Әлем • 12 Наурыз, 2023

Заңнан шыққан шу

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпанның соңында Грузия парламенті «Шетел ықпалының ашықтығы туралы» және «Шетел агенттерін тіркеу туралы» деп аталатын екі заң жобасын қарап, соңғысын мақұлдаған еді. Алайда бұл заң жобаларына қарсы шыққандар көп болды.

Заңнан шыққан шу

Әуелі парламентте бастал­ған қарсылық Тбилиси орта­лы­ғындағы наразылық акция­сы­на ұласты. Осылайша, іс ушығып, екі күнге жалғасқан соң, елдің билеуші партиясы заң жобасын күн тәртібінен алып тастауға мәжбүр болды. Грузия парламенті шетелдік агенттер туралы заң жоба­сын бірінші оқылымда мақұл­да­ған еді. Өйткені ондағы 150 депутаттың 76-сы қолдап, 13-і қарсы болған, 61 депутат қа­лыс қалған. Қабылдануға сәл қалған заң шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғаларды арнаулы реестрге тіркелуді міндеттейді. Олай болмаған жағдайда ірі көлемде айыппұл салынуы немесе бес жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін еді. Алайда «Грузин арманы – Демократиялық Грузия» билеуші партиясы Тбилисидегі жаппай нара­зы­лықтан кейін парламенттен аталған заң жобасын алып тастау туралы шешім қабыл­да­ды.

«Қоғамның әрбір мүше­сі­нің алдында жауапты бас­қарушы күш ретінде біз өзіміз қолдаған шетел агент­те­рі туралы заң жобасын еш­қандай алғышартсыз кері қай­тарып алу жөнінде шешім қабыл­дадық», делінген партия сайтында жарияланған мәлім­де­меде.

Өйткені осыған байланыс­ты Тбилиси орта­лы­ғын­да екі күн бойы наразылық акция­сы өтіп, наразылық білдіру­ші­лер­дің бір бөлігі парламент ғимаратын қоршай бастаған. Жағдай ушыққан соң қала орталығына арнайы жасақ тартылған. Грузин ақпарат құралдарының хабарлауынша, ереуілшілердің көбі газ, түтін және төбелестен зардап шеккен. Кейбірі қамауға алынған. Түн ортасынан кейін арнайы күштер Руставели даңғылындағы акцияны таратып, парламентке қарама-қарсы аумақты толығымен тазартты.

Грузия билігі болса, нара­зы­лық күш көрсету сипатына ие болды деп мәлімдеді. Ал АҚШ-тың Тбилисидегі елшілігі мақұлданған заң жобасы мен шеруге шыққандарға күш қолданылғанын «грузин демократиясына түскен дақ» деп атап, баға берген.

«Мұндай заңның мақұл­­­дан­ға­ны Грузияның страте­гия­лық серіктестерімен қа­ты­­насына зиян келтіреді және өз елінің азаматта­ры­на көмектесіп жүр­ген ұйым­дар­­дың жұмы­сын қиын­дата түседі. Заң жобасы мен оның өте белсен­ді талқы­лан­ғаны билік партия­сы­ның Еуроатлантика инте­гра­­ция­сы­на дайын екеніне кү­мән келтіреді», деп мәлімдеді АҚШ елшілігі.