Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан Республикасының
Президенті.
Кеше «Назарбаев орталығы» Тұңғыш Президент кітапханасында мемлекеттік үлкен шара өтті. Онда Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру жұмысы туралы есебі тыңдалды. Шара аясында бірқатар Үкімет мүшелері өз жұмыстарының нәтижелерін баяндап, өңірлермен телекөпір ұйымдастырылды. Жан жадыратар жаңа нысандар Елдік шара басталмас бұрын Мемлекет басшысы жаңа ғимаратты аралап көрді. Сондай-ақ, «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесінің арқауында құрылған Тұңғыш Президент кітапханасының жұмысымен танысты. Кітапхана қоры 20 мың еңбекті қамтиды. Мекеме Президентке сыйға тартылған экспонаттарды жинақтаумен де айналысады. Қазіргі күні мемлекет басшыларының және олардың ресми өкілдерінің сыйлықтарын, өнер туындылары мен тарихи жәдігерліктерді қосқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке коллекциясынан алынған 500 экспонат бар. Ғимаратта көшпелілер мен дала төсіндегі қалалардың санғасырлық тарихында қалыптасқан қазақ халқының философиясын танытатын «Мәңгілік ел» галереясы орналасқан. Мемлекет басшыларының мұндай орталықтары, кітапханалары мен қорлары әлемдік тәжірибеде, атап айтқанда, АҚШ-та, Францияда, Түркияда және басқа елдерде бар. Олардың басты міндеті ел басшыларының жеке мұрағатын жинақтау және жүйелеу болып саналады. Мұнымен қатар, Елбасы ғимарат ішіне орналастырылған отандық өнім шығаратын үздік кәсіпорындардың арнайы ұйымдастырылған көрмесін аралап көрді. Көрмені аралап, танысып шыққан Елбасы жаңадан ашылып, салтанатты шара өтіп жатқан ғимаратқа қатысты өз ойын білдірді. «Бұл ғимарат бас қаланың көркін одан сайын ажарландыра түсті. Келешекте халық игілігіне жұмыс істейтін мәдени орталық болады деп ойлаймын. Бұл әсем қаламыз Астананың туған күніне жасалған ғажайып тарту-таралғыларымыздың бірі. Кең-байтақ даламызда түндігін түріп тастап, еркіндікке негізделген өзіміздің киіз үйімізге ұқсатып салынған. Қабырғасы мен төбесінің шыны пакетпен жабылуының өзі ғимаратты жылыту мен жарықтандыруға кететін шығын көлемінің азаюына зор септігін тигізетін болады. Сондықтан да, мына ғимарат «Назарбаев орталығы» Тұңғыш Президент кітапханасы» деп аталғанымен, бұл жерді ұлтымыздың игілігіне жұмыс істейтін мәдениет орталығы ретінде қабылдау керек», деді Мемлекет басшысы. Президент биіктігі 9 қабатты құрайтын, жалпы көлемі 30 мың шаршы метрден тұратын ғажайып ғимарат қазіргі замандағы ең атақты сәулетшінің бірі Норман Фостердің Астанадағы үшінші керемет сәулет өнері екендігін де айтты. Сондай-ақ, елордада тағы бір мәдени ошақтың осы күні ашылатынын үлкен қуанышпен жеткізді. «Көрсе көз тоймайтын Астанамызда бір опера және балет театры мен орталық ұлттық музей жетіспей тұратын. Театрдың игілігін ел көріп жатыр, енді бүгін орталық мұражайды ашатын боламыз», деді Н.Назарбаев. Үдемелі даму үрдісі Келесі кезекте Президент бүгінгі шараның негізгі бөліміне өтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы әңгімеледі. Биылғы жылы үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші бесжылдығы қорытындыланатынын жеткізді. Онда «Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын (ИИДБ) жүзеге асыру қорытындылары индустрияландырудың екінші бесжылдығын бастау үшін «бастапқы бағыт» ретінде аса үлкен мәнге ие болды», деп атап айтты Президент. – Енді басты мақсат 2050 жылға бет алған сәтте өзіміз бастаған бастапқы бағыттар аса маңызды. Кез келген жол алғашқы қадамнан басталады, сондықтан, 2014 жылдың алғашқы қорытындылары біз үшін аса маңызды. Жартыжылдықтың басты нәтижесі мына қарапайым шындықта: Қазақстан экономикалық өсімнің қажетті динамикасын жинауда. Әлем экономикасының қалпына келуі баяу жүріп жатқанын ескеретін болсақ, бұл өте маңызды. Көптеген сарапшылар түйіндегендей, 2014 жыл жаһандық экономикалық өсімнің ұстамды болжамдарын берді, – деді Мемлекет басшысы. Оған қоса, Президент индустрияландырудың екінші бесжылдығының жаңа жобаларын таныстыру – ағымдағы жылдағы Үкімет пен әкімдердің жұмыстарының маңызды аралық қорытындысы екеніне баса назар аудартты. «Жаңа Үкіметтің жұмысына жақын күндерде 100 күн толады. Ендеше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жасалған жұмыстың баяндамаларын тыңдаймыз деген ойдамын», деп толықтырды сөзін Н.