Медицина • 03 Сәуір, 2023

Оңалту орталығының орны бөлек

371 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2025 жылға дейін елде 12 оңалту орталығы бой көтеруге тиіс. Мемлекет басшысы Үкіметке осындай тапсырма берді. Қазіргі күні мұндай нысан Абай облысында ғана пайдалануға берілген. Қалған орталықтардың мәселесі қалай шешіліп жатыр? Құрылыс жұмыстары басталды ма?

Оңалту орталығының орны бөлек

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, өткен жылы 130 мың адам ар­наулы әлеуметтік қызмет алған, оның ішінде 10 мыңнан астам мүге­дек­тігі бар адам еліміздің 32 мемле­кет­тік оңалту орталығында ем-дом қа­был­даған. Алайда республикада мүге­дектігі бар адамдардың жалпы саны 711 мыңнан асады. Сондықтан қа­зір­гі орталықтардың барлығына қыз­мет көрсетуге әлеуеті жетпей отыр.

Осыған орай Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін еліміздің 12 өңірінде, атап айтсақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Абай, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыс­тары және Алматы, Астана, Шымкент қалаларында мүгедектігі бар адамдар үшін жаңа ірі оңалту орталықтарын салуды қолға алды. Әрқайсысы 150 орындық оңалту орталықтары инклюзивті топ өкілдерін оңалту кезеңінде тәулік бойы қабылдайды. Осылайша жыл сайын жаңа заманауи орталықтарда 1 500-1 800 мүгедектігі бар адам денсау­лығын жақсарта алады.

«Оңалту орталықтарының құры­лы­сы өңірлердің, оның ішінде шал­ғайдағы елді мекендердің тұрғын­дарының сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтер алуына жағдай жасайды. Мүгедектігі бар мыңдаған адам денсаулығын нығайтып, жағдайын жақсарта алады. Сондықтан бұл жобаларды іске асыру жергілікті және орталық органдар өкілдерінің ерекше бақылауында болуға тиіс», деді Премьер-министр орынбасарының міндетін атқарушы Алтай Көлгінов оңалту орталықтарының құрылыс барысы талқыланған арнайы кеңес­те.

Ең алғашқы оңалту орталығы осы жылдың басында Абай облысы Семей қаласында салынып, пайдалануға берілді. Жақын арада әлеуметтік меке­мені күтіп-ұстауға бюджеттік өтінім жергілікті мәслихаттың қарауына жіберіледі.

Оңалту орталығы балаларға да, ере­сектерге де бірдей қызмет көрсе­­теді. Мұнда кешенді ме­ди­­­ци­­­на­лық-әлеуметтік, психологиялық-әлеуметтік және әлеуметтік-педа­гогикалық жағынан оңалту жүргізіледі. Сондай-ақ Абай облысының алыс аудан, ауыл­дарынан келгендерге 1 айдан 6 айға дейін уақытша тұруға мүмкіндік қарастырылған. Барлық бөлмелер мен кабинеттер қажетті медициналық жиһаздармен және отандық, шетелдік заманауи оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Орталықтың кітапханасындағы 14 оқу орындықтың екеуі мүгедектер арбасына арналған. Термогидротерапия бөлімшесінде екі емдік бассейні бар.

Нысанның жалпы ауданы 22 мың шаршы метр, мұнда 7 электросаты мен оңалтуға арналған барлық қондырғылар орнатылған. Сонымен қатар ана мен балаға арналған жеке палаталар, монтесори кабинеті сынды медициналық-әлеуметтік, пси­хологиялық-әлеуметтік және әлеу­меттік-педагогикалық оңалтуды жүзеге асыратын жартылай стацио­нар және уақытша тұратын стационар қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Оңалту орталығында психо­нев­рологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар және бірінші, екінші топ мүгедектігі бар адамдар ем-дом алып, оңалтудан өте алады.

Жергілікті әкімдіктің ақпараты бойынша бірегей орталық 200 маманды тұрақты жұмыспен қамтыды. Білікті мамандар заманауи техникалық оңалту құралдарын қолдану арқылы әр ем алушыға жеке бағдарлама әзірлейді.

Қазір Абай облысы бойынша 24 мыңнан аса мүгедектігі бар азамат тіркелген. Енді жылына 4 мыңнан аса адам орталық қызметін пайдалана алады. Алдағы уақытта облыста осындай тағы екі орталық ашылмақ. Оның біреуі Аягөз қаласында бой көтереді деп жоспарланған.

Ал Алтай Көлгіновтің айтуын­ша, биыл Кентау, Тараз және Ақтөбе қалаларында тағы үш оңалту орталы­ғы бой көтереді. Келесі жылы Батыс Қазақстан облысында, одан соң 2025 жылы Ақмола және Атырау қалаларындағы орталық құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Еліміздің бес өңірінде – Павлодар, Жетісу облыстарында, Астана, Алма­ты, Шымкент қалаларында құры­­лыс әлі басталған жоқ. Осыған байланысты Алтай Көлгінов өңір басшыларына қысқа мерзімде дайын­дық жұмыстарын аяқтау­ды және мүге­дектігі бар адамдар үшін оңалту орта­лық­тарын салуға бюд­жеттік өті­нім­дер беруді тапсырды.

Ресми статистиканы зерделесек, Қазақстанда 160 мыңнан аса ерек­­ше бала тіркелген, олардың көбі тұрақ­ты оңалтуды қажет етеді. Ал Ұлт­тық статис­тика бюросының дерек­те­ріне сүйенсек, елдегі әрбір 100 бала­ның үшеуі церебралды паралич ауруы­на, оның ішінде ДЦП ауруына шалдыққан 10 баланың біреуі дүние­ге келмей жатып шалдығады. Бұл Қа­зақстанда аталған диагнозбен туыл­май-ақ көптеген балалар дүниеге келетінін білдіреді. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда ДЦП-мен ауыратын бала­ларға арналған бар болғаны 49 реабилитациялық орталық бар. Бұл әрбір 1 орынға 5 баладан келіп отыр деген сөз.

Әлем елдерінің тәжірибесін алар болсақ, Ұлыбритания, АҚШ және Еуропада церебрал ауруымен күресу үшін ем алу жүйесі стандартталмаған. Алайда бұл елдерде диагноздың арнайы жасақталған сайты және диаг­нозбен күресетін отбасыларға көмек ретінде қайырымдылық қорының ашық сайты жұмыс істейді. Онда әр баланың ыңғайына негізделіп ем алу жүйесі жасалады.

Ал Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан елдерінде ем алуға стандартталған 3 апта беріледі. Сонымен қатар Қазақстанда ай сайын әр балаға берілетін қаражат мөлше­рі Еу­ропа мемлекеттерімен салыс­тыр­ған­да 10 есе аз. Әрине, Үкімет бұл салаға бөлінетін қаражатты жыл сайын 5 мың теңгеге көбейтіп келеді, бірақ өкінішке қарай, ол ай сайынғы реаби­ли­та­циялық ем алудың құнын өтей алмайды.

Осы орайда жаңадан бой көтеретін оңалту орталықтарының маңызы мен көмегі зор болмақ.