27 Маусым, 2014

Серіктестік өнімдеріне сұраныс жоғары

445 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
SAM_0954«Экотон-Батыс» ЖШС-нің құрылыс материалдары нарығына қадам басқанына анабір көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан, серіктестіктің газды бетон шы­ға­­ра­тын зауытының өнімдері тұты­нушылардың сұранысына ие болып отыр. Сондықтан да, бұл зау­ыт өңірдегі өзіндік жұмыс ырғағы қа­лыптасқан кәсіпорындардың қата­рына жатады. Серіктестіктің жылу ұстағыш газды бетон бұйым­дарын шығаратын зауытына Германияның «ITONG» фирма­сының бірегей технологиясы орна­тылған. Озық технологияға негіз­делген өндірістің өнімділігі өз алдына, жұмыс үдерісі аса жеңіл­детілген, қол еңбегі жоққа тән. Серіктестік өнімдерінің жылу ұстағыш, отқа төзімділік, жеңіл де өнімділігіне байланысты силикат кірпіштен көптеген артықшылығы бар. Газды бетон блоктары жеңіл де үлкен, сондықтан қабырғаларды тез арада қалауға болады. Ал, кірпішке қарағанда ерітінді 5-7 есе аз жұм­сал­са, қалау шапшаңдығы 3-4 есе артады. Тас пен ағаштың қасиеттерін бойына қатар сіңірген газды бетон бірегей жоғары технологиялық құрылыс материалы болып табылады. Газды бетоннан салынған ғимарат қыста жылы, жазда қоңыр салқын қалыпты ұстап тұрады. SDC10025Бір тиімділігі, облыс аума­ғында газды бетон шығаруға қажетті кварц құмы, әк және басқа материалдар жеткілікті. Мұнда тек алюминий ұнтағы ғана Ресейден жеткізіледі. Кәсіпорында шығарылатын газды бетон блоктары бәсекеге қабілетті, халықаралық стандарттарға толық жауап береді. «Экотон-Батыс» ЖШС өздерінің құрылыстық газды бетон блоктарын негізінен Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына өткізеді. Сондай-ақ, соңғы кездері серіктестік өнімдеріне Ресейдің көршілес Орынбор облысынан да сұраныс жоғары болып отыр. Ал, ақтөбеліктердің «Экотон-Батыс» ЖШС-нің өнімдеріне деген қызығушылығы ерекше. Себебі, тасымалдауға да, қалауға да ыңғайлы, жылу және салқын ұстағыш артықшылығы өз алдына. – Біз өз өнімдерімізді бұ­ған дейін Ресейдің іргелес аймақ­тарына жеке тапсырыстар бойынша шығарып келген болатынбыз. Биыл Орынбор қаласынан өкілдігімізді аштық. Өкілдік біздің газды бетон блоктарымызды заңды тұлғаларға өткізумен айналысады. Зауыт жылына 198,0 мың текше метр газды бетон өнімдерін шығарса, соның 30 мың текше метрін, яғни өндірілген өнімнің 15-20 пайызын Ресей нарығына шығару жолдарын қарастырудамыз. Қазір айына 5 мың текше метр газды бетон бұйымдарын Ресейге өткізіп келеміз. Әрине, олардың осындай өнім шығаратын жиырмадан астам зауыттары бар. Біз солармен бәсекелестікте озып шығуымыз керек. Сондықтан біз өнім сапасын басты назарда ұстаудамыз. Өнімдеріміз өзіміздің зертханамызда тексеруден өтеді, ақауға жол берілмейді. Еуразиялық экономикалық одақ шартына қол қойылуы бізге өнімдерімізді экспортқа шығаруға тың тыныс берді. Бұл бағытта бұрынғыдан гөрі де еркін қимылдай бастадық. Газды бетон бұйымдарын шығаруда Белоруссия тым ілгері кетті. Олармен де өнімдерімізді өткізбегенмен, тәжірибе алмасып тұрамыз. Себебі, екі ара қашық, бұл бізге тиімсіз. Өз рыногымызды толық қамтып, Ресейдің көршілес аймақтарына өнімдеріміз өтіп жатса, бізге соның өзі үлкен олжа болып табылады, –дейді серіктестік басшысы Ерболат Рахымбаев. Биыл кәсіпорын өзінің жылына 198,0 мың текше метр газды бетон өндіретін жобалық қуатына толық шығуға берік негіз қалап отыр. Бұрын төрт автоклав жұмыс істесе, биыл бесінші автклавты іске қосыпты. Ол еңбек өнімділігін бірден 20 пайызға арттырған. Қазір сұраныс ұсыныстан гөрі жоғары болып отырған көрінеді. Сондықтан кәсіпорын жылжымалы төрт ауысымда жұмыс істеуде. Бұл зауыт­тың айына 17 мың текше метр газды бетон блоктарын шыға­руына мүмкіндік беруде. Тапсы­рыстың көптігі сондай зау­ыт ауласынан дайын өнімдер тиелген автокөліктерде үзіліс жоқ, бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Бұған қосымша вагондарға тиелуде. – Астанада өтетін ЭКСПО-­2017 көрмесінің құры­лыс­­тарына да өнімдеріміздің 30 пайызын жө­нел­тіп жатырмыз. Себебі, біздің бас кәсіпорнымыз сонда «ЭКСПО» құрылыстарын салуда. Биыл Қазақстанның авто­клавтық газды бетон өн­діру­­шілерінің ассоциа­циясы құ­рылып, ол осындай тоғыз зауытты біріктіріп отыр. Бұл өз мүддемізді қорғауға, өзекті мәселелерді ортақ ойласып шешуге мүмкіндік береді. Өзара ықпалдаспай ілгерілеу жоқ. Ал, жақын шетелдер рыногына шығу бізге біраз пайдалы, – деді сөз арасында Ерболат Уалханұлы. Серіктестік «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне тұрақты қатысушы болып табылады. Мұның кәсіпорын үшін тиімділігі де көрінуде. Қазір серіктестік өнімдері облыстан тысқары жерлерге, соның ішінде Ресейдің шекаралас аймақтарына жақсы таныс. Сол байланысты бекіте түсу үшін серіктестік осы жолы Орынбор қаласында өте­тін «Еуропа-Азия. Шекарасыз ын­тымақтастық» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне тас түйін дайындалуда. Оның да себебі бар, барыс-келіс болмай, байланыс нығаймайтынын түсінетін кәсіпорын басшылығы мұны да жарнаманың бір түрі ретінде пайдаланып қалуға тырысуда. Бұрын тапсырысшының қалауы бойынша газды бетон блок­тары көлеміне қарай дайындап беріледі екен, ол үшін технологияны қайта түзу керек. Қазір оған мұрша жоқ, тапсырыс көп. Бұл зауыттықтарды ыждағатты жұмыс істеуге жұмылдыруда. Соған орай мұнда еңбек етуге қолайлы жағдай туғызылған. Жұмысшылар зауыттың асханасынан небәрі 300 теңгеге тамақтанады. Арнаулы тағам беріледі. Қазір кәсіпорында 200-ге жуық адам еңбек етеді. Олар өздерінің жұмыс орындарына сай арнаулы киімдермен қамтамасыз етілген. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы да жақсы. Мұнда жыл аяғында он үшінші еңбекақы беру де қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, еңбек етуге толық жағдай туғызылған. Зауытта кәсіподақ ұйымы құрылып, жұмысшылардың мүддесін қорғау бағытында жұмыс істеуде. Зауыттың бас технологы Жанна Атантаева бізді газды бетонның дайындалу үдерісімен таныстырды. Ерітінді болып құйылғаннан автоклавтан да­йын өнім болып шыққанға дейінгі үдерісте қол еңбегі пайдаланылмайды десе де болғандай. Өндірістегі қолданылатын озық технология электроникамен бай­ланысты, қондырғылар автоматтандырылған, оларда жұмыс істеу үшін арнаулы білім керек. Сондықтан кәсіпорында мамандар мен жұмысшыларды даярлауға, олардың кәсіби білік­тілігін жетілдіруге ерекше мән беріледі. Міне, біз кездесіп әңгі­мелескен операторлар Е­л­дар Бахтияров, Сәрсенғали Әл­мұратов жоғары білімді мамандар, өз кәсібінің білгірлері. Олар кәсіпорындағы жұмыс ырғағына төселген кәсіп иелері. Сондықтан болар өздері жұмыс істейтін өндірістік желілерде кідіріс болмауын қамтамасыз етіп келеді. Ауысым бойы аяқ суы­тып, тыным көрмейтін бақы­лаушы Ажар Қанатбаева болса дайын өнімдердің сапасын жіті қадағалайды. Жұмысшылар Еуразиялық экономикалық одақтың зауыт өнімін өткізу рыногын кеңейтуге септігі тиетініне сенімді. Бұл өз кезегінде өнім өндіруді арттыруға, сондай-ақ, кәсіпорынның экономикалық-қаржылық жағдайын жақсартуға алғышарт жасайтынын түсінеді. Ал, зауыт өнімі өтімді болса, өздерінің де жағадайы жақса­ра­тыны бесенеден белгілі. Осындай игі істердің нәтиже­сінде зауыт «Қазақстан­ның үздік тауары» республикалық конкурсында «Халық үшін үздік тауар» номинациясы бойынша жүлдегер болды. Өнімі сапалы да өтімді кәсіпорындағы қызу еңбек пен ұйымшыл ұжымның барлық күш-жігері бір арнада тоғысуда. Сұраныс барда қар­қынды қимылды бәсеңсітпей, еңбек өнімділігін арттыра түсуге жұмылған зауыттықтар еңбек көрігін қыздыруда. Бұған өнім өндірудің үстіміздегі жарты- жылдықта өткен жылға қарағанда анағұрлым артқаны да нақты дәлел болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.