Назарбаев. Әрі қарай ойын жалғаған Мемлекет басшысы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру әлі де ел экономикасының құрылымына жеткілікті әсер ете қоймағанын айтып, әйтсе де, бірінші бесжылдықта жағымды нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Сөйтіп, кейбір елдердегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың дұрыс жүргізілмеуін тілге тиек ете отырып, ел дамуының басым бағытына тоқталды. Мемлекеттік бағдарлама – маңызды құрал Елбасы ендігі кезекте, әуелі тиісті ведомство басшыларының баяндамаларын тыңдап, одан кейін телекөпір шарасына өтуді ұсынды. Сөз кезегі Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевқа берілді. Аталмыш ведомство басшысы Қазақстанның жаңа индустрияландыру бағытында атқарған жұмыстарына тоқталып, үстіміздегі жылдың алғашқы жартысындағы нәтижелерін баяндады. Министрдің айтуынша, әлемді дағдарыс жайлаған келеңсіз кезеңдердің өзінде осы бағдарламаның арқасында ел экономикасын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік туды. Атап айтар болсақ, 2010-2013 жылдар аралығында аталған бағдарламаны қаржыландыру мақсатында 3,7 трлн. теңге бөлінді. Бұған қоса инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 2,4 трлн. теңгеден артық жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде, 2008-2013 жылдар аралығында жылдық орта мөлшермен есептегенде экономиканың өсу қарқыны 6,4 пайызды құрады. Ішкі жалпы өнім 30 пайызға өсті. Қазақстанның экономикалық бәсекелестікте төтеп беретін тағы бір көрсеткіші – еңбек өнімділігі. 2013 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу саласында еңбек өнімділігі 57,5 мың долларды құрап, 2008 жылмен салыстырғанда 1,6 мың АҚШ долларына өсті. Экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда, бүгінде еңбек өнімділігі осы өңдеу саласында ұлғайып келеді. Айталық, ауыл шаруашылығы, теміржол машиналары мен автокөлік жасау, фармацевтика және химия салаларында да оң өзгерістер байқалады. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибеге сәйкес, экономиканы әртараптандыру нәтижесінде еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шикізат экспортының және өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып келеді. Мысалы, соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібінің нақты өсуі 24,5 пайызды құрады, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі 21,1 пайыз болды. Негізінен 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы экономиканың теңдестірілген құрылымын жасауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады, деді министр. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Сіз экономикалық саясатты жаңарту мен экономиканы әртараптандыру бойынша жаңа міндеттерді алдымызға қойған болатынсыз. Аталған міндеттерді іске асыру барысында 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы маңызды құралға айналмақ», деді бұл ретте Е.