Олар – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Оқу ордасын 2021 жылы Ақпараттық технологиялар факультеті бойынша тәмамдаған. Қазір екеуі де Алматы қаласындағы алдыңғы қатарлы IT-компанияның бірінде бағдарламашы болып жұмыс істейді. Олар IT-саласының Software Engineering (бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу) бағытында жұмыс істейді. Бұл бағытқа веб-қосымша, мобильді қосымша, data scientist секілді бағдарламалық жабдықтауды жасау кіреді.
Жасанды интеллект XXI ғасырдың басынан бері адам өміріне белсенді түрде қолданысқа ене бастады. Әлемде алпауыт IT-компаниялардың (Google, Apple, Microsoft, Meta және тағы басқалары) өнімдері адамдар арасында кең таралуы – соның дәлелі. Мысалы, Google аудармашы (Google Translate) 2006 жылы қолданысқа енгізілді. Бұл машиналық оқыту алгоритмдерін пайдаланып кез келген тілді аударып береді. Мұндай жұмысты жасанды интеллектісіз атқару мүмкін емес. Сол секілді IPhone-дағы Siri-ассистентін (2011 жылы шықты) мысалға алуға болады. Оның да жұмысы жасанды интеллектісіз орындалмайды. Автономды (жүргізушісіз) жүретін автокөліктер де жаппай қолданысқа еніп жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп айтуға болады. Қазір де өміріміздің бір бөлшегіне айналған жасанды интеллект қосымшалары көп. Соның бірі – OpenAI компаниясының ChatGPT чат-боты. OpenAI – 2015 жылы Илон Маск және бірнеше әлемдік бизнес-магнат құрған жасанды интеллекті зерттеу компаниясы.
– Қазіргі ChatGPT-дың жұмысына қарап, жасанды интеллект мүмкіндіктерін болжауға болады. Әлемнің озық елдерінде оның даму қарқыны өте жоғары. Бір ғана OpenAI компаниясы 2022 жылдың қарашасында ChatGPT-дің алғашқы нұсқасын шығарды. Араға төрт ай салып GPT-4 нұсқасы шықты. Бұл нұсқа алдыңғыдан әлдеқайда жетілген. Тек мәтін емес, суреттерді, видеоларды танып, соған қатысты кез келген сұраққа жауап беруге тырысады. Мысалы, кез келген тамақтың суретін ұсынып «Мұны қалай жасаймын? Рецепті қалай?» десеңіз, сізге кәнігі аспаздарша кәсіби кеңес береді. Жалпы, Америкада бәсекелестік жоғары. Өйткені әлемнің алпауыттары Кремний алқабына жиналған. Басқа компаниялар OpenAI-ға қарап, ауыз ашып отырмасы анық. Бұлай дейтініміз Google компаниясы Bard, PaLM-E деген, Meta (Facebook) компаниясы LLaMA деген ChatGPT-ге ұқсас балама нұсқаларын жасап жатыр. Бұлардың барлығы GPT (Generative Pre-trained Transformer – Генеративті алдын ала дайындалған трансформатор) бағытында жүзеге асырылуда. Жасанды интеллект барлық салада кеңінен қолданылып жатыр. Әсіресе медицина мен әскери салада белсенділік жоғары. Қазір біз GPT алгоритмдерін тек өзіміздің компьютер немесе смартфон арқылы қолданып жатырмыз. Бұл алгоритмдер болашақта роботтарға енгізіледі. Осылайша, бұрынғы фантастикалық фильмдерден көретін робот-гуманоидтар шамамен алдағы 15-20 жылдан кейін қасымызда отырып шай құйып, қазақтың тойында зыр жүгіріп қызмет етуі бек мүмкін, – дейді Әкімбек Медхат.
Әрине, бұл қалжың болғанымен шындығы бар. Шын мәнінде, қазіргі уақытта көп жаңалық адамдар игілігіне емес, бизнестің тиімділігіне бағытталған. Яғни қаржыны қалай еселесек екен деген мақсатты ұстанады. Ал бұрынғы ғылыми жаңалықтардың дені адамзат игілігіне бағытталатын еді ғой. Десе де, ашылған жаңалықтарды қоғам игілігіне барынша пайдалануға тиіспіз.
