02 Маусым, 2010

КАСПИЙДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ АРНАЙЫ ҚАРАЛУЫ ҚАЖЕТ

800 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы көмірсутектерінің қо­рын игеру және Ақтау теңіз портын ха­лықаралық көліктік-кешенді дәліз­дер­ге тарту сауда мақсатында теңізде жүзудің қарқынды дамуына жол ашты. Біз Түпқараған шығанағындағы теңіз операцияларын қолдау мақ­са­тында салынып жатқан айлақтар мен базалардың екпінді құрылысының, те­ңіздегі болжамды бұрғылау орын­да­рында жасанды аралдардың және өзге де теңіз инфрақұрылым нысандарының салынуының куәсі болып отырмыз. Қазақстан өзінің теңіз танкерлік флотының негізін қалауда. Сондай-ақ теңіз көлігі біздің мемлекет үшін жаңа сала болып табылады. Қазіргі жағдайда теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде және экологиялық жағдайы сезімтал Каспий өңіріне бұл қандай қауіп тудыруы мүмкін? Осы және өзге де мәселелер жөнінде біз Көліктік бақылау комитеті Су көлігіндегі бақылау басқармасының бастығы Арлан   ЗАКАРЬЯНОВПЕН әңгімелескен едік. – Арлан Қайлянұлы, Комитеттің Қазақстан Рес­пуб­ликасы Көлік және коммуни­ка­ция министрлігінің құрамын­дағы ведомство ретінде негізгі міндеті әуе көлігінен басқа көліктің барлық түріндегі қауіпсіз пайдалануды және қызметті қамта­масыз етуге мем­ле­кеттік бақылау жүргізу болып табы­лады. Теңіз флотын қауіпсіз пай­да­лану қалай қамтамасыз етіледі және теңіздегі апаттылық жағдайы қандай? – Сауда мақсатында теңізде жүзу қауіпсіздігі – өте кең ұғым, осыған сәйкес ол кеме иелері, кеме экипажы, теңіз инфрақұрылымы объектілерінің иелері мен мем­ле­кет­тік органдар жүзеге асыратын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етіледі. Флотта апатсыз жұмысқа қол жеткізу қауіпсіздікті қамтамасыз ете­тін барлық негізгі шарттарды сақтаған кезде ғана мүмкін, ол – кеменің техникалық жарамдылық жай-күйі; кеменің командалық құрамы мен кеме экипажы мүше­лерінің тиісті біліктілігі; айлақ құры­лыстарын қауіпсіз күтіп ұстау және пайдалану; тиімді мемлекеттік реттеу және бақылау. Соңғы жылдары теңізде кеме­мен жүзу қарқындылығы үздіксіз өсіп келеді. Қазақстандық тумен жү­зетін теңіз кемелерінің саны ұлғаюда. 2001 жылдан бері кеме саны 42-ден 254 бірлікке дейін, яғни 6 есеге артты! Сондай-ақ Каспийдің қазақ­стан­дық секторында Қазақстан Рес­публикасы Көлік және комму­ни­кация министрлігі берген кабо­таж­ды тасымалды жүзеге асыру рұқ­сатының негізінде шетел мем­лекеттерінің туы астында 40 кеме пайдаланылуда. Ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда тіркелген апатты жағдайдың өсімін атап өту қажет. Мәселен, 2008 жылы 2 апатты жағ­дай тіркелсе, 2009 жылы – 8, ал 2010 жылдың 5 айында 5 жағдай тір­келген. Бір жақсысы – көрсетілген апатты жағдайлар адам өліміне және теңіздің ластануына алып келген жоқ. Теңізде жүзу қауіпсіздігін, адам­дар­дың өмірі мен денсаулығын, қор­шаған ортаны қорғауды қам­та­масыз ету Көліктік бақылау коми­те­тінің өзекті мәселелерінің біріне айналды. – Сіздің пікіріңізше, авариялы­лық санының өсу себебі неде және осы мәселеде қандай факторлар басты болып табылады? – Ақтау теңіз портының капи­таны әрбір апатты жағдай бойынша тиісті