Досаев Елбасына берген есебінде. Сондай-ақ, ол ҮИИД-2 мемлекеттік бағдарламасында 6 бағытқа басымдық берілетінін тілге тиек етті. «Ең алдымен оны іске асыруда кешенді амал-тәсілдер қолданылады. Индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңі экономиканың теңдестірілген құрылымын жасауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады», деп толықтырды сөзін министр. Жаңа жұмыс орындары елдің экспорттық әлеуетін арттыратын қайта өңдеу саласында, макроэкономикалық тұрақтылық пен оның өсіміне қаржылық негізді қамтамасыз ететін дәстүрлі шикізат секторында, инновациялық және қызмет көрсету салаларында ашылмақ. Бұл ретте көліктік, индустриялық және энергетикалық инфрақұрылымдардың озық дамуына ерекше назар аударылмақ. Сонымен қатар, министр Қазақстан экспортталатын тауарлар санын арттыруға да айрықша мән беріп отырғанын алға тартты. Дүниежүзілік банк және Азия даму банкі сынды халықаралық ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, басымдық тек салаларды әртараптандыруға ғана емес, сонымен бірге, экспорт барысында сауда серіктестерді және тауарлар мен қызметтер номенклатурасын әртараптандыруға берілетініне тоқталды.Министрдің атап өтуінше, Азия даму банкі сарапшыларының бағалауына сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстан басқа елдермен салыстыра қарағанда, небәрі 127 ұстаным бойынша ғана тауар экспорттайды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын іске асыруға бағытталатын инвестициялардың жалпы көлемі 6,6 трлн. теңгеге жуық болып табылады. 6 трлн. теңгені квазимемлекеттік және жеке сектор инвестициялары есебінен тарту жоспарланып отыр. Бюджеттік қаржыландыру 650 млрд. теңгеге жуық болмақ. Ізденіс іздері Қазақстанның жаңа индустрияландыру бағдарламасының 2014 жылғы алғашқы жартыжылдығының нәтижелері туралы бұдан әрі Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндады. Биылғы жылдың соңына дейін 700 млрд. теңгеге индустрияландырудың 120 жобасы салынып бітеді екен. «Биылғы жыл елімізді индустрияландырудың бірінші бесжылдығының соңы болып табылады. Үкімет аталған бағдарламадағы жобаларды жүзеге асыруға барынша күш салады. Негізгі 12 индикатордың ішіндегі 10-ы көзделген деңгейде орындалады деген сенім бар. 2014 жылдың бірінші жартысының өзінде 21 жоба іске қосылады», деп бастаған вице-премьер бірінші бесжылдық инновацияларды дамытуға да негіз болғанын айтты. Ә.Исекешев мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырудың арқасында, яғни өткен 4 жылда еліміздің халықаралық рейтингтері жақсартылғанын жеткізді. Осы аралықта технологиялық инновацияларға шығындар 7 есеге өсіпті, ал ҒЗТКӘ жобаларына тікелей шетелдік инвестициялар ағымы 3 есеге дейін артыпты. «Жалпы, машина жасау 2009 жылдан бері 75 пайызға, құрылыс индустриясы – 47 пайызға, химиялық сала 28 пайызға көтерілді. Нәтижесінде, Қазақстан өңдеу экономикасының қарқынды дамуына ие болды. Сөйтіп, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея мен Польшадан кейінгі орынды иеленіп отыр», деді баяндамасында Ә.Исекешев. Сонымен қатар, шикізаттық емес экспорт пен мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық мазмұнның екі көрсеткіші бойынша кестеден қалу байқалғанын да назарға салды. Сәтті жүзеге асырылған жобаларды да еске алды. Біз теміржол құрамдарын жасау өнімі бірден өскендігін байқаймыз, теміржолдық машина жасау – 20 есеге, автокөлік өндірісі 11 есеге көбейді. Бұл бірқатар мықты сала құруға мүмкіндік берді», деді ол. Нәтижесінде, бүгінгі таңда сатылатын әрбір төртінші көлік Қазақстанда жасалып, дайындалатын болыпты. Жалпы, 4,5 жыл ішінде индустрияландыру картасы бойынша 672 жоба жүзеге асырылып, 69 мың жұмыс орны ашылыпты. Сөйтіп, индустрияландыру картасы жобалары тарапынан 3,2 трлн. теңгенің өнімі өндіріліп, экспорт құны 133 млрд. теңгеге жеткен. Ал экспорттағы дайын өнім үлесі 8 пайызды құрапты. Осынау уақыт аралығында жаңадан 325 тауар түрі қосылған. Үкімет басшысының орынбасары Астанада Назарбаев Университетінде геологиялық кластер құрылатындығы жөнінде де баяндады. «Оның құрамына тау-кен ісі мектебі мен жер туралы ғылыми институты кіреді. Сондай-ақ, геологиялық зерттеу орталығы ашылады. Орталықтың құрылысы биылғы жылдың төртінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр», деді Ә.