Қоғам • 15 Наурыз, 2023

Жылқының атасы

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жер бетіндегі жылқы атаулының алғашқы атасы эогиппус деп аталған. Жануар осыдан 50-60 млн жыл бұрын пайда болыпты. Биіктігі мысықтай ғана, небәрі 30-35 см, ал салмағы 5 кг тартқан. Эогиппустан түрлі тұяқты жануарлар тарады.

Жылқының атасы

Ғалымдардың зерттеуінше, 25 миллион жыл бұрын ғаламшары­мыздағы климат өзгеріп, ормандар мен бұталы алқаптар, шалғындар құрғақшылыққа ұшырап, жер беті кебе бастаған. Осы өзгерістен соң таулы-тасты далалар қалыптасып, тұрқы қазіргі жылқыға ұқсас жыл­қының ататегі қалыптаса бастайды. Жұмсақ айыр тұяқтары қатты тұяққа айналып, содан секіріп, жылдам жүруіне жағдай туыпты. Арада 13 миллион жыл өткен соң эогиппустан дене тұрқы киіктей, әр аяғында үш айыр тұяғы бар, жылдам шаба алатын гиппарион деген жануар пайда болған деседі.

Павлодардағы «Қазқонақ» та­биғи ескерткіші – ежелгі заманда өмір сүрген жануарлардың қаңқасы сақталып қалған ғажайып жер. Ертіс өзенінің жарлауыт тұсында ор­наласқан ескерткіштен 1928 жы­лы палеонтологтар 5-7 млн жыл бұрын өмір сүрген түрлі жануар­лардың сүйектерін тапқан. Оны жинағанда екі вагон шыққан екен. Кейін ол Мәскеуге жөнелтіліп, зерт­теледі. Осы қаңқалардың арасында гиппарион жылқысы да бар.

Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім жетекшісі Надежда Майбаның айтуынша, гиппарионның бойы аласа, әр аяғында үш тұяғы болған. Шөп­қоректі жануар шапқанда кө­біне алдыңғы үлкен тұяқтарына күш салып, баяу жүргенде үшеуіне де сүйенген. Бұл өлкеде ежелде өсімдіктердің мол қоры болғаны байқалады. Гиппариондар үйірімен жүріп, Солтүстік Америкадан Еуро­паға, одан соң Азия аумағына тараған деп болжанады.

Уақыт өте келе осы гиппа­риондар қазіргі жылқы тұрпатына келе бастайды. Қазақ жылқысы да – соның ұрпағы. Деректерде жыл­қы алғашқы болып энеолит дәуірінде қолға үйретілген деп көрсетіледі. 10 мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерін мекен қылған. Археолог В.Зайберттің зерт­теуі бойынша, сол кездегі ботай тұрғындары биенің сүтінен қы­мыз дайындаған. Оған шамамен 5 мың жылдай уақыт өтті. Қазіргі қазақ жылқыларында ертедегі бо­тай жылқыларының 2,7 пайыз қаны бар. Қазақ жылқыларының тұ­қымын қалыптастыру сол дәуір­де басталып, мыңдаған жылдар бойы жалғасып келеді.

Негізі кезінде кеңес ғалымдары «Қазқонақ» ескерткішінен 200 гиппарионның қаңқасын жинап әкеткен деседі. Одан бөлек 60 түрлі ежелгі жануардың, соның ішінде 20 алып бұғының, 40 керіктің, 130 мүйізтұмсықтың сүйектерін алған. Өкінішке қарай, бұл археологиялық олжалар кейін Қазақстанға қайтарылмаған.

Бүгінде «Қазқонақ» әлемде теңдесі жоқ 20 табиғи ескерткіштің қатарына енеді. Ал дәл мұндай ерекше орын Павлодарда және грек елінің астанасы – Афина шаһа­рында бар.

 

ПАВЛОДАР