«Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты сын айтқан болатынмын. Дегенмен, бұл кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар. Соны толығымен жүзеге асыру керек», деді Мемлекет басшысы.
Ендеше, қазіргі азаматтық қоғамның бет алысы қандай? Жаңа Қазақстан заңдылықтарына сай ма? Алдымен Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасу тарихына тоқталсақ, деректер бойынша аталған қоғамның құрылып, дамуы екі кезеңнен өткенін көреміз. Оның алғашқысы өткен ғасырдың 90-жылдары пайда болған тәуелсіз кәсіподақ ұйымдары. Олар экономиканың үкіметтік емес секторы жұмысшыларының мүддесін қорғады. Одан соң әлеуметтік қорғау коалициясы құрылды. Бұл коалицияда 28 түрлі ұйым, партия, қозғалыстар бірігіп әлеуметтік мәселелерді қозғады. Сөйтіп, 2000 жылдың соңында «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы» заң қабылданып, үшжақты – билік, жұмыс берушілер мен жұмысшылар заңды түрде әлеуметтік әріптестік құрды.
Ал 2005 жылы ҮЕҰ-ның түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беретін «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заң күшіне енді. Көп ұзамай, 2006 жылы «Қазақстан Республикасында 2006-2011 жылдары Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы» қабылданды. Заңды құжатта азаматтық қоғам институтын дамыту тетіктері мен жолдарына бағытталған іс-шаралар қамтылды. БАҚ-тағы деректерге сүйенсек, 2006 жылы елдің азаматтық секторында ресми түрде 5820 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бұған 12 саяси партия, 3340 қоғамдық қор, 1072 заңды тұлғалар қауымдастығы, 471 ұлттық мәдени орталық, 3340 діни ұйым кірді. Олар аталған тұжырымдама бойынша жұмыс істеп келді. Уақыт өте келе 2015 жылдан бастап «ҮЕҰ деректер базасы» нормасы енгізіліп, үкіметтік емес ұйымдар қызметі бойынша есеп тапсыру міндеттелді. Осылайша, үкіметтік емес ұйымдардың есеп беру жүйесі қалыптасып, олар уәкілетті органға қызметінің бағыты, көлемі туралы арнайы базада есеп беріп отырды.
Десе де, осы уақытқа дейін ҮЕҰ жұмысы заңдастырылғанымен, олардың толыққанды қызмет етуіне жағдай жасайтын маңызды тетіктер қалыс қалды. Оның үстіне азаматтық қоғамның бір бөлігі волонтерлік қызмет те жүйеленбей, жекелеген адамдар мен волонтерлік кішігірім ұйымдар өз беттерінше қайырымдылық жасап, мұқтаж тұрғындарға көмек көрсетті.
– Қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың тағы бір маңызды факторы саналады. Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді. Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді. Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет, – деген еді өткен жылы халыққа арналған Жолдауында Президент Қ.Тоқаев.
Ал мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта болуы әрине мемлекет көрсеткен қолдауға байланысты екені сөзсіз. Мемлекет басшысының Жолдауынан соң Үкімет іске кірісті. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік тапсырыстар мен мемлекеттік гранттар есебінен күн көріп жатқаны белгілі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі алдымен осы гранттық қаржыландыру аясындағы мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Министрлік халықаралық тәжірибені зерттеп, сарапшылармен бірге гранттық қаржыландыру саласында заңнаманы жетілдіре түсу бағытында жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде, «Волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар мәселелері» жөніндегі заңға Президент 2022 жылдың 4 шілдесінде қол қойды, Заң осы жылдың 5 қыркүйегінен бастап күшіне енді.
Волонтерлік қызмет, қайырымдылық, үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заң Мемлекет басшысының аталған салаларға мемлекеттік қолдауды нығайту шеңберінде қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. Заңда алдымен «волонтерлік қызмет», «қайырымдылық волонтері», «волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті орган» ұғымдары нақтыланған. Сондай-ақ заңда мемлекеттік гранттардың тиімділігіне бағалау жүргізу жөніндегі нормалар күшейтілген.
«Коронавирус инфекциясының таралуы белең алған кезде көптеген волонтер мен волонтерлік ұйымдар халыққа, дәрігерлер мен әскери қызметкерлерге көмектескені баршаға аян. Бірақ олар бір проблемаға тап болды: оларда жеке бөлмелері мен кеңселері ғана емес, сонымен қатар қор сақтау орындары болған жоқ. Осыған байланысты азық-түлік пен медициналық жиынтықтарды қалыптастыра алмады. Бізде із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеумен айналысатын бірқатар тұрақты волонтерлік ұйымдар бар. Оларда да жабдықтар мен мүліктерін қоятын жер жоқ. Себебі олар коммерциялық қызмет көрсетпейді және қаржыландырылмайды. Осыған байланысты депутаттар түзетулер енгізді», деді жұмыс тобының жетекшісі Вера Ким.
