Пікір • 27 Наурыз, 2023

Кенжелеп қалған контент

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз балалар контентін де лайықты деңгейде дамыта алмай отырған жайы­мыз бар. Елімізде интер­нет 2009-2010 жылдары кеңінен қанат жайды, 2015-2016 жылдары белсенді фазаға көшті, ал YouTube 2018-2019 жылдардан бастап түрлі контентпен толыға түсті. Әрине, бірді-екілі жобалар бар. Бірақ үлкен ауқыммен алғанда оларды бар деуге де келмейді. Себебі аса ауқымды шетелдік контенттер біздің балалар аудиториясын толығымен «жұтып алды».

YouTube-тің сегментінде балаларға арналған қазақ тілді мультфильмдер, сериалдар, түрлі блогтар мен жобалар жоққа тән. Барларының ырғағы бәсең, сапасы төмен, ондайды қазіргі балалар көрмей, лезде одан әлдеқайда қызықты шетелдік арналарға ауыстырып жібереді.

Осы ретте қырғызстандық «D Billions» жобасын айтар едік. Жобаның авторы Эрнист Үметәлиевтің айтуынша, олар контентті әдепкіде қырғыз көрермендеріне арнаған. Қысқа мерзім ішінде көрушілер саны артып, орыс және ағылшын тілді сегментке де арнап видеолар түсіре бастаған. Қазір олардың әлеуметтік желіде 13 каналы бар, жиынтық көрілім саны 35 млрд-тан асады. Түсірілімдерде орындалатын әндердің барлығы авторлық шығармалар. Ал мазмұны мен визуалды сапасы, тіпті керемет. Қысқаша айтқанда, олар өздерінің алдына нақты мақсат қойып, сапалы контент дайындады, балаларға не қажет екенін алдын ала ойластыра білді, соның арқасында үлкен жетістікке қол жеткізді. Қазір «D Billions-тің» кез келген шыға­рылымын ерекше ықыласпен көруге бола­ды. Ересектердің аңсары осы­лай ауып отырғанда, балалардың одан қанша­лықты көз айырмайтынын бағамдай беріңіз.

Біздіңше, балалар контентін дайындауға жеке сектор да, мемлекет те ықыласты болуы тиіс. Тіпті мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама қабылданып, көңіл бөлінсе де артық емес. Бәлкім мұны мемлекет-жекеменшік серіктестік арқылы жүзеге асыруға болатын шығар. Әйтеуір, ниет болса, іске асырудың тетігі көп қой. Жеке демеуші табылып, ол бір шығармашылық топ құрып айналысса да көп шаруа тындырылушы еді.

Мұның маңызы неде? Маңызы шын мәнінде орасан. YouTube-те арнайы брендтік атаумен жоба құрып, оның аясына бірнеше ка­налды енгізген абзал. Жасалатын кон­тент­ті бірнеше тармаққа бөліп тастауға:

  • Салт-дәстүрді таныстырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын;
  • Өнертабыс идеяларды насихат­тап, әлемнің және қазақтың танымал тұлғаларын таныстыратын;
  • Білімге баулып, ғылым құпиялары мен жетістіктерін бала тілімен лайықтап түсіндіретін;
  • Спортпен айналысудың пайдасын ұғындырып, денсаулығын күтуге үндейтін;
  • Кітап оқып, түрлі тақырыптағы әдебиеттің маңыздылығын насихат­тайтын;
  • Ата-ана қадірі және отбасы мәдениетін қалыптастыратын;
  • Тарихты түгелдеп, жеті ата сияқты ұлттық құндылықтарды дәріптейтін видеолар түсірілсе әрине, бала тіліне бейім­деп, ойын, түрлі ақыл-кеңес форматында.

Одан кейін балалардың жай ғана көңіл көтеруіне арналған мультсериалдар жобасы да сөзсіз қызықты болушы еді.

Осылай жасаған күнде баланың тілі қазақ­ша шығып қана қоймайды, оның жан-дүниесінде қазақы дүниетаным қалып­тасады. Ұлтты ұйыстыратын қоғамдық құндылықтар да солардың басында өмірге келіп, жалпақ жұртқа тарап, арада 15-20 жыл өткенде өзіміз армандайтын әділетті қоғамның іргесі қаланады. Қазіргідей мемлекеттің қазба байлығын талан-тараж­ға салып емес, білім мен ғылымның, талант пен қабілеттің арқасында байыған мил­лиардерлер арамыздан шыға бастайды.

Титімдей дүниенің таудай пайдасы бар екенін түсінбей отырмыз. Не түсінсек те, істемей отырмыз. Иә, «D Billions» және сол сияқты бірқатар жобалар шығандап тым-тым алысқа кетіп қалды. Бірақ біз әлі де кеш қалған жоқпыз. Қазір, бүгін бастап кетсек, тіпті орынды. Мұны балалар алдындағы пары­зымыз деп ұғынған жөн болар. Сол парыз­ды орындауға тек қажеті – идея мен ақша. Қалғанын өскелең ұрпақтың өзіне қалдырыңыз.