Аймақтар • 14 Наурыз, 2023

Ерте қамданғанның есесі кетпейді

208 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көкшеге көктем кеш келеді. Дарқан даланың төсі жаңа жіпсіп, сай-салада қызыл су енді жүре бастады. Жауапты кезеңге дайындық біршама жасалғанымен, ілгеріден келе жатқан олқылықтың орны ойсырап тұр.

Ерте қамданғанның есесі кетпейді

Фото baq.kz

Су айдындарының үстіндегі мұз әлі сол қалпы. Өзендер де әзір­ге міз бағатын емес. Өңір соң­ғы жылдары көктемгі су тас­қынынан қаншама бейнет шекті. Сондықтан да тиісті меке­мелер қауіпті кезеңге қарекет жа­сап, тас-түйін дайындалуға күш салуда. Алдымен өткен жыл­дардағы су тасқынының зар­даптары ескерілген. Биыл да қар­дың қалыңдығы, топырақтың қату тереңдігі есепке алынып, қызыл су осы тұстан жайылады-ау, ағын су осы маңда кептеліске ұшы­райды-ау деген болжамдар ек­шелуде. Бар жайды таразы ба­сына тарта келе, Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау, Астрахан, Шортанды аудандары қауіп-қатердің шеңберінде деген ұйғарым жасалып отыр. Міне, сондықтан осы аймақтардағы көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары ширай түсуде.

Облыста су тасқынынан зардап шегуі мүмкін 128 елді мекен анықталды. Негізгі күш осы бағытқа жұмылдырылуда. Бір жақсысы, өңірде жол бойын қардан аршып, елді мекендерді тазартуға барынша мән беріліп отыр. Қаржыландыру көлемі де өткен жылмен салыстырғанда, 36 пайызға көбейіпті. Мәселен, 2022 жылы 859 миллион теңге қарастырылса, биылғы жылы 1 миллиард 341 миллион теңге бағытталған. Облыстық бюджеттен 63,3 миллион теңге қаражат бөлініп, су тасқыны қаупі бар өзен арналарындағы мұзды жарып, ағын судың кептелісін болдырмау үшін қам-қарекет жасалуда. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттерден де 12 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.

Төтенше жағдайлар депар­таменті өңірдегі қалыптасқан ахуалды мұқият қадағалауда. Ол үшін қауіп-қатері мол өңір сана­тындағы аудандарда ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Елді ме­кен тұрғындарымен де қауіп­сіздікті қалай сақтау керектігі туралы жиындар өткізілуде. Ке­шегі күннен бастап «Көкше-Бур», «БВР-техносервис» серік­тестіктері 20 мың шаршы метр ал­қаптағы мұзды жарып, 15 өзен­нің аңғарын тазалауда.

Көктем келісімен кейбір ел­ді мекендерді су басып қала­тыны болады. Оның негізгі се­бебі, қыс бойғы жауған қар­дың күрт еруінде. Бұл кезде суа­ғар­лар қатып, сай-сала жіби қой­мағандықтан, жоғарыдан лық­сып келген қызыл су етектегі ел­дің есін шығаратыны бар. Осын­дай жағдай болмауы үшін 869 мың текше метр қар шы­ғарылды. Өткен жылғы сәйкес мер­зіммен салыстырғанда 40 па­йызға көп. Көктемгі сынақ – қашанда қауіпті. Осы орайда, ерте қамданғанның есесін кетпейтінін ескерген департамент қажетті техникасын сайлап, 17 мың тонна инертті материал дайындап, тас-түйін отыр.

Қауіптің төнер тұсы гидро­техникалық құрылыстардың әбден ескіруінде болып тұр. Басқасы басқа, бұл жайды терең тал­дап, шара қолданбасқа болмайтындай. Мәселен, өңірде 90 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 17-сі республикалық мен­шікте, 66-сы коммуналдық қыз­мет иелігінде, жетеуі жеке­мен­шіктікі. Осы арада ашына айтар бір жайт, гидротехникалық құры­лыстардың табаны күрек­тей отыз жылдан бері үздік­сіз пайдаланылып келе жатқан­дығы. Мамандардың айтуына қа­рағанда, тозығы жетпіс пайыздан астам. Тексеру нәтижелері кезінде 3 гидротехникалық құрылыстың әбден апаттық жағдайға жет­кендігі анықталып отыр. Нақты айтатын болсақ, Бұланды ауда­нындағы Иванковская, Шор­танды ауданындағы Негізгі, Бурабай ауданындағы Веденов­ская бөгеттері. Сондай-ақ 18 құ­­рылыстың жағдайы қанағат­тан­ғысыз. Бұл бөгеттер Аршалы, Астрахан, Бұланды, Бурабай, Есіл, Жақсы және Қорғалжын, Ерейментау аудандарында.

Шортанды ауданының Дамса, Пригородное, Сарықамыс, Қор­ғал­жын ауданының Бор­лысай-1, Борлысай-2, Қызылсай, Ерей­ментау ауданының Бәймен бөгеттерінің де жағдайы мүшкіл. Толқын ұрып тоздырған, сең со­ғып сілікпесін шығарған бұл бөгеттер ертең қар суына лы­қылдап толған кезде төтеп бере ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бө­геттердің төндіретін қаупі де аз емес. Сәл ғана таратып айта кетелік, мәселен, Бұланды ауда­нындағы коммуналдық мен­шіктегі Иванковская бөгетінің сыйымдылығы 15 миллион тек­ше метр. Тозығы жеткен бөгеттен 4,5 шақырым жерде Иванковка ауылы орналасқан. Ал ол ауылда қазіргі күні 214 адам тұрады. Сондықтан да қауіп қайдан деуге болмайды.

Гидротехникалық құры­лыс­­тарды тексерген кезде ір­ге­ле­рінің қопарылып, су шай­ған­дығы, бетонның жала­ңаш­танып, бүйірдегі топырақтың төмен сыр­ғуы байқалады. Осын­дай тозудан кейін тұс-тұста терең ойықтар пайда болған. Уақыт тоз­дырған құрылыстарды тап-тұйнақтай етіп жөндемесе болмайтындай. Жоғарыда Иван­ковская бөгетінің қаншама халыққа қауіп төндіретіні туралы айттық. Шынтуайтында мұндай қауіптің көп екендігін жасыруға болмас. Мәселен, Бурабай ауда­нындағы коммуналдық мен­шіктегі Веденовская бөгетінің сыйымдылығы – 10 миллион текше метр. Сай-саланы қуалай аққан көктемгі қар суы бөгетті лықылдата толтырады. Міне, сол кезде ернеуінен асқалы тұрған топан су төңірекке кәдімгідей қауіп төндіреді. Веденовка ауылы аталған бөгеттен небәрі 3 шақырым жерде. Ауыл тұр­ғындарының саны – 1 176 адам.

Міне, осындай қауіп-қатердің бар екендігін айта отырып, қызыл судың қаһарынан аман-есен құ­тылу үшін бұл тараптағы бар жұ­мысқа мұқият болу керектігін тағы да еске салғымыз келеді.   

 

Ақмола облысы