Пікір • 20 Наурыз, 2023

Ірілік

410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әңгімені бірден оқиғадан өрбітейік. Оны Торғай өңірінде жауапты қызмет істеген бір ағамыздан естіп едім. Өзі Шығыс Қазақстанның тумасы болса да, осы өлкеге сіңген азамат.

«Өткен ғасырдағы 80-жылдары бір совхозға партия ұйымының хатшысы болып бардым. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Ескі сөзге жүйрік қариялардың да қатары мол. Сол жылы совхоздың біраз жылқысы кем болып, ол жылқышылардың мойнына ілінді. Енді жоғалған малдың орнын толтыру қажет. Әйтпесе, үлкен қылмыс саналады. Содан сов­хоз директоры, кеңес төрағасы, зоотехник секілді ауыл активтері жиналып, елден көмек сұрап көрейік дедік. Совхозда төрт бөлімше бар, соны төртеуміз бөліп алдық. Маған екінші бөлімше бұйырды. Бұл жерге ел ертеден қоныстанған. Табиғаты да көркем, малға жайлы қоныс. Бөлімшеде отыз шақты үй бар. Көбі – малшылар, қарапайым жұмысшылар. Әуелі ат басын ауылдың жасы үлкені Әміркен ақсақалдың үйіне тіредік. Қасымда бөлімше зоотехнигі бар. Екеуміз келгеннен кейін қария кемпіріне қазан көтертті. Жайланып отырып ет жеп, шай іштік. Сұңғыла қарт қой, жай келмегенімізді сезді: «Ал енді қандай бұйымтай айтасыңдар», деді бізге салмақ тастай сөйлеп. Сосын шаруамыздың негізгі жай-жапсарын айтып бердім. Ақсақал ұзақ ойланып отырды да:

– Сонда біз қанша бас беруіміз керек, – деді.

– Он бес шақты, – дедім.

– Жақсы. Мен үлкен ұлым екеуміз тай-құлыны бар бес жылқы беремін. Сызайдың үйінде жылқы жоқ, бір тайынша алыңдар, Сабыржаннан да бір жылқы атайын, Кеңестен бір қашар жаз, қысқасы, екі-үш күн ішінде айтқан малдың басын жинап қоюға уәде берейін, – деп бір ауыз сөзімен жұртқа қысы­лып айтуға ұялған мәселемізді үн-түнсіз шешіп берді. Бұл қарияның сөзіне ауыл­да ешкім қарсы келмейді. Бәрі сыйлайды. Айтқаның екі етпейді. Сонда Әміркен ақсақал­дың ірілігіне таңғалдым», деді ол тамсанып.

Екінші бір оқиғаны журналист Анар Төлеуханның «Могиканның соңғы тұяқтары» деген мақаласынан оқыдым. Оқыған сәтте жан-дүнием төңкеріліп түсті. 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінен соң 1917 жылы ақтардың қолынан 17 большевик қаза табады. Сол жолы Хәкімбек Токинді ұстап берген адам кейін қолға түсіп анықталғанда Хәкімбектің інісіне: «Мына ағаңды ұстап берген құныкердің жазасын өзің айт», деп Торғай ақсақалдары ерік береді. Кейін Төкенің Қамбары атанған сол кездегі жас жігіт Қамбар: «Бұл кісіге аға керек болмаған соң ұстап берген шығар, ал маған аға керек» деп айтқанда, үкім естиміз деп іштен тынып отырған жұрт: «Аруақ, Аруақ» деп жылап қоя беріпті», дейді.

Бұл екі әңгіме жұрттан естігеніміз болса, енді көргенімізді айтайық. Былтыр белгілі қоғам қайраткері Қуат Есімханов өмірден озды. Айтулы тұлғаның тұрқы ғана емес, сөзі де, ісі де ірі еді. Қуат аға туралы айтқанда осыдан жеті-сегіз жыл бұрын болған бір оқиға ойыма оралады. Онда ол кісі – «Теміржол су» АҚ-ның президенті, мен «Қазақстан теміржолшысы» газетінде істеймін. Бірде аталған компанияның «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды жазу үшін Қуат ағамен Павлодар облысына іссапарға бардым. Жолай ауыз су тартылған теміржолшылар орналасқан ауылдар мен Екібастұз қаласына тоқтап, ымырт жабыла Павлодарға табан тіредік. Компания басшысы сол жерде «Павлодар су» мекемесінің мамандарымен кездесіп, жиын өткізді. Жиын алдында мекеме ғимаратын аралап келе жатып, залдағы тақтада орысша жазылып ілініп тұрған ақпаратты көріп, тоқтады. Содан қасында еріп жүрген бөлімше директорына: «Мына ақпарат тек ресми тілде жазылып, ілініпті. Мемлекеттік тілдегі нұсқасы қайда?», деп еді, ол күмілжіп, не айтарын білмеді. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сондықтан тез арада дайындап, іліңдер» деді бір ауыз сөзбен. Мекеме басшысы өзге ұлт өкілі екен, әп-сәтте жүгіріп кетті. Сол мезетте абзал ағаның ірілігі көз алдымда биіктеп сала берді.

Осы үш оқиғаны мысалға алып, халқымыз­дың ірілік мінезін көрсеткім келді. Қазір жаһанданудың әсері ме, әлде көп мәдениеттің тоғысуынан ба, осы текті мінезімізден айырылып бара жатқан секілді көрінеміз. Ірілік – екінің бірінің қолынан келмейді. Тоқсаныншы жылдардың соңында «Қазақстан» телеарнасында бір танымдық бағдарлама болды. Тақырыбы да өзгеше. «Адам іздеп жүрмін». Сол секілді мен де адамдардың бойынан ірілік іздеймін.

Қайдасың сен, ірілік?