық.

Сөйтсек, ағайынның шағымына негіз болған ауылдағы ауыз су жайы екен. Бір жақ­сысы, елді мекенде судан мәселе жоқ, әр үйдің ауласында мөлдір су ағатын құбыр бар әрі ең таза су да осы ауылда сияқты көрінді. Шу көше басындағы үздіксіз ағып тұрған су қондырғысынан шыққан. Округке жаңадан әкім болып келген жас жігіт ауылдағы сондай су қондырғыларын алдырып тастаған көрінеді. Бұл біздің кейіпкерімізге ұнамаған. Уәжі бар: әкім келе сала жылдар бойы ағып тұрған суды тоқтатып, жұрттың тегін су ішуіне кедергі болған-мыс. Расымен, көшеде орналасқан колонкалардағы судың сұрауы жоқ-ты. Және одан су тасып ішіп жүрген жан баласын тағы кездестіру қиын. Бірақ ел ағасы әкімнің бұл ісін құп көрмейді. Мәселеге біржақты қарамас үшін әкімге де хабарластық. Қызық болғанда, бізге тұрғынның шағымы емес, әкімнің жауабы ұнаған еді.

«Ауыз судан проблема жоқ. Сусорғыш станса мен құбыр желісі кеңес кезінен қалғанымен, кейін жаңғыртып, қажетті суды жинап, бөлетіндей жағдайға келтірілген. Әр үйге құбыр тартылған. Сумен қамтуға жа­уапты мекеме бар. Тұрғындар да ішкен судың ақысын төлеп үйренген. Ал ауылдың ішінде екі жерде колонка болған. Ол қысы-жазы ағып тұрады, біреу мал суарады, біреу көлік жуады дегендей, сұрауы жоқ болатын. Бірақ сол аққан судың құнын тағы халық төлеп келіпті. Иә, «Водоканал» артық жұмсалған су үшін тұрғындарға қосымша шығын есептеп отырған. Бұл ауыз су құнының басқа ауылдармен салыстырғанда қымбатқа шыққанын көрсетті. Осыны реттеп, көшедегі су құбырларын жаптық. Тек, мұнымыз такси жүргізушілеріне ұнамаған сияқты, олар күнде сол жерге барып көліктерін жуатын еді...», деді әкім бізге жағдайды түсіндіріп.

Осылайша, ол тақырып жабылған. Күндер өте келе қазіргі қоғамның ысырапшылдыққа қатысты көзқарасы әлгі ойға тағы түрткі салып отыр. Ысырап болғанда, су мәселесіне қатысты. Шынымен біз суды, оның ішінде ауыз суды үнемдеуге келгенде өте салғыртпыз. Мүмкін, елде су тапшылығы сезілмейтін шығар, бірақ бұл проблема күн өткен сайын қордаланып келеді. Және ол мұқым әлемнің бас ауруына айналып отыр. Мәселен, БҰҰ сарапшылары таза суға мұқтаж тұрғындардың 80 пайызы периферияда тұратынын анықтаған. Ал қаладағы адамдардың 96 па­йызы таза су ұғымын құбырдан аққан су деп ұғады екен. Жалпы, деректерден жаһанда 2,21 млрд адам таза суға зәру екенін білдік. Ал су сапасының төмендігі мен жетіспеушілігі әлемдегі 4,52 млрд адамның санитарлық талапқа сай өмір сүруіне кедергі болып отыр. Өкініштісі, таза су мұқтаждығы балалар арасындағы өлім-жітімнің артуына да себеп болуда. Антисанитарлық жағдай түрлі жұқпалы ішек ауруларының таралуына әкеліп, соның кесірінен жыл сайын 5 жасқа толмаған 300 мыңға жуық бүлдіршіннің шетінейтіні жайында сұмдық цифрлар бар. Жалпы, су тапшылығы мәселесі шешілмеген мемлекеттерде жер халқының үштен бірі тұрады. Басқаша айтқанда, алып жердегі әр он адамның төртеуі таза суға зәру деген сөз.

Расымен, біз тәубе деуіміз керек. Сондай-ақ қоғамға сөзімізге жоғарыда арқау еткен ауылдағы әкім сияқты үнемшіл шенеуніктердің көп болғаны пайдалы болар ма еді дейсің. Бізше, әкімдерді тағайындарда жанашырлықтан бөлек, үнем­шілдік қасиетін де ескеру керек. Мұндай ойды Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында да айтқан еді. «Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қазақстандықтардың қашанда да­йын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн», деді Президент.

Айтпақшы, ауылды қойып, Астананың оң жағалауындағы көшелерде тоқтамай ағып тұрған су құрылғыларын көруге болады. Есе­сіне, астаналықтардың әлгі колонкадан су алға­нын көрмеппіз әрі бас қалада фильтрсіз су ішу деген түсінік жоқ. Сол, маңайы қатып, мұзтауға айналған қон­дырғыны көрген сайын баяғы уәжін тың­даған ауыл әкіміне тағы телефон шал­ғы­мыз келеді. Бірақ ол астаналық ауданның басшысы емес қой...