Сайлау • 13 Наурыз, 2023

Партиялар пікірталасы: Сөзден – іске

229 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

КТК телеарнасының тікелей эфирінде Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын саяси партиялар өкілдері пікірталасқа түсті. Теледебатқа «Amanat» партиясынан Айдос Сарым, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Динара Шүкіжанова, Қазақстан халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» жасылдар партиясынан Айнұр Сәбитова, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Дәния Еспаева, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Асхат Рахымжанов қатысып, елді дамыту жолындағы орамды ой-ұсыныстарын ортаға салды.

Партиялар пікірталасы: Сөзден – іске

апа

Айдос САРЫМ,

«Amanat» партиясының өкілі:

– Біздің бағдарлама халықпен бірге жазылған. Біз тұрғындардың нақты мәселелерін білеміз және оларды ше­ше аламыз. Елде тәртіп орнатып, әлеу­меттік әділеттілікті қамтамасыз етеміз. Елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару міндетін орындаймыз. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық, олигополияға және латифундистерге қарсы күресті күшейтеміз. Әр отбасы, әр қазақстандықтың табысын арттырамыз. Жаңа әлеуметтік кодексті қабылдаймыз. Біз аға буынның зейнетақысын және базалық зейнетақыны көтереміз. Зиянды заттармен жұмыс істейтін адамдардың мерзімінен бұрын зейнетке шығуы талабын орындаймыз.

Мұғалімдер мен дәрігерлердің, әлеу­меттік қызметкерлер мен әскери қыз­метшілердің жалақысын арттыру мә­селесі де – басты назарда. 2 миллионға жуық азамат алатын әлеуметтік көмекті 1,5 есеге көтереміз. 1 миллионнан ас­там оқушы орнын қамтитын мектеп­тер саламыз. 730 мың отбасына тұрғын үй саламыз. Экономика саласында жыл сайын 40 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын ашатын жүздеген кәсіпорын ашамыз. 1,5 млн жасты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз. Бірегей жағдай жасайтын жаңа салық кодексін қабылдаймыз. Одан бөлек, бизнес үшін 15 мың реттеуші кедергілерді алып тастаймыз. Аграрлық секторда 100 инвестициялық жобаны іске асырып, оған 1,5 млрд доллар жұмсаймыз. Біз «Жер аманаты» жобасын жалғастырып, мемлекетке тағы 5 млн га жерді қайта­рамыз.

 

смсм

Жигули ДАЙРАБАЕВ,

«Ауыл» халықтық демократиялық партиясы төрағасының орынбасары:

– «Ауыл» партиясы ұлттық әл-ауқат­­ты арттырудың түбегейлі және жаңа саясатын ұсынады және оны жүзеге асыруға дайын. Партия ауылдық аймақтар мен аграрлық салаға реви­зия жүргізуді көздеп отыр. Біз азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабыл­даймыз. Индустриалды-аграрлық елге лайық реформалар болуға тиіс. Мем­лекеттік бюджет есебінен барлық ауыл шаруашылығы тауарларын өнді­руші­лердің кредиттік жүктемесін босатамыз. Ешкімнің батылы жетпеген Агро­банк құру мәселесін шешеміз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін бүкіл салық түрлерін жою керек. Атап айтқанда, партия ауылға жайлы тұрмысты қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ауылдардың инфрақұрылымын қалпына келтіріп, дамыту керек. Ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайын жақ­сар­ту қажет, яғни олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау маңызды. Үйде бала бағып, ұрпақ тәрбиесімен айналысып отырған әйелдер мемлекеттен қаржылай қолдау алуға тиіс.

Қазір медициналық сақтандыруың болмаса ешкімге керек емессің. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл­дықтарды тұрақты жұмыспен қамта­масыз ету керек. Бүгінгі жағдайда бұл мүмкін емес. Бірақ тығырықтан шығудың басқа жолы бар. Ол – жеке үй шаруашылығы кооперациясын құру. Бір ЖҮШ-те ең кемі екі адам – ері мен әйелі жұмыс істейді, яғни өзін-өзі қамтамасыз етеді. Олар өндірген ауыл шаруашылығы өнімін кооперативке өткізсе кооператив олардан салықты ұстап қалуға міндетті.

 

прапрДинара ШҮКІЖАНОВА,

«Respublica» партиясының            

тең төрағасы:

– Біз, «Respublica» партиясы эко­номикалық өзгерістердің түпкі нәтижесі – азаматтардың әл-ауқатын жақсарту екенін нақты түсінеміз. Сіздерге қара­пайым ғана мысал келтірейін, 2023 жылы Қазақстанның кіріс бөлігі – 17 трлн теңге, ал шығыс бөлігі 21 трлн теңгеге жетті. Демек, 2023 жылы мем­лекеттік бюджеттің тапшылығы 4 трлн теңге болады. Егер мемлекетіміз кә­сіп­орын болса, онда бұл кәсіпорын банкротқа ұшырар еді. Қандай саланы әрі қалай дамытуды қалағанымыз маңызды емес. Оған ақша жоқ. Мұны бизнес ұстанымы тұрғысынан айтып отырмын. «Respublica» партиясы – экономиканың шынайы секторында жұмыс істейтін бизнесмендер.