тергеу жүргізетіндігін атап айтқым келеді. Негізгі мақсат – апатты жағдайды сыныптауды қам­тамасыз ету, мән-жайды, себепті, шығынды анықтау, қатысты тұл­ғалардың әрекетін бағалау, соны­мен бірге, апаттылықтың алдын алу бойынша сақтандыру шараларын әзірлеу. Әрбір қорытындыны Көліктік бақылау комитеті қарап, бекітеді. Мұнда апаттылық жағдайдың туын­дау себептері әр түрлі. Жүр­гізілген талдау көрсеткендей, адам факторы флоттағы апаттылықтың пайда болуының негізгі себебі күйінде қала береді. Мысалы, ағым­дағы жылы 5 апатты жағдай­дың 2-уі Ресей Федерациясының туы астында жүзетін кемелермен болды. Бірінші жағдайда “Механик Коваленко” құрғақ жүкті кеме Ақ­тау портының №4 айлағына келіп түсті, екінші жағдайда “Роскем-1” танкері қайраңға кептеліп қалды. Көрсетілген жағдайларға аталған кеме капитандарының маневрды және айлақтарға арқан­дап байлауды жүзеге асыру кезінде жақсы теңіз тәжірибесін бұзу­шылықтары себеп болды. Осы фактілер бойынша Коми­тет Ресей Федерациясының Көлік министрлігіне Қазақстан Респуб­ли­касының аумақтық суларында Ре­сей кеме капитандарының қауіп­сіздік талаптары бойынша тәртіп бұзуға жол бермеу жөнінде тиісті хат жолдау бастамасын қолға алды. Өзге 3 жағдай – кемелердің ес­кегіне балық аулайтын аулардың оратылуы болды, бұл жерде кеме эки­па­жы­ның кінәсі жоқ. Мұндай жағ­дайлардың себебі теңіз кеме жол­дарында браконьерлік балық ау­лау­ға арналған аулардың болуына байланысты. Балық аулайтын ауларды заң­сыз түрде орнату, Каспий теңізінің қазақстандық секторында кемелер­дің ескекті бұрмаларына аулардың оратылу фактілерінің жиілеуі – кемелердің қауіпсіз жүзуіне кедергі келтіретін проблемалардың бірі. 2008 жылы әр түрлі кеме иелері ке­ме­лерінің бұрмалы-рульдік жина­ғына аулардың оралуы бойынша 18 факті орын алды, 2009 жылы – 18 факті. Кеменің бұрмалы-рульдік кеше­ніне аулардың оратылуы басты қоз­ғалтқыштарға салмақ түсіреді, бұл өз кезегінде оларды пайдалану ке­зінде ақаулықтар мен бұзушы­лық­тардың пайда болуына алып келеді. Сондай-ақ кеменің бұрмалы-рульдік кешенін балық аулайтын аулардан босату бойынша жұмыс кеме иелерін жоспарланбаған ма­те­риалдық шығындарға, сонымен бірге, кеменің жұмыс кестесінің үзілуіне алып келеді. Осыған байланысты комитет Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетімен бірге екі ведомствоның аумақтық құрылымдарының өзара ықпал­да­суы жөнінде іс-шаралар жоспарын қабылдады. Көрсетілген жоспарда кемелердің ескекті бұрмаларына аулардың оратылу фактісі туралы хабарлама бар. Бір немесе екі ведомствоның күшімен бұл проблеманы шешу мүмкін емес. Сондықтан құқық қорғау органдары мен шекаралық қызметтің қатысуымен кешенді іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет, ал Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде ауларды заңсыз түрде ор­натумен әзірбайжан браконьерлері де айналысатындықтан, біздің ойы­мызша, Каспий мемлекеттерінің келісілген іс-қимылынсыз тағы болмайды. – Бұл сауда мақсатында теңізде жүзу қауіпсіздігіне әсер ететін проб­лемалы мәселелердің толық тізбесі емес шығар? – Дұрыс айтасыз. Мен жаңа айтып кеткендей, сауда мақсатында теңізде жүзу ұғымы кешенді си­пат­қа ие және әр түрлі