Экономика • 30 Наурыз, 2023

Контейнер тасымалының әлеуеті

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нақты зер салсақ, жүк тасы­малындағы басты критерий: жыл­дамдық, сенімділік және қауіпсіз­дік. Ал оны қамтамасыз ететін – кон­тейнерлік тасымалдау. Қа­зақ­стандық жүк жөнелтушілер кон­тей­нер­лік тасымалдаудың артық­шы­лық­та­рын осылай жоғары бағалап, келешек кон­тейнерлік тасымалда деп санайды.

Контейнер тасымалының әлеуеті

Бүгінде жүкті контейнермен тасымалдау көлемі сәт сайын артып ке­леді. Өткен жылдың өзінде «Қазақ­стан темір жолы» ұлттық компания­сы же­лісі бойынша тасымалданатын экс­порт­тық жүктердің жалпы көле­мін­де­гі контейнерлік тасымалдың үлесі 4,4 па­йыз­ды, яғни 3,5 млн тонна жүкті құ­ра­ған.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның логистика жөніндегі басқарушы ди­ректоры Ерлан Қойшыбаев: «Кон­тейнерлендіру – теміржол логис­ти­ка­сы­ның болашағы зор ең перспективалысы. Сонымен бірге ең күрделі аспектісі. Сондай-ақ әлемдегі эпидемиялар мен геосаяси дағдарыстарға қарамастан бір­қа­лыпты жұмыс істей алатын жылдам әрі сенімді көлік түрі», дегенді шегелеп ай­тады.

Қолдағы мәліметтерге мойын бұрсақ, мұнай өнімдері, тыңайтқыштар, түсті рудалар, құрылыс жүктері, қара металдар сияқты, тағы басқа да жүк түрлері бо­йынша экспорттық тасымалдардағы контейнерлік тасымалдау көлемінің артып келе жатқаны анық байқалады. Мысалы, өткен жылы контейнердегі экспорт көлемі 30 пайызға өскен. Оның ішінде астық өнімдері бар 49 мыңнан астам ЖФЭ шетелдерге шығарылған. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылмен са­лыс­тыр­ғанда 4,2 есе жоғары болып отыр. Жүк Қытайдың Алашаңқай, Үрімші, Сиань, Чунцин стансаларына, сондай-ақ Tранскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы Түркияның Мерсин порты бағытына жөнелтіліп тұрды.

Бұлармен бірге экспортқа бағыт­тал­ған контейнердегі мұнай өнімдері 14,4 есе, ұнтақтау өнімдері, яғни кебек, құрамажем, бидай ұны 6,3 есе артқан. Жүктің басым бөлігі Қытайға қарай жол тартып жатыр.

Дәнді дақылдардан бөлек, басқа да көптеген номенклатуралар контейнермен жөнелтуге жарамды жүктерге жатады. Мысалы, өткен жылдың қараша айында Ydd Corporation Қарағанды ферроқорытпа зауытынан Түркияға ферросилиций тиелген пилоттық кон­тей­нерлік пойыз жөнелтілсе, тамыз айын­да Тәжікстанның алтын өндіру сала­сын­дағы ірі кәсіпорындарының бірі – «Зарафшон» БК ЖШҚ-дан Спитамен – Достық бағыты бойынша түсті металдар кені бар алғашқы контейнерлік пойыз жолға шыққан.

Оған қоса Жітіқара стансасынан Вьетнамның Йен Вэ стансасына контейнер арқылы «Қостанай минералдары» тау-кен өндіру компаниясының асбест өнімдері жөнелтіліп жүр. Сондай-ақ флекситенктерде қазақстандық өсім­дік майы Қытайдың Шанхай, Сиань және Нантун қалаларына тұрақты түрде жіберіліп келеді. Ал түсті металдарды – контейнерлерде TMTM арқылы Түр­кия мен Грузия бағытында жөнелту ұйым­дас­тырылған.

Қазіргі кезде контейнерлік экспорт­тық жүктердің әлеуеті шамамен 22 млн тоннаны немесе тасымалданатын экс­порт­­тық жүктердің жалпы көлемінің 28 па­йызын құрап отыр.