Кейінгі 10 жылда ел азаматтары пан­демия, девальвация, санкцияны бас­тан кешірді және күн сайын шынайы экономика жағдайында жұмыс істеп жатыр. Біз басқаша әдіс ұсынғымыз келеді. Біз экономиканың, Қазақстан экономикасының кірісті болғанын қалаймыз. Сол уақытта кез келген қа­ра­жатты денсаулық сақтау, білім бе­ру және өзге де салаларды дамытуға жұмсауға болар еді. Қазіргі сәтте бәріміз де 30 жылдан кейін әлемнің жоғалып кетпейтінін жақсы білеміз. Мүмкін, көпшілікке бұл қызық емес те шығар. Бірақ мені бұл толғандырады. 30 жылдан кейін қызым қазіргі менің жасыма келеді. Оның қалай білім алатыны, қайда жұмыс істейтіні және қалай емделетіні өте маңызды. Біз инфрақұрылымды дамытуымыз қажет. Шикізаттық бағыттан өңдеуге бет бұруымыз керек.

 

смс

Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ,

Қазақстан халық партиясының төрағасы:

– Партиямыздың идеясы – социа­лизм. «Қайдағы социализм?» деп сұ­рау­ларыңыз мүмкін. Мысалы, скан­ди­навиялық социализм бар. Норвегия осыдан жарты ғасыр бұрын ғана Сол­түстік теңізден мұнай мен газдың ора­сан зор қорын тапқан. Ал қазір әр нор­ве­гиялықтың арнайы шотында орта есеппен 238 мың еуро жатыр. Жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бізде идея бар, сол идеяға қадам басып келеміз. Бұл тұрғыдан алғанда, егер 19 наурызда миллиондаған адам Халық партиясының бағдарламасын қолдаса, бұл идея материалдық күшке айналады. Біз бұл іске ізгі ниетпен қараймыз.

Әлеуметтік әділеттілік идеясы ха­­лық арасында өміршеңдігін сақ­тап тұр, оны жүзеге асыратын уақыт келді. Халық партиясы демократияны, мемлекеттік басқару мен басқа да жетекші салалардағы реформаларды, тегін медицина мен білім беру­ді, тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруды, аймақтарды дамытуды, олигархиямен күресуді, күшті мемлекет қалыптастыруды жақтайды. Халық партиясы әйелдердің 58 жастан зейнетке шығу қозғалысын қолдап келді, нәтижесінде 61 жастан зейнетке шығуға 5 жыл мораторий жарияланды. Партияның сайлауалды бағдарламасында көпбалалы аналарға, толық емес отбасы мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналарға қолдау көрсетуге басымдық берілген.

Түсінесіздер ме, біз қазір цифрлар мен фактілерге, алуан түрлі уәделерге еріп кетуіміз мүмкін. Ал пікірсайыс – пікір алмасып, идея бөлісетін алаң.

 

апапАйнұр СӘБИТОВА,

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілі:

– Біз «Байтақ» жасылдар партиясын құрдық. Өйткені уәделерді естуден және ірі өнеркәсіптік компаниялардың еліміздің жер қойнауы есебінен қалай байып жатқанын көруден шаршадық. Өнеркәсіптер ауаны ластап жатыр. Балаларымыз осы лас ауамен тыныс алады, сондай-ақ мұндай жағдайдан ата-аналарымыздың да денсаулығы нашарлайды. Кейінгі бірнеше жылда еліміз экологиялық мәселелермен, соның ішінде ауаның ластануы, өндірістік және тұрмыстық қалдықтар, су тапшылығы, радиоактивті ластану және басқа да өзекті мәселелермен бетпе-бет келді.

Осы орайда мұндай залал үшін, он­ко­логиялық аурулар мен басқа да дерт­тер үшін ешкім өтемақы алмайды. «Байтақ» партиясының тұғырнамасында денсаулығы мықты, ақылды, білімді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасы қалыптасқан жастардың мүмкіндігімен экономиканы көтеріп, мемлекеттің қуатын арттыруға ерекше мән беріліп отыр.

Саламатты өмір салты еліміздің экономикасына да оңтайлы ықпал етеді. Елімізге таза энергия мен таза өнеркәсіп қажет екенін айтқымыз келеді. Біз билік үшін емес, Әділетті Қазақстанның мүд­десі үшін күресіп жатырмыз. Біз күн сайын азаматтарымыздың, қарапайым халықтың құқығын қорғап келеміз. Егер біз Парламентке кірсек, онда «Байтақ» партиясы тиісті аудит жүргізіп, өнеркәсіптік кешеннің экологияға келтірген зиянына қатысты тәуелсіз зерттеулер жүргіземіз. Біз бұл бағытта тиісті әрекеттер жасап жатырмыз және жоспарымызды жүзеге асырамақпыз.