факторлардан тұрады. Бүгінгі күні бірқатар түйт­кіл­ді мәселелер бар, олардың ше­шілуінсіз флоттың қауіпсіз жұмысы үшін барлық қажетті жағдайларды жасау туралы айту мүмкін емес. Көрсетілген түйткілді мәсе­ле­лер­ге мыналарды жатқызуға бо­лады: біріншіден: Халықаралық теңіз ұйымы (ІMO) аясында қабыл­дан­ған конвенциялар талаптарына ұлт­тық заңнама жеткілікті үйлесті­ріл­меген. Қазақстан ІMO мүшесі ретінде Теңізде адам өмірін қорғау жөнінде (СОЛОС 74/78), Кемелерден лас­тау­ды болдырмау жөніндегі (МАРПОЛ 73/78), Теңізшілерді даярлау және дипломдау туралы (ПДНМВ), Теңізде кемелердің соқтығысуын болдырмау жөніндегі 1972 жылғы халықаралық ережелер және оларға түзетулер секілді не­гіз­гі теңіз конвенцияларына қосылды. Бірақ сауда мақсатында теңізде жүзу одан әрі дамып отыр, соған байланысты конвенцияларға тиісті түзетулер енгізіліп жатыр, жаңа кон­венциялар қабылданатын бола­ды, яғни теңіз құқығы ұдайы жетіл­дірілуде. Қазақстанға осыларға дер кезін­де назар аударып, соңғы халық­аралық қауіпсіздік стандарттарын енгізу қажет. Жаңа, соның ішінде мұнай төгілуін жою мәселесін рет­тейтін конвенцияларға қосылу мәселесін шешу қажет. Екінші мәселе: ұлттық заң­нама­да теңізде жүзу қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге тікелей әсер ететін кейбір нормативтік құқықтық актілердің жоқтығы. Мұндай актіге Теңіз көлігі ке­ме­леріндегі қызмет жарғысы, порт құрылыстарын техникалық пайда­ла­ну ережесі, кеме экипажы мүше­леріне диплом және оларға рас­тауды беру рәсімдерін нақтылауды жатқызуға болады. Жоғарыда көрсетілген мәселе­лер қазіргі уақытта “Көлік мәсе­ле­лері бойынша Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық акті­леріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы шең­бе­рінде Қазақстан Республикасының “Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы” Заңына тиісті түзетулер енгізу жолымен шешіліп жатқанын атап өткім келеді. Үшіншіден: Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде кемелердің жүзу аумақтарының навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз етілуі жеткілікті емес. Оны “Сауда мақ­сатында теңізде жүзу туралы” Заңға сәйкес Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Әс­кери-теңіз күштерінің гидро­гра­фиялық қызметі қамтамасыз етуі тиіс. Бүгінгі күні осы заманғы теңіз карталарының, кемелердің жүзуіне арналған жетекшілік және құрал­дардың болмауы, сондай-ақ Түп­қа­раған шығанағындағы навигация­лық жабдықтардың жағалау құрал­дары­ның көңілдегідей емес жай-күйі ке­ме­лердегі авариялық жағдайлардың туындауына алып келіп отыр. Төртіншіден: құтқару-үйлестіру орталығының жоқтығы. Қазіргі уақытта Қазақстанның Кас­пийде құтқару-үйлестіру орта­лы­ғы (ҚҮО) және тиісті кеме­лер­мен және жабдықтармен қамта­масыз етілген арнайы авариялық-құтқару отряды жоқ. Бұл жағдай Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде адамдарды құтқару және мұнай төгілу салдарын жою кезінде жағымсыз әсер етуі мүмкін. Осындай орталық пен отрядтың қажеттілігі туралы халықаралық сарапшылар әлденеше рет ұсыныс берген. Комитет өз кезегінде Қазақ­стан аумағында ҚҮО-ні және арнайы авариялық-құтқару отря­дын құру мүмкіндігі туралы Төтен­ше жағдайлар министрлігіне хат жолдаған. Өкінішке қарай, бүгінгі күні бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. – Сіздің ведомство жүзеге асыратын мемлекеттік бақылау мемлекеттік реттеудің бір бөлігі болып табылатыны түсінікті. Осы қалыптасқан жағдайларды жақсарту үшін кеме иелерін тексеруден және оларды лицензиялаудан басқа қандай шаралар қабылдап отыр? – “Жеке кәсіпкерлік туралы” Қа­зақстан Республикасының Заңы­на енгізілген былтырғы жылғы тү­зе­тулер бақылау-қадағалау функ­ция­ларын атқаратын барлық мем­лекеттік органдарды Тәуекелдерді бағалау жүйесін әзірлеуге және енгізуге міндеттеді. Көліктік бақылау комитеті тек­серулерді жоспарлау мақсатында жүргізілетін іс-шаралар кешенін қам­тыған ведомстволық Тәуекел­дерді бағалау жүйесін әзірледі. Барлық компаниялар тәуекел­дер дәрежесін бағалау критерий­лерінің негізінде тәуекелдің үш тобы – жоғарғы, орташа немесе болмашы дәрежедегі топтың біріне жатқызылады. Осыған байланысты қауіпсіздік талаптарын бұзбайтын субъектілер болмашы дәрежелі тәуекел катего­риясына ілінеді де, бес жылда бір-ақ рет жоспарлы тексеруге жатады. Керісінше, заңнаманы тұрақты түрде бұзушы және адам өмірі мен ден­сау­лығына, қоршаған ортаға, азаматтар мен заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүліктік мүдде­сі­не қауіп төндіретін өрескел бұзу­шылықтар жасайтын субъектілер тәуекелдің жоғарғы дәрежесіне жатқызылып, жыл сайын тексерілуі мүмкін. Комитет тексерулердің немесе берілген құжаттардың саны бой­ын­ша емес, қауіпсіздіктің нақты жай-күйі бойынша жұмыс сапасын ба­ға­лайтын мақсатты жұмысқа ауы­сып отыр. Бұл ретте кемелермен болатын авариялық жағдайлардың санын және олардың салдарын азайту заңнаманы бұзушыларға қатысты қабылданатын шараларды қатайту жолымен жүргізілетін болады. Сауда мақсатында теңізде жүзу ту­ралы Қазақстан Республика­сы­ның заңнамаларын сақтау мін­дет­те­рін компаниялардың түсінуі ма­ңызды екендігі туралы айта кеткім келеді. Өкінішке қарай, практика жү­зін­де кейбір компаниялар тарапы­нан кемелермен болған авариялық оқи­ғалар туралы уақтылы хабарлан­бау, оларды тексеруге қажетті құ­жат­тар­дың ұсынылмау фактілері кездеседі. Кейбір компаниялар өркениетті жағдайларда жұмыс жасауға бейім­делмеген. Теңіз кемелерінің техни­калық жай-күйіне қойылатын әлемдік стандарттар өте қатал. Комитет нормативтік құқықтық реттеу тәсілімен белгілі бір деңгейде ескірген, яғни те­ңізде жүзу қауіпсіздігінің бүгінгі күнгі талаптарына сәйкес кел­мейтін кемелерді компаниялар Кас­пийге жұмысқа тарта алмай­тындай ету жөніндегі жұмыстарға белсенді қатысып отыр. Осылайша мемлекет сауда мақ­са­тындағы теңізде жүзуді дамыта отырып, және флоттың қауіпсіз пайдаланылуын реттейтін заңна­маны сақтауға бақылауды жүзеге асыра отырып, сонымен бірге, осы салада бизнес жүргізу үшін жа­ғымды климат қалыптастыру мәсе­лесін шешуі қажет. Бизнес қоғамдастығымен ашық диалог жүргізу арқылы ғана біз Кас­пий теңізінің қазақстандық сек­торында теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша компаниялар мен мемлекеттің мүддесін бірдей ескеретін тиімді жүйені әзірлей аламыз. Әңгімелескен Самат МҰСА, “Егемен Қазақстан”.