Исекешев. Еліміздегі жер қойнауын пайдаланушылардың келісім үдесінен шыға алмай жүргендеріне қолданылған шаралар жөнінде де сөз болды. «Өз міндеттерін атқармайтын жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс жалғасып жатыр. 2010 жылдан бастап 160 келісімнің күші жойылды. Десек те, биылғы жылы Рио Тинто, Илюка және Корес тәрізді ірі әлемдік компаниялармен бірлескен жобалар іске қосылады. Қазақстан жер қойнауын пайдалану саласындағы озық технологияларды меңгереді», деп қайырды сөзін вице-премьер. Айта кетейік, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Индустрияландыру картасы шеңберінде 21 жоба пайдалануға беріліп, 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орындары құрылған. Ал, екінші жартыжылдықта шамамен 100 жоба пайдалануға беріліп, 8 мың тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жаңа нысандар, тың қуаттар Осы күнгі негізгі шара Елбасының телекөпір арқылы бірқатар аймақтардағы жобаларды іске қосуы болды. Онда Қазақстанда халықаралық талапқа сай 20-дан астам жаңа ірі өнеркәсіп орнын іске қосу жоспарланғаны мәлім. Соның бірі – Алматы облысындағы «Қорғас шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағындағы құрғақ порт логистикалық орталығы. Айтулы өнеркәсіп орнында өткен телекөпірде «DP WORLD» компаниясының директоры Анил Сингх Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа орталық жайлы баяндап, құрылыс жұмысын бастауға рұқсат сұрады. Бұл құрылыстың Еуразия континентіндегі маңызына тоқталған Елбасы, құрылысты бастауға рұқсат берді. «Еліміздің логистикасын дамытуда маңызды орны бар жобаның іске қосылуын күтіп жүрміз. Өйткені, бұл өте маңызды жоба. Бұл желімен Шығыстан Тынық мұхитына дейін жүктер тасымалданатын болады. Негізгі тауарлар арнайы контейнерлерге тиеліп жөнелтіледі. Бұйыртса, бұл транзиттік желі екі аралықтағы жол уақытын бірнеше есе қысқартпақ», деді Мемлекет басшысы. Аталған порт Панфилов ауданы, Пенжім ауылдық округі аумағындағы «Алтынкөл» халықаралық теміржол бекеті мен Нұркент қалашығының аралығында орын теуіп, жалпы аумағы 700 гектар жерді алады. Онда Қытайдан әкелінетін және шетелге жіберілетін жүктерді тиеп, түсіретін логистикалық орталық, индустриялық аймақ және құрғақ порт құрылысы салынады. Құрылыс жұмыстарына 227 млрд. теңге жұмсалса, оның 150 миллиарды жеке инвесторлар есебінен қарастырылады. Құрылыс нысанындағы 25 мың жұмыс орнының 10 мыңы биыл ашылады. Бүгінгі таңда 200 техника пайдаланылып, 500 адам еңбек етуде. Атырау облысындағы әр жоба мұнай-газ өнеркәсібімен тығыз байланыста іске асырылады. Сол себептен, осы салада заманауи өзгеріс көп. Мәселен, «Жігермұнайсервис» ЖШС-де алмаз кристалдары бар бұрғылау қашауларын шығаруды қолға алды. Оңтүстік Кореядан алынған ең озық технология көмегімен құрастырылған бұрғы қондырғысына қажетті қашаулардың алғашқы легі Маңғыстау өңіріндегі кен орындарында сыналыпты. Енді көп ұзамай отандық зауытта шығарылған бұл өнім Қытай, Ресей, АҚШ секілді алпауыт елдердің осындай қашауларына бәсекелес бола алады екен. Бұл сөзді телекөпір барысында зауыт директоры Асхат Дүйсәлиев Елбасына мәлімдеді. Бұрын осы зауыттағы қондырғылар өте ескі еді. Көне технологияны жаңасына толық ауыстырып, қайта құрылымдауға 20 миллион доллардан астам қаржы салыныпты. Заман талабына сай жабдықталған зауыттың жаңа технологиясы екі жылдан соң толық қуатында жұмыс жасай бастамақ. Сол кезде жылына 250 дана бұрғы қашауы шығарылатын бұл зауытты жаңғыртуға салынған қаржының қайтарымы болады. Мұндағы жаңа технологияның тілін жетік меңгерген отандық мамандардың барлығы да шетелдегі осындай заманауи зауыттарда кәсіби білімін жетілдіріпті. «Жігермұнайсервистің» қашаулары мұнайшылар үшін таптырмайтын өнім. Өйткені, жеті қат жер астындағы «қара алтынға» бұрғы ұшындағы қашаулар арқылы арна салынады. Әлемнің бар елінде мұнай солай алынады. Демек, бұрғы ұшына бекітілетін қашауларға тек отандық кәсіпорындардан ғана емес, өзге де елдердің компанияларынан сұраныстың мол болары дау тудырмайтын көрінеді. Ал, өнімнің сапасына алаңдауға негіз жоқ екен. Зауыт басшысының баяндауына ден қойған Мемлекет басшысы қазір біздің елімізге жаңа технологияны жетік меңгерген инженер мамандар көптеп керек екендігін айтты. Зауыттың жүзеге асырып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдіріп, салада маман дайындау ісіне жауапкершілікпен қарауды тапсырды. «Біз қазір 4-5 мың метрлік тереңдікті қазып жүрміз. Жалпы, сарапшылардың айтуынша, мұнан да төмен тереңдікте Қазақстанның байлығы бірнеше есе көп. Сондықтан да бұл жаңа технология – Қазақстанда бұрын болмаған технология. Бұрғылайтын қондырғыларды жасау сіздер үшін зор бақыт. Сіздер тұңғыш оны игерген адамдар ретінде тарихта қаласыздар», деген Мемлекет басшысы өндіріс ошағын қосуға рұқсат берді. Телекөпірде «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Ерейментау қаласының іргесінде салынып жатқан өнеркәсіптік жел паркінің құрылысы жөнінде есеп берді. Елбасы бұл жобаға оң бағасын беріп, инновациялық сәтті қадамның маңызы орасан екендігін атап көрсетті. «45 мегаватт деген Көкшетау мен Петропавл қалаларында тұрған электр стансаларымен бірдей. Сондықтан Астананың іргесіндегі Ерейментауда салынып жатқан тұңғыш жел энергия стансасы құтты болсын», деді Н.Назарбаев. Қайталап айтамыз, қуаты 45 мегаваттық жел паркін салу елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Оның құрылысын «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы жүргізуде. Алдағы уақытта нысанның қуатын 300 мегаватқа жеткізу көзделген. Мұның өзі 80 мың пәтер электр қуатымен қамтамасыз етіледі деген сөз. Бүгінгі күні жел электр стансасының 85 метрлік 3 мұнарасы мен аумағы 93,2 метрлік роторлары бой көтерген. «Алып қанаттар» желдің жылдамдығы секундына 3 метр болғанда да жұмыс істей береді. Басқарма төрағасы А.Сәтқалиев жоба құрылысына отандық және шетелдік компаниялар тартылғанын атап өтті. Қуат қондырғысы жүйелерінің барлығы өңірдің ерекше климаттық жағдайына бейімделген. Баламалы қуат көзін пайдалану үнемшілдікпен қатар, қоршаған ортаның тазалығына да оң әсерін тигізеді. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Алатау ауданы шеңберінде орналасқан жаңа индустриялық аймақтың даму барысы туралы баяндады. Жаңа технологияларды меңгеріп, заманауи ғылымды дамыту үшін және инновациялық жобаларға инвестиция тарту мақсатында жасақталған аймақта әзірге бой көтеретін жалпы құны 72 млрд. теңгелік 21 жоба мақұлданып, келешекте бұл жоба аясында 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы 490 гектарды алып жатқан аумақта 20 мың адамдық жұмыс орны ашылып, қала өнеркәсібінің 30 пайыздық өсімін беретін болады. Қазіргі таңда Алатау ауданында құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен әкім, ауданда жаңадан 1 концерттік және 2 кинозалы бар 1100 орындық мәдениет орталығы ашылғандығын, «Универсиада-2017» жобасына сай 12 000 орындық спорт сарайы мен 5 мың орындық олимпиада ауылының құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, қала әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен қала аумағында жаңа Наурызбай ауданының бой көтергендігін салтанатты түрде мәлімдей келіп, бұл жаңа аудан Алматы қаласының ауқымын кеңейтіп қана қоймай, келешекте қала дамуын жаңа деңгейге көтеретіндігін айтты. Қала әкімімен бірге телекөпірге қатысқан Қазақстан-Малайзия біріккен «Karmatura metal» АҚ басшысы Темуджин Нүкенов Алатау ауданында орналасқан жаңа индустриялық аймақ аумағында жалпы құны 9 млрд. теