Шаруашылық • 17 Наурыз, 2023

Кереку қызылшасының бәсі жоғары

400 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2019 жылы Алматыдағы Көксу қант зауытының мамандары Керекудің егіс танаптарында өніп шыққан қант қызылшасының қанттылығы 18-20 пайызды көрсеткенін байқап, таңданыстарын білдіргені есімізде. Сөйтсек, оңтүстікте жиналатын өнімдегі қант деңгейі 15 пайыздан аспайды екен. Бүгінде жергілікті аграрлық ғалымдар мен фермерлер өңірде қызылшадан қант өндіретін зауыттың салынуын асыға күтіп жүр.

Кереку қызылшасының бәсі жоғары

«Павлодар ауыл шаруа­шы­лы­ғы тәжірибелік стансасында» соңғы төрт жылдан бері қант қызылшасының жергілікті егін­ші­лікте жақсы өніп шығатын түрлері сынақтан сәтті өтіп, сырт­тан келетін шикізатты то­лық алмастыруға дайын отыр. Серіктестік басшысы Байжан Уалха­новтың жетекшілігімен жүр­гізілген тәжірибе оң көрсет­кіш­терді бағындырып, Ақсу қаласында қант зауыты салына қал­ған жағдайда оны толығымен өзіміз­дің фермерлер сапалы шикі­зат­пен қамтамасыз ете ала­тын­ды­ғын іс жүзінде дәлелдеді десе де болады.

«Өңірде қант зауыты тұрғы­зы­лады» деген сыбыс шыққан уақыт­тан-ақ шикізатпен қамта­ма­сыз ету бойынша Жол картасы әзірленіп, тәжірибелік стан­сасының ғылыми қызметкерлері сапалы өнімді іріктеп алып шы­ғу­дың жауапкершілігін ар­қа­лаған. Олардың алдына Ертіс бойындағы жерлерде жоғары өнімділік көрсететін қант қызыл­ша­сының түрлерін іріктеу, оны егіс айналымына толық енгі­зу үшін фермерлерді үйрету, қы­зыл­шаның отандық сорттары мен гибридтері бойынша тұқым шаруашылықтарын құру мін­де­ті қойылды. Бұл мақсатты бағындыру үшін «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стан­сасы­» әлемдік селекция сала­сын­дағы жетекші ұйым әрі қант қызылшасының тұқымын өн­ді­ру жөнінен көшбасшы саналатын KWS SAAT SE деп аталатын неміс компаниясымен ме­мо­рандумға отырды. Алғашқы жылы тәжірибе үшін Ақтоғай, Павлодар, Тереңкөл аудандары мен Ақсу ауылдық аймағы бойынша 10 шаруашылықта өнімнің гибридті түрлері мен отандық сорт­тың 40-тан аса үлгілері отырғызылды.

Тәжірибелік стансаның аға ғы­лыми қызметкері Наталья Жу­ко­ваның айтуынша, алғашқы жылы гибридті қызылшалар бо­йынша төрт сорттың биологиялық өнімділігі эксперименттік егін­шілік кезінде жоғары көрсет­кіш­тер­ді көрсеткен.

«Ғылыми жұмыстардың бар­лы­ғын өзім және әріптестерім А.Сарбасов пен Д.Валиев бастан-аяқ бақылай отырып жүргіздік. Бұл көкөніс түрінің негізгі сапалық көрсеткіші – қанттылық деңгейі. 2019 жылдың қыркүйегінде төрт шаруашылықтан алынған өнімді Ресейдің Черемнов қант зауытында тексергенімізде – 17,7 пайызды, ал желтоқсан айында қайталай апарғанымызда 19,3 пайызға дейін қанттылық деңгейі барын көрсетті. Эксперименттік егіс танаптарында өсірілген өнім гектарынан 500 центнерден жиналды. Сөйтіп, «Акация интенсив», «Максимелла», «Дуняша», «Терранова» деген сорттар біздің жерімізде өсіруге қолайлы деген ұйғарымға келдік. Кейін 300 тонна қызылшаны Алматыдағы Көксу зауытына қайта өңдеуге жібергенімізде ондағылар қант­тылық деңгейі орташа – 18, ең жоғарғысы 22 пайызды құрағанын хабарлады. Оңтүстік өңірлерде жиналатын қызылшалардың қанттылық деңгейі әрі кетсе 17 пайыздан аспайтыны мәлім. Бұл алғашқы жылдың нәтижелері еді. Зерттеудің толық қорытындысын жасап, нақты нәтижелерді жариялау үшін гибридті қызылшаларды кемі 3 жыл егуді жалғастыру керек. Себебі әр жылдың берекесі әртүрлі болады», дейді жас ғалым.

Орталықта қант қызылшасын өсіру тәжірибесі алдағы жылдары да жалғаса бермек. Келешекте қажет болса егіс танаптарын ке­ңей­­тіп, түрлі топырақты-кли­мат­тық жағдайда зерттеулер жүргізеді. Бұл үшін әлеуеті­міз де, тәжірибеміз де жет­кі­лік­ті дейді ондағы қызмет­кер­­лер. Қазіргі уақытта мұнда отан­дық селекциядағы қант қы­зыл­­шасының жаңа гибридті сорт­тарын экологиялық тұрғы­дан сұрыптау жалғасуда. Қазақ егін­ші­лік және өсімдік шаруа­шы­лы­ғы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп өнімнің 30 гибридті түрі зерттеліп жатыр екен. Жаңа сорттар мемлекеттік сорт сынауға жіберіледі.

Атап өтерлігі, биылдан бас­тап қайта өңдеуге тапсырылған 1 тонна қант қызылшасы үшін фермер 40 мың теңге қаражат алады. Бұған субсидиялау норма­ла­рының 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайғаны себеп болды. Бағаның бұлайша өсуі болашақта павлодарлық көкөніс өсірушілерді де ынталандырады деген сенім зор.

«Қант қызылшасы суарылатын алқаптарға егілетін­дік­тен жер­гілікті фермерлер құрғақ­шы­лық жылдары да мол өнім­нен қағылмайтыны анық. Егер Ақсу қаласында қант зауыты салына бас­тайтын болса тәжірибелік станса алдағы 3-4 жылда қанттылық деңгейі жоғары жаңа сорттарды жеткілікті деңгейде дайындап, тұқым шаруашылықтарын толықтай қамтамасыз етуге қау­қар­лы», дейді ғылыми ұйым ди­­ректорының орынбасары Бауыржан Рахимов.

Атап өтейік, Павлодар облысында салынатын қант зауытының жобасымен «Павлодар» ӘКК айналысуда. Әзірше оны қаржылан­ды­ратын инвестор анықталған жоқ. Алдын ала жоспар бойынша, кәсіпорын күніне 6 мың тонна қызылшаны өңдеп, шекерге айналдырады. Қант зауытын шикізатпен қамту үшін кемі 15 мың гектарда қант қызылшасы егілуі керек.

 

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы,

Кемеңгер ауылы