28 Маусым, 2014

Қоғамдық келісім – ел тұрақтылығының алғышарты

385 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
003-203Кеше Байланыс және ақпарат қыз­меткерлері күніне орай, Қазақстан Пре­зиденті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ас­самблеясының этносаралық қаты­настар мәселесі жөніндегі жетекші журналистер мен сарапшылар клубының отырысы өтті. Отырыста ҚХА қызметін ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі мәселелер және 2015 Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын БАҚ-тарда насихаттау бойынша міндеттер, этнос­аралық келісімді нығайту жөніндегі іске асырылып жатқан жобалар, ҚХА-ны өңірлік деңгейде наси­хаттау бойынша жүргізілген жұмыстар жайы тал­қыланды. Б.Майлыбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы XXI сессиясының қоғам үшін маңызына тоқталды. «Бұл сессияның соңында тарихи шешімдер қабылданғанын білесіздер. Ал олар өз кезегінде осы институттың жұмысын жандандырып, одан әрі жетілдіре түсетіні анық. Қазір Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев берген тапсырмалар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Егер де біз әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылғымыз келсе, онда елімізде этнос­аралық тұрақтылық пен кон­фессияаралық келісім болуы керек. Бұл бағытта, яғни Ассамблея қызметінің дамуына, қоғамда келісім орнауына үлес қосуда журналистердің еңбегі айрықша», – деді ол. Қазақстан халқы Ас­самблеясы Төрағасының орын­басары Ералы Тоғжанов өз сөзінде ел бірлігін, пат­рио­тизмді, ұлтаралық татулықты дамытуда БАҚ өкілдерінің рөлі ерекше екенін атап көр­сетті. «Біз Байланыс және ақ­парат қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен сарапшылар клубының кезекті отырысында бас қосып отырмыз. Сөз құдіретіне бас иген халықтың ұрпағы үшін бұл күн шынында да маңызы ерекше мереке. Қалам ұстап, ой терген бар­ша ақпарат саласының қыз­меткерлерін бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. Киелі ұғымға айналған басты құндылығымыз – қоғамдық келісімді елге таратуда, санаға сіңіру мен сақтауда, Қазақстан халқы Ассамблеясының осы бағыттағы қызметін қоғамға түсіндіру мен насихаттауда сіздердің еңбектеріңіз зор», деді Е. Тоғжанов. Осылай дей келе, ол бұл бас­қосудың мақсаты БАҚ өкіл­дерімен бірге Қазақстан халқы Ассам­блеясы қызметін ақпараттық сүйемелдеу бағытындағы жұ­мыс­тарды талқылап, алдағы уақытта бірлесе атқарылатын міндеттерді анықтап алу екенін жеткізді. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның ХХІ сессиясында 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жария­лау туралы тапсырма бергені баршаңызға мәлім. Бүгін, міне, осы және басқа да мәселелер бойын­ша қазақстандық журналистермен, сарапшылармен бірлесе отырып пікір алмасатын уақыт келді», деді ол. Отырыс аясында сөйлеген сөзінде Ералы Тоғжанов Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының Этносаралық қатынастар мәсе­лелері жөніндегі журналис­тер мен сарапшылар клубы Ас­самблеяның XV сессиясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылғанын, бұл клуб БАҚ-ты жұмылдыратын кеңестік-сарапшылық алаңға айналғанын, оның мақсаты – этносаралық жә­не конфессияаралық келісімді ны­ғайту екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы жылдар аралығында аталған клуб Ассамблея жұмысын ақпараттық жағынан қолдау ба­ғытында айтарлықтай жұмыстар атқарған. Мәселен, Журналистер мен са­рапшылар клубының мүше­лері Ассамблеяның бірқатар стра­тегиялық және бағдарламалық құ­жаттарын әзірлеуге өз үлестерін қосыпты. ҚХА жұмысын наси­хаттайтын журналистер мен Пре­зидент Әкімшілігінің идео­логиялық құрылымы арасындағы тығыз байланыс орнап отыр екен. «Бұл бағытта журналистер ақпараттық жұмыстар мен медиа-жоспарларды жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді», деді Е. Тоғжанов. Сондай-ақ, ол соңғы 6 ай ішінде БАҚ-та этнос­аралық татулық, қоғамдық келісім мәселелері бойынша 3903 материал шыққанын атап көрсетті. Олардың 592-сі басылымдарда жарық көрсе, 425-і телеарналардан берілген. Ал 2886 ақпарат интернет-ресурстарда жарияланыпты. Сөзінің соңында Қазақстан хал­қы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік мәселесі Қазақстан журналистері үшін кәсіби өсуінің негізіне айналғанын айта келе, Ассамблея қызметіне ақпараттық тұрғыда қолдау білдіруге күш салып жүрген БАҚ өкілдеріне шы­ғармашылық табыс тіледі. Жиын аясында, сондай-ақ, Пар­ламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков, «Бас редакторлар клубы» ҚБ пре­зиденті Бибігүл Жексенбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ЮНЕСКО кафедрасының профес­соры Әділ Ахметов, «Южный Ка­захстан» облыстық газетінің бас редакторы Марина Лимаренко, «Қазақстан» РТРК Қарағанды облыстық филиалының редакторы Әшімхан Жәмпейісов сөз алып, этносаралық келісімді нығайту мен ҚХА қызметін насихаттау бойынша алдағы уақытта жүргізілуі тиіс жұмыстар жайын, сонымен қатар, өңірлік БАҚ-тардағы Ассамблея міндеттерін түсіндіру жөніндегі жұмыстар төңірегінде баяндап берді. Басқосу аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының шеші­мі­­мен тәуелсіздікті, ел бірлігін ны­ғайтуға, мәдениетаралық үнқа­тысуды дамытуға және қазақ­стандық патриотизмді тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар БАҚ өкілдері марапатталып, соңынан «Астана» радиосының директоры, «Бас редакторлар клу­бы» ҚБ президентінің орынбасары Гүлмира Қаракөзова «Муль­тимедиа-профи» тақы­ры­бында шеберлік дәрісін өткізді. бас 1Ахмед МҰРАДОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Тәуелсіздікті алған жылдары елімізде «бірлік» деген сөз алғаш айтыла бастаған кезде көптеген ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер өздерін «шаңырақ» деп атады. Ол кезде бұл сөздің мағынасын біреу түсінді, біреу жете түсінбей жатты. Ал кейіннен біз Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған кезде еліміздегі түрлі этнос өкілдері оның рухани мән-маңызына терең бойлай бастады. «Шаңырақ» сөзінің қасиетін де түсініп, бұл Қазақстанды өзінің Отаны деп санайтын азаматтардың ортақ идеясына айналды. Яғни, бүгінде «Қазақстан – менің Отаным» девизі Қазақстанның бағыт-бағдары, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұстанатын идеясы болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея рухани, мәдени, тарихи құндылықтардың басын біріктіретін маңызды институт болып қалыптасты. бас 2Видади САЛАХОВ, ҚХА мүшесі: Қазақстан жерінде бір халық тұрады. Алайда, біз түрлі этностық топтарға бөлінеміз. Этностық сан алуандығына қарамастан, елімізде татулық пен бірлік, қоғамдық келісім – айрықша назарда тұрған мәселелердің бірі. Сол себепті, қазіргі таңда бұл жерде этносаралық және конфессияаралық кикілжіңдер орын алып отырған жоқ. Олар болған күннің өзінде тез арада шешімін табады деп ойлаймын. Себебі, Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған жылдардан бастап, ұлтжандылық идеясын өзінің басты ұстанымына айналдырып келеді. Бұл орайда, ҚХА-ның рөлі зор. Өйткені, қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде қоныс тепкен барлық этнос өкілдерінің басын біріктіруге, оларды бір мақсат жолында жұмылдыруға үлкен үлес қосып отыр. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».