Мәселен, Рудный қаласының тұрғындары үйдегі шүмектен ағып тұрған судың дәмі бұзылып тот татып кеткенін, тіпті ақ сейсеп бір жуғаннан-ақ сарғайып шыға келетінін айтады.
– Крандағы су сарғайып көзге көрініп тұрады. Оны кір жууға пайдалануға болмаса, ішу мүмкін емес. Ауыз суды көшедегі фильтрлерден сатып аламыз, – дейді Рудный қаласының тұрғыны Абзал Мұрсалов.
Бұл мәселе облыс басшылығын да алаңдатып отыр. Таяуда өткен жиындардың бірінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов тиісті салалардың басшыларына шағын қаладағы ауыз су мәселесін қалай шешуге болады деген сауал тастаған. Әкімнің айтуынша, Рудный мен Қашарға нәр беріп отырған Қаратомар су қоймасының деңгейі соңғы үш жыл ішіндегі аптап құрғақшылықтың салдарынан төмендеп кеткен. Қыстың жұқа қары көктемде жылғаға айналғанымен, судың көбі қоймаға жетпей кеберсіген жерге сіңіп кетіп жатыр.
Бүгінде Қаратомар суының 42-ақ пайызы қалған. Ал Жоғарғы Тобыл су қоймасына былтыр бар-жоғы 1 млн текше метр су құйылыпты. Сөйте тұра, өткен жылы бұл су қоймасынан Қаратомарға 117 млн текше метр су жіберуге тура келген.
Рудный әкімінің міндетін атқарушы Виктор Ионенко тұрғындар тарапынан ауыз судың сапасына қатысты шағымдар көп түсіп жатқанын тілге тиек ете келіп, бұл тығырықтан жерасты суларын кәдеге асыру арқылы шығуға болатынын айтады.
– Қор жетпей жатқандықтан, судың сапасы да бұзылып жатыр. Амалсыздан реагент қоспаларды көбейтуге мәжбүр болып отырмыз. Бірақ мәселені техникалық жолмен шешуге болады. Барлау жұмыстарының нәтижесінде Қаратомардың жағасынан жерасты суының мол қоры табылды. Бұл Рудныйға қажет жалпы су мөлшерінің 30-40 пайызымен қамтамасыз ете алады. Сондықтан терең ұңғыма құдықтар қазу керек. Бұл орайда, Қашар кентін де ұмытпағанымыз дұрыс. Егер көктемде еріген қар суы аздық етіп жатса, Қашарға жақын жерлерде де жерасты сулары бар, деді Виктор Ионенко.
1965 жылы Тобыл мен Әйет өзендерінің түйіскен тұсынан салынған Қаратомар су қоймасына 586 млн текше метр су сияды. Бірақ қазір мұндағы су мөлшері 249 млн текше метрге жетпейді. Яғни бұл қойманың тең жартысынан астамы бос тұр деген сөз.
Қаратомарға барып, мұндағы алып темір бөгеттің басында жұмыс істейтін инженер-гидротехник Гүлмира Смағұловамен жолықтық. Маман бақылайтын мұндағы гидротехникалық құрылғының көтеріп ашып, түсіріп жабатын жеті қақпасы бар екен. Пойыз өтіп кететіндей үлкен қақпалар. Оның алтауы жабық тұр. Ортаңғы біреуі ғана жартылай ашық. Одан секунд сайын 3 текше метр су ағып жатыр.
– Жазда тұрғындар бау-бақшасын суару үшін судың екпіні 6-8 текше метрге дейін еселенеді. Қаратомардың суы шамамен екі метрге дейін төмендеп кетті. Мысалы, 2017 жылы дәл осы уақытта қоймадағы су деңгейі 157,7 метр, көлемі 392,85 млн текше метр болса, қазір су деңгейі 155,51 метрге дейін түсіп, су қоры 248,8 текше метрге дейін азайды. Қаратомар сарқылып қалмау үшін былтыр бізге Жоғарғы Тобыл су қоймасы біраз су жіберді, одан басқа мүлде су келген жоқ. Оның үстіне, өткен жаз ыстық болып, судың біразы буланып кетті. Қоймадағы судың аз-көптігі бізге емес, табиғат құбылысына байланысты болады, – дейді маман.
Өңірде Тобылдың бойына орналасқан үлкенді-кішілі 6 су қоймасы бар. Соның екеуі – Қаратомар мен Жоғарғы Тобыл – көпжылдық, ең ірі су қоймасы болып саналады. Қалған Желқуар, Қызылжар, Сергеев, Амангелді сияқты шағын су қоймалары транзит бойынша жұмыс істейді. «ҚазСушар» РМК облыстық филиалының директоры Дәурен Әбдіхамитовтың айтуынша, Қаратомарға соңғы рет 2005 жылы ғана су мол жиналған. Су қоймасы содан бергі 18 жыл бойы кемеріне көтеріліп көрмепті.
Мәселен, 2006 жыл мен 2009 жылы көктемде Қаратомарға 4-4,9 млн текше метр су келсе, 2019 жылы және 2021 жылы мүлде су түспеген.
– Қазір Қаратомар мен Жоғарғы Тобылдағы су қорының 45-ақ пайызы қалды. Өйткені бірнеше жылдан бері Ресей жақтан да, өзімізден де мардымды су келмеді. Су тасқыны болған жоқ. Биыл Қаратомарға орташа есеппен 176 млн текше метр су жиналу керек деп күтіп едік. Өкінішке қарай, «Қазгидромет» әрі кетсе 90-100 млн текше метр ғана су келеді деп отыр, – деді мекеме басшысы.
Өңірдегі ең ірі су қоймасы саналатын Жоғарғы Тобылға 816 млн текше метр су сияды. Қазір Қаратомар осы су қоймасының арқасында кеуіп қалмай тұрған сыңайлы. Өйткені Жоғарғы Тобылдан Қаратомарға жылына 60-70 млн, кейде 100 млн текше метрге дейін су жіберіледі.
Қостанай облысына кіретін өзендердің дені бастауын Ресейден алады. Осыған қарап, су қоймаларының тартылып бара жатқанына көрші ел кінәлі деушілер де табылып қалады. Ал су мамандары мұндай қауесеттің мүлде қисынға келмейтінін айтады.
– Бұл табиғи жағдай. Ресей бұрып алып отырған жоқ. Олармен де тығыз байланыстамыз. Ол жақтың мамандары биыл да бізден су күтпеңдер, су аздау болады дейді. Наурыздың 15-інде екі тарап кездесіп, осы мәселені талқылайтын боламыз. Ол жақтың су қоймаларын біздікімен салыстыруға келмейді, өте шағын. Мәселен, Жітіқараның ар шетіндегі Бреден су қоймасының сыйымдылығы 40-ақ млн текше метр. Ал біздің Жоғарғы Тобылға 816 млн текше метр су сияды. Әйеттен келетін Катерин деген су қоймасы бар, оған 7-ақ млн су сияды, дейді «ҚазСушар» РМК облыстық филиалының директоры Дәурен Әбдіхамитов.
Мамандардың айтуынша, су қоймаларына қатысты «өлі көлем» деген ұғым бар екен. Әрбір су қоймасының осындай өлі көлемі болады. Мәселен, Қаратомардың өлі көлемі су мөлшері 32 млн текше метрге дейін түскенде басталады. Жоғарғы Тобылдікі – 28 млн текше метр. Бұл көлемге жеткенде, мүлде су алынбай қалады. Қазірше мұндай қауіп жоқ. Алайда қоймадағы су қоры жаңармаған соң, ауыз судың сапасы жоғалып, дәмі бұзылып жатыр. Өйткені қаланы сумен қамтамасыз ететін мекеме хлор тәрізді су тазалайтын индигриденттерін көбірек қосады.
Облыстағы елді мекендерді түгелдей сумен қамтамасыз ететін Тобыл өзенінің бойындағы су қоймаларының каскады 1959-1971 жылдар аралығында салынған. Бұл қоймаларға судың аз немесе мол жиналуы жауын-шашынға, көктемде еріген қар суы мен күзгі топырақ құрамындағы ылғал мөлшеріне тәуелді.
Қостанай облысы