Құрылыс • 29 Наурыз, 2023

Көкөніс қоймалары көбейеді

286 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар қатарында көкөніс қоймаларының тапшылығын болдырмау мәселесі ерекше тұр. Әсіресе маусымаралық кезеңде мәселе жіті назарға алынады. Осы ретте елімізде әзірленген сақтау нысандарын салу мен жаңарту жөніндегі кешенді жоспар аясында көлемі кемінде 335,6 мың тонна болатын 97 жеміс-көкөніс өнімдерінің қоймасын салу көзделген.

Көкөніс қоймалары көбейеді

Ауыл шаруашылығы министрлігі хабар­лан­ған­дай, осы жылы Қазақстанда жалпы қуаты 104,5 мың тонна болатын 26 жаңа көкөніс қоймасы ашылады, ал 2026 жылға дейін елде тағы 35 заманауи қойма пайдалануға беріледі. Олар республикадағы сыйымдылығы 1,9 млн тонна болатын 1 208 сақтау нысанының тізіміне кіреді.

Қазір бұл бағыттағы жұмыс жоспардағыдан артық орындалып жатыр. Атап өткенде, 2021-2022 жылдары 181,5 мың тоннаға 36 қойма салу жоспарланса, іс жүзінде 200,8 мың тоннаға дейін өнім қабылдауға қабілетті 37 көкөніс қоймасы ашылған. Көкөніс өнімділігінің көрсеткіштері өсіп жатқандықтан, сәйкесінше қолданыстағы қоймалардың сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, олардың аумағын кеңейту қажет. 2022 жылы отандық фермерлер 4,1 млн тонна картоп, 621,4 мың тонна сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 552 мың тоннаға жуық қырыққабат жинады. Мұндай көлемді сақтау үшін инфрақұрылым салу ауыл тұрғындарының қолжетімсіз кірістерін толтыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, сондай-ақ маусымаралық кезеңде түпкілікті тұтынушы үшін азық-түлік бағасын тұрақтандыруға көмектеседі.

Жоспарда қойма салуға және жаңғыртуға инвестиция тарту үшін өнімнің тауарлық қасиеттерін жоғалтпай ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдығы бар заманауи қоймаларды салу кезінде инвестициялық субсидиялау нормативін 25%-дан 40-50%-ға дейін ұлғайту көзделеді.

Осындай заманауи көкөніс қоймаларының бірі Павлодар облысындағы Григорьев ауылдық округінде 2019 жылы пайдалануға берілген. Кәсіпкер жобаға 820 млн теңге инвес­тиция салса, оның 200 млн теңгесін мемлекет өтеді. Қуаты 19 мың тонна көкөніс қоймасы кәсіпкердің өз өнімін де, жақын маңдағы аудандардың шаруа қожалықтарының өнімін де сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Павлодар облысында жалпы сыйымдылығы 460,6 мың тонна болатын 146 көкөніс қоймасы бар. Былтыр өңірде 11 жаңа сақтау нысаны іске қосылса, ағымдағы жылы қуаттылығы 72,5 мың тонна болатын тағы 6 көкөніс қоймасы салынады.

Азық-түлік бағасына келсек, жақында Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда алғаш рет көкөніс бағасының дефляциясы байқалатынын хабарлады. Үкіметтің осы жылғы ақпан айынан бастап жүргізген тауар интервенцияларының нәтижесінде өткен аптада әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы 0,3%-ға төмендеді. Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, Түркістан облысында барлық әлеуметтік көкөністер арзандаған. Сондай-ақ Маңғыстау облысында картоп пен қырыққабаттың бағасы төмендеді. Соңғы екі аптада Маңғыстау облысында әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеп отыр (‒ 0,1%). Өткен аптада Түркістан облысында да бағаның төмендеуі байқалды (‒ 0,1%). Ел бойынша көкөністерді әлеуметтік бағамен сату нүктелерінің саны интервенцияның бастапқы кезеңіндегі 682-ден 1015-ке дейін өсті. Жалпы, көкөніс бағасының арзандауы есебінен барлық өңір бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының өсуінде баяулау байқалады. Барлық Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына (ӘКК) осы сауда нүктелерімен шартты ұзарту ұсынылған. Содан кейін келесі маусымаралық кезеңде әрбір өңірде баға саясатына әсер ететін сауда нысандарының базасы болады.

Бір апта ішінде ӘМАТ бағасының жалпы индексі 0,1%-ға өсті, бұл жыл басынан бері рекордтық төмен деңгей болып табылады (2022 жылдың ұқсас кезеңінде бағаның өсімі 5,6% деңгейінде тіркелді). Өсім ӘМАТ жалпы себетіндегі (сары май, айран, сүзбе, сүт) сүт өнімдеріне бағаның біршама өсуіне байланысты болды. СИМ және АШМ сүт өнімдерін өндірушілермен жедел кеңестер өткізіп, нәтижесінде қолданыстағы бағаларды сақтауға қол жеткізілді.

Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы және оны әрі қарай төмендету жөніндегі іс-шараларға арналған кеңесте Премьер-министрдің орынбасары ‒ сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бұл бағыттағы негізгі әдіс жүйелі де белсенді жұмыспен байланысты болатынын баса айтты. «Күзде қалыптасқан қорларды тарату нәтижелерін көріп отырмыз, маусымаралық кезеңде алғаш рет көкөніс бағасының дефляциясы басталды. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Жекелеген көкөністер бойынша қорлары аз аймақтар артылып жатқан өңірлермен келіссөздер жүргізуі керек, ол бойынша ақпаратты Ауыл шаруашылығы министрлігі береді. Сөйтіп, көкөністерді индикативті бағамен жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Биылғы ерте шығатын және күзгі жиын-терім бойынша келісімшарт жасауды жеделдету маңызды. Күзден бастап 2024 жылдың көктеміне арналған қорлар қалыптасады. Біз азық-түлік инфляциясын қазіргі деңгейде ұстап, келесі жылға төмен бағамен өнім қорларын құруымыз керек. Күзден бастап 2024 жылдың көктеміне арналған қорлар қалыптасады», деді ол соңғы апталардағы баға жағдайының қорытындыларын талдай келе.

Сондай-ақ кеңесте өңірлердің күзгі егінге келісімшарт жасау бойынша жұмыс барысы талқыланды. Бұл келісім­шарт­тар ӘМАТ бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асы­ру­дың жаңа үлгілік ережелеріне сәйкес ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін жасалуға тиіс еді. Сауда комитеті тарапынан күзгі пиязды 62-70 теңгеден, ал сақтауды ескере отырып, көктемге дейін 90 теңгеден келісімшарт жасау ұсынылды.