 

тит

Дәния ЕСПАЕВА,

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілі:

– «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасында кедейлікті азайту, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жою, экономиканы монополиясыздандыру міндетін қойып отырмыз. Біз кедейлікті қалай жеңуге болатынын білеміз – бұл үшін жаппай кәсіпкерлікке мүмкіндік жасау керек. «Ақ жол» партиясы шағын бизнесті есеп беруден босатуды, оның айналымын 100 млн теңгеге дейін ұлғайтып, патентпен жұмыс істеуге мүмкіндік беруді талап етеді. Бір ғана осы мүмкіндік жұ­мыс орындарының санын көбейтуге мүм­кіндік береді, жұмыспен қамтуға арнал­ған бірде-бір бағдарлама мұндай нәтиже берген жоқ. Біз шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен келісім­шарттарды қайта қарауды және пайданы бөлуде Қазақстанның үлесін арттыруды талап етеміз.

Партия Қазақстаннан тыс жерлерге кеткен жемқорлардың ақшасын қайтаруды талап етеді. Жемқорлар жазасын өтегеннен кейін де Қазақстаннан тыс жерге шығуға құқығы жоқ. Ауыл тұрғындарының баспана жағдайын жақ­са­р­ту үшін міндетті ауылдық ипоте­калық несиелеуді ұсынамыз, ал бүгінде қала­ларға жаппай көшіп келе жатқан жастар үшін әкімдіктер әлеуметтік тұрғын үй салуы керек, сонда бұл жас­тар аяққа тұрып, болашақта өздеріне тәуір бас­пана сатып ала алады. Бүгінгі баспана бағдарламалары тек көпбалалы отба­сыларға арналған, ал жас отбасылар не істеуі керек?! Біз жас отбасыларға арналған ипотекалық бағдарламалар бойынша әрбір бала үшін пайыздық мөлшерлемені төмендетуді ұсынамыз.

 

прпрАсхат РАХЫМЖАНОВ,

Жалпыұлттық

социал-демократиялық     партиясының төрағасы:

– Еліміздегі кәсіпорындар мәселесін шешу керек, сондай-ақ байлықты өндіру және экспорттау салаларын біртіндеп ел меншігіне алу қажет. Мұнай, уран және алтын сияқты қазба байлықтар жеке­ленген адамдардың игілігі мен басқа­руы үшін берілген жоқ. Кім көп ақша тапса, сол бюджетке көбірек са­лық төлеуге тиіс. Бұл өз кезегінде тиім­­ді әлеуметтік саясатты жүргізу үшін қажет. Тұтынушылық несиелер бойын­­ша пайыздық мөлшерлемені және кепіл­­дік бойынша ұсынылатын кредит пен ипотеканың үстемесін төмендету қажет. Тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық халқымыздың өркендеуіне кедергі келтіреді. Онымен ашық және аяусыз күресу керек. Жемқорларды түрмеге жабу керек.

Парламент те ашық болуға тиіс. Онда балама пікірлер еркін айтылуы қажет. Осының алдындағы шақырылымда бол­ған партиялар өздерінің кәсіби жарам­сыздығын көрсетті. Олар қара­пайым азаматтардың мүдделерін қорға­майды. Бағалар негізсіз қымбаттап жатыр. Мәселен, сіз дүкендерде қарыз дәптерлерінің бар екенін жақсы білесіз.

Олигархияға бағытталған экономикадан арылатын кез келді. Қазақстан экономикасы – бұл қарапайым бөлшек сауда. Яғни «сатып ал да – саудала», басқа ештеңе жоқ. Тек кейбір адамдар байып, миллиондаған азаматтар кедей болатын процесті тоқтату керек. ЖСДП не ұсынады? Біріншіден, оффшорлық шоттардағы барлық қаражатты елге қайтару орынды. Бұл одан әрі жүргізілетін реформалар үшін қажет.

ТҮЙІН. Теледебат – саяси додаға қатысушы 7 партияға өздерінің сайлау­алды бағдарламаларын кеңінен таныстыруға зор мүмкіндік беретін ашық алаң. Сол себепті партия өкілдері тартысты өткен пікірталас кезінде бағдарламаларының ұтқыр тұстарын, тың ұсыныстарын айтуға, электорат жинауға барын салды. Бір партия оны эмоционалды, екіншісі интеллектуалды түрде, енді бірі нақты атқарған істерімен айтып тырысты. Алдағы сайлау тартысқа толы болатыны анық, өйткені бәсекелестік өте жоғары. Басты мақсат – қоғамның саяси жүйесін қайта жаңғырту. Ал жаңа уақыт талабының бірі – ойын нақты жеткізетін, сая­си дебатта нақты позициясын қорғай алатын саясаткерлер қатарын көбейту.

 

Дайындаған

Оралхан АХМАДИЯ,

«Egemen Qazaqstan»