Ал енді жаңа заңға сәйкес волонтерлерге үй-жайлар сатып алу құқығынсыз ұзақ мерзімді жалға беріледі. Бұдан басқа, мемлекеттік тапсырысты орналастыру, гранттық қаржыландыру және коммерциялық емес ұйымдар үшін сыйлықақылар беру салалары кеңейтілген. Атап айтқанда, заң жобасына екі жаңа тармақ енгізілді: волонтерлік бастамаларды дамыту және қолдау (бұрын болмаған), сондай-ақ жануарларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, соның ішінде жануарлардың баспаналарын қолдау. «Менің ойымша, бұл жақсы норма, жануарларды қорғау ұйымдары үшін қуанышты жаңалық», деп атап өтті Вера Ким.
Сондай-ақ қайырымдылық волонтерлерінің қызметі ретке келтірілген. Осы заң шеңберінде қайырымдылық ұйымдарының немесе көмекке мұқтаж нақты жеке тұлғаның пайдасына қаражат жинау жөніндегі қызмет енді қайырымдылық ұйымының өзі мен волонтер арасында немесе волонтер мен мұқтаж жеке тұлға арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарт болған кезде ғана жүзеге асырылатын болады. «Қайырымдылық волонтерлерінің жасы 18-ден төмен болмауы керек. Бүгінде волонтерлік қызмет, қайырымдылық түрінде және халықтан ақша сұрайтын көптеген адам бар екенін көріп отырмыз. Дүкендерде, түрлі мекемелерде адамдар қайырымдылық көмек көрсетуді немесе қандай да бір операция жасауды сұрайтын жәшіктер тұр. Бұл қызмет реттелуі керек. Біздің заңда бұл нормалар қарастырылған», деді Вера Ким.
Сондай-ақ заңда азаматтарды қайырымдылық және волонтерлік қызметпен айналысуға тарту үшін мемлекеттік марапаттар, атақтарға ұсыну секілді мәселелер де қаралған.
– Заңда үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақылар беру де енгізілген. Олардың жобаларын грант жағынан қаржыландырудың жүйесін саралау қарастырылған. Жаңа тәсілдер халыққа қажетті салаға грант бөлуге жағдай жасайды. Мәселен, Заң аясында гранттардың тиімділігін бағалау тетігі бар, ол үкіметтік емес ұйымдар көрсететін қызметтердің сапасын, бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және кейіннен грант беру үшін негіздеме болады, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.
Бұған қоса жаңа заңға үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылдың жаңа тетігі – стратегиялық әріптестікті енгізу ұсынылған. Мамандардың айтуынша ол халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген. Мәселен, Ұлыбританияда мемлекет аса беделді үкіметтік емес ұйымдармен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жүзеге асыратын стратегиялық әріптестік деп аталатын тәжірибе бар. «Мемлекеттік органдардың стратегиялық әріптестер пулын бейінді, әрі кең өкілдік базасы бар үкіметтік емес ұйымдар қатарынан қалыптастыру – қоғаммен жұмысты жандандыруға, қоғамдық сұраныстарды дер кезінде мемлекеттің күн тәртібіне қойып отыруға мүмкіндік береді. Бұл тетіктің келесі тәсілдері бекітілді: стратегиялық әріптестіктің бағыттарын мемлекеттің жалпыұлттық басымдықтарын негізге ала отырып, мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде ел Үкіметі айқындайтын болады. Стратегиялық әріптестікті іске асыру ұзақ мерзімді негізде министрліктер деңгейінде ғана болады. Стратегиялық серіктестерді мемлекеттік органдар конкурс арқылы анықтайтын болады. Әр бағыт бойынша бір үкіметтік емес ұйым анықталады», деді ҮЕҰ жұмысына тоқталған Мадияр Қожахмет.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, мемлекет жыл сайын 2 мың әлеуметтік маңызы бар жобаны ҮЕҰ-мен өзара байланыс арқылы іске асырып келеді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде, 2022 жылы 500-ден астам жұмыс орны құрылған. Қазіргі уақытта елімізде 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген, оның 17 мыңынан астамы белсенді жұмыс істейді.
Осылайша, үкімет волонтерлік және үкіметтік емес ұйымдардың қызметін ынталандырып, заңмен реттеді. Бұл азаматтық қоғамның дербестігін айқындай түсті.