Алматы • 04 Сәуір, 2023

Шымбұлақ – әлемдегі ең биік шаңғы трассасы

777 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматының тәжі іспетті Медеу мұз айдынынан да шырқау биікте тұрған Шымбұлақ бұдан былай «Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы» болып саналады. Оны Guinness World Records кеңсесінің судьясы Шейда Субаси-Гемиджи ресми түрде растады. Осылайша, «Шымбұлақ» ресми түрде «Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы» аталымы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына кірді.

Шымбұлақ – әлемдегі ең биік шаңғы трассасы

Мамандардың айтуынша, әлемдік рекорд орнату үшін ең алдымен курорт халықаралық стандарттардың бар­­­лық талабына сай келетін қалыпта жұмыс істеуге тиіс. Оған қоса шаңғы тебетін жол Халықаралық шаңғы феде­рациясының талабына сәйкес келуі керек. Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін ең жоғары нүкте ретінде 3 100 метр биіктік белгіленген. Ал Шымбұ­лақ теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікте орна­ласқан. Сондықтан ол әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы ретінде Гиннес рекордын орнатты. Бұған дейін мұндай рекордтар ешқашан болмаған. Қазақстандағы тау-шаңғы курорты бірін­­ші болып тіркелді.

Айтулы оқиға барысында Guinness World Records кеңсесінің судьясы Шейд Субаси-Гемиджи: «Қажетті құжат­тар­дың барлығы тексерілді. Шаңғы база­сына қатысты ақпаратты түгелдей қа­рап шықтық. Биіктігі өлшенді. Гео­дезистер мен арнайы мамандар жұмыс істеді. Трассаны өзіміз сынап көрдік. Жа­рықтандыру, жолды тегістеу жағына да оң баға беремін. Барлығы талапқа сай шықты», деп мәлімдеді.

Шейд Субаши-Гемиджи салтанат­ты оқиға арқылы Шымбұлақтан табыл­ғанына бек қуанышты екенін айта келе, тау шаңғысы курортының бас директоры Ринат Әбдірахмановқа әлемдік рекордты растайтын сертификатты табыс етті. Сертификатты тапсыру рәсімі мен рекорд нәтижесін ресми тіркеу – теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікте «Талғар асуы» стансасында өтті.

«Шымбұлақ» тау курорты әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы ретінде ресми түрде Гиннес рекордын алғаны туралы сіздерге хабарлауға қуаныштымын. Бұл әлемдегі жаңа рекорд», деді Шейда Субаши-Гемиджи.

Салтанатты шараға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты.

«Бүгін – тарихи күн. Біздің «Шым­бұлақ» тау шаңғы курортымыз Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл – бүкіл ел үшін үлкен жетістік. Әрине, біздің әлеуе­тіміз зор, Шымбұлақ – еліміздегі ту­ризмді дамытудың негізгі орындардың бі­рі. Жалпы, қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігінің араласуымен нақ­ты қадамдар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, елімізде алдағы же­ті жыл­ға арналған туризм саласын да­мыту тұжырымдамасы әзірленді. Біз жер­гілікті атқарушы органдармен, се­рік­тестермен, бизнес қоғамдастықпен бір­лесіп инфрақұрылымды және туриз­мі­­мізді дамытамыз», деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде министр «Шымбұлақ» кәсіпорнының бас директоры Ринат Әбдірахмановқа әлемдік рекордты растайтын сертификатты аманаттады. Шара соңында қызыл лента салтанатты түрде кесіліп, ең биік түнгі тау шаң­ғысы трассасымен төмен қарай жаппай сырғанау өтті.

Теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікте түнде шаңғымен сырғанау 2021 жылдың қарашасында басталған еді. Осы уақыт ішінде жүздеген мың адам түнгі уақытта ең жоғары нүктеден түсіп үлгерді.

Тау шаңғысы курортының баспа­сөз қызметінің хабарлауынша, 2021-2022 жылғы маусымда түнгі шаңғымен сырғанауға 50 346 турист келген, биылғы маусымда 10% көп келді, яғни 55 486 келушілер болды. Сонымен қатар 2021-2022 жылғы маусымда күніне 12 520 адам келсе, биылғы маусымда курортқа 1 млн-нан аса адам келіп үлгерді.

«Бұл дегеніміз – ішкі туризм және сыртқы туризмді дамыту мақсатындағы жасап жатқан қадамдардың бірі және туристік маусымға қарайтын болсақ, нақты көрсеткіш бойынша тарихта алғаш рет ішкі және сыртқы туризмді қосқанда Шымбұлаққа 1 млн-нан аса турист келді. Әлеуетіміз зор. Бұл жұмысты біз министрлік тарапынан әкімшілікпен бірлесіп, кәсіпкерлермен және біздің әріптестермен жалғастырамыз», дейді Мәдениет және спорт министрі.

Шындығында, Шымбұлақтағы енді қайталанбайтын тарихи сәтке тау ­туриз­мін жақсы көретін қала тұрғын­дары да ортақтасты.

Қала тұрғындарының бірі Гүлмира Юсупова: «Талай елді шарлап көрдім. Бірақ біздің Шымбұлаққа жетері жоқ. Трасса керемет. Оны мұнда тұрақты түрде келетін шаңғышылардың бәрі жақсы біледі. Осындай мәртебеге ие болып жатқанына қуаныштымын», деді.

Ал Мәди Алдабергенов атты алма­тылық: «Мен 18 жылдан бері шаңғы тебемін. Кәсіпқой шаңғышымын. Шым­бұлақ Гиннес рекордтар кітабына енуге әбден лайық. Расында, Шымбұлақ – шаңғы тебуге таптырмас жер. Гиннес рекордтар кітабына енгізілгеннен кейін келушілер саны көбейе түседі деген болжам бар», деді.

 

АЛМАТЫ