Жаны өлеңге, әдебиетке құштар ауыл баласы 2-сынып бітірген жылы Астана қаласына келгенде әскери киім киген өндірдей өрендерді көрген сәттен-ақ, әскери киімге деген қызығушылығы оянды. Оқалы киім киіп, сапта сымдай тартылған солдат болуды жиі армандайтын болды. Бала қиялын тербеген осы арман Қуанышбекті 2005 жылы Армия генералы, Халық қаһарманы, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебіне алып келді. Аталған мектепте төрт жыл оқып әскери өмірдің әліппесін үйренген соң, 2009 жылдың қыркүйек айынан бастап білімін Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Әскери-теңіз лицейінде жалғастырады. Бұл лицейге оқуға түсу де оңай болған жоқ, Қазақстаннан небәрі он орынға 180 бала бақ сынап, арасынан жүзден жүйрік шыққандар ғана жолдама алды. Әскери өмірге қызығушылығы жоғары, сабақта үздік оқыған Қуанышбектің бағы жанды – ол қиын сынақтардан сүрінбей өтіп іріктелген он бозбаланың бірі болып Түркияға жол тартты. Сүйікті ата-анасы 2003 жылы Қуанышбек тоғыз жасқа келгенде жол апатынан қайтыс болған еді, екі қамқор-тірегінен бір күнде айрылған Қуанышбек жалғыз інісін елде ағайын-туыс арасына қалдырып азамат болудың жолына түсті. Бес жыл лицейде, бір жыл түрік тілін үйрену курсында – барлығы алты жыл білім алған Қуанышбек Дюсембаев 2015 жылы аталған лицейді жақсы көрсеткішпен аяқтаған соң Ыстанбұлдағы Әскери-теңіз академиясына қабылданады.
Академияда әскери өмірдің нағыз қызығы мен қиындығын көріп жетіле түседі – шыңдалады, ширығады. Тоғыз аралды Түркияның бір аралында алты жыл мекен еткен ол Каспий теңізін де осы оқуда жүріп көреді. Алдымен шағын парустармен, кейіннен үлкен кемелермен айдынға шыққан жас теңізші тек Каспий емес Еуропа елдерін аралауға мүмкіндік алады. Оқу барысында Испания, Португалия,Франция, Кипр, Мальта, Италия елдерін аралап, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, табиғатын тамашалады. Өмір көрді, жер танып, елді қызықтады, өзі сияқты әскери ерлердің ортасына қалыптасты, әскери қызмет мектебінің кәсіби шеберіне айналды.
2019 жылы академияны бітіріп лейтенант шенімен Қазақстанға оралған Қуанышбек Мұратбекұлы Қорғаныс министрлігінің жұмсауымен Қазақстан Республикасы Әскери-Теңіз күштері Ақтау қаласындағы Әскери базасында 2901 әскери бөлімі қарамағындағы 21814 әскери бөлімі әртекті кемелер дивизионына «Орал» зымыран артиллериялық кемесінің штурмандық-жауынгерлік бөлімінің топ командирі болып тағайындалады.
– Қызметім өзіме ұнайды, әскери оқу маған ел көруге, жер көруге мол мүмкіндік берді. Осы жүріс-тұрыстар, ізденістер нәтижесінде шетел тілдерін үйренгенімді өзіме зор қуаныш санаймын, қазір қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде еркін сөйлей аламын, ал неміс тілін оқыдым, бірақ жақсы білемін деп айта алмаймын. 2022 жылы қосымша Үндістанда алты ай IT курсын оқып, ақпараттық технология офицері атандым. Елімізді дамыту, сондай-ақ қызметтік міндетімізге сай Каспий теңізінің қазақстандық секторының қауіпсіздігін сақтау – азаматтық және әскери парызым деп білемін, барлық күш-жігерімді осы мүддеге жұмсаймын, – дейді ол.
Оқушы кезінде каратэге қатысып, футбол ойнауға құштар болған Қуанышбектің өлең жазатын өнері бар екен, тіпті өзінің шағын кітапшасы да болыпты. Бірақ әскери өмірдің темірдей тәртібі, уақыттың жаппай жаттығуларға арналуы өлеңжанды жігіт пен сұлу өлең шумақтарының арасын алыстатып жіберсе керек. Оқушы кезінде «Абай оқуларына» қатысып жүлделі орын алған ол «мәнерлеп оқығанды ұнатамын» дейді. «Кітап оқығанды қалайтын едім, алайда қазір оған мүмкіндік аз. Мен әскери өмірді таңдағаныма өкінбеймін, демек, бұл – менің жолым» дейді аға лейтенант Қ.Дюсембаев. Бұдан екі жыл бұрын «Орал» жауынгерлік кемесінің штурмандық-жауынгерлік бөлімінің командирі болып тағайындалған Қуанышбек Мұратбекұлының шені де жоғарылап, иығына аға лейтенант жұлдызын тақты.
Туған елге оралған соң өзін Түркиядан он жыл күткен сүйікті қызымен шаңырақ көтерді. Жары Ләззат «мемлекеттік басқару ісі» мамандығы бойынша университет, магистратура бітірген жоғары білімді маман. Қазіргі таңда Ақтау қаласында пәтер жалдап тұратын Қуанышбек пен Ләззаттың отбасында кішкентай қыз бала өсіп келеді. Жалғыз інісі де отбасылы болған, Астана қаласында тұрады екен. «Орнында бар оңалар» дегендей, інісі екеуі оқыста қайтыс болған ата-анасының шаңырағын тіктеп, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда.
Қуанышбектің сөзінен шүкіршілікті, сабырлылықты байқадым. Мемлекеттің мүддесін жеке бас қажеттілігінен жоғары қою, шекараның тыныштығына шүкір ету Қуанышбек Дюсембаев сынды жас офицерлердің бойынан табылғаны қуантады.
Маңғыстау облысы