– Әлемдік тәжірибелерге қарап таңғалмасқа шара жоқ. Ал жасанды интеллектің еліміздегі дамуы кейінгі 5-6 жылда қарқын ала бастады. Бізде IT-салада сервистік қызмет көрсететін компаниялар өте көп. Алайда зерттеумен (research) айналысатын компаниялар мүлде жоқ деуге болады. Дамыған елдерден көріп отырғанымыздай, зерттеу өте үлкен ресурстарды қажет етеді. Ол дегеніміз – білімді мамандар, қомақты қаржы, жеткілікті уақыт. Мысалы, медицина саласында жасанды интеллектпен жоба жасау үшін жоғары деңгейлі программистер (software engineer) ғана емес, білікті медицина мамандарын да жұмылдыру керек. Бұдан кейін қомақты қаржы керек. Себебі бірнеше жылдық жоба үшін үлкен команданы тек идеяның мықтылығымен ұстап тұра алмайсыз. Елімізде өте жақсы идея ұсынатын стартап командалар көп. Алайда инвестициялық жағдай ақсап тұр. Сондықтан үлкен ғылыми-зерттеуді талап ететін стартаптар басқа елден инвестиция тартуға тырысады. Ал ол елдер болса «Жобаны біздің елдің атынан шығарасыздар» деп талап қояды. Кез келген ел төл өнімін шығаруға басымдық береді. Тәуелсіз ел екендігіміз «тәуелсіз» деген сөзбен ғана анықталмайды. Біз экономикалық, әскери, ғылым-білім тұрғысынан да сыртқа тәуелсіз болуымыз керек. Осы орайда кейінгі уақытта еліміз инвестициялық жағдайды реттеуге күш салып жатқанын атап өткен жөн. Былтыр Astana Hub халықаралық технопаркі Google For StartUps-пен келісім жасады. Басқа да инвестициялық ұйымдармен серіктестік орнатып жатыр. Сондықтан алда жақсы жаңалықтар көп болады деген сенімдеміз, – дейді Отарбай Дәурен.
Медхат пен Дәурен жұрт назарындағы ChatGPT-ді байқап көріп, шабыттаныпты. Осылайша, қазақ тіліндегі Askify.kz платформасын жасап шығуға бел буған.
– ChatGPT жақсы әсер қалдырды. Бірақ қазақша сұрауымызға дұрыс жауап бермеді. Жауабы тым түсініксіз болды. Орысшаның өзіне қатемен жауап береді екен. ChatGPT шыққан кезде оған жұртшылық былай тұрсын, IT-салада жүрген мамандардың өзі мән бермеді. Қысқасы, осындай игілікті қазақтар неге қолданбайды деген ой келді. Қазіргі нұсқаны жасауға осы жыл басынан бері екі жарым айдай уақыт жұмсадық. ChatGPT-дің «ана тілі» – ағылшын. Ол ағылшын тілінде өте керемет жауап береді. Себебі білім мен ақпарат дәл осы тілде кең таралған. Қытай, жапон, хинди секілді тілдерде де толымды жауап беруге тырысады. Ал қазақ тілі секілді ақпараты аз, қолданысы тар тілдерде қатемен немесе түсініксіз «тіл қатады». Askify.kz-ке ана тілімізде де, сондай-ақ ағылшын және орыс тілдерінде де барынша сауатты жауап ұсынады. СhatGPT-дің айырмашылығы – мұнда толыққанды чат сипатында сөйлесе аласыз. Яғни қазіргі жазғаныңызға алдыңғы жазбаңызбен байланыстырып жауап береді. Ал Askify.kz-те әзірге тек бір сұрақтың ғана контекстіне қарайды, – дейді жоба авторлары.
Медхат пен Дәурен жасап шыққан жасанды интеллект әзірге мәтінмен ғана жұмыс істейді. Яғни барлық сұраққа жауап бере алады. Қызық үшін өзіміз де қолданып көрдік. Өте сауатты жасалған екен. Алдағы уақытта Askify.kz-тің мүмкіндігін арттырып, жобаны дамыту көзделіп отыр.
– Иә, жоба қолданушыларға ұнап жатыр. Алдағы уақытта ыңғайлы, қызықты, пайдалы болатындай мүмкіндіктерді қоса береміз. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сұрақты мәтін түрінде ғана емес, аудио арқылы да қойып, алған жауапты аудио арқылы тыңдай алатын және ұнаған жауапты басқа да қолданушыларға қолжетімді ете алатын функциялар болады. Интернет қолданушылары осы жауапты көріп, өзара талқылап, өз пайдасына жарата алады. Осы орайда Askify.kz сұрақтарға жауап беруі үшін біз әлемдік GPT алгоритмдерін енгіздік. Алайда бұл алгоритмдер қазақ мәдениетіне сай келмейді және ішкі жаңалықтардан қателесіп жатады. Алдағы уақыттағы үлкен мақсатымыздың бірі – қазір енгізген GPT алгоритмдерін өзіміздің AI-модельдермен толықтырып, жаңа GPT алгоритмдерін жасау. Қазірдің өзінде қойылған сұрақтардың саны күннен-күнге көбейіп келеді. Егер қолданушылар саны осы қарқынмен өсе берсе, болашақта өзіміздің AI-модельдермен қазіргіден де сапалы жауаптар ала алатын мүмкіндік туындайтыны анық. Ойлаған дүниемізді ойдағыдай жүзеге асырсақ, жобамыз қазаққа ғана емес, тұтас түркі жұртына пайдалы болмақ, – дейді жоба авторлары.
Дәйім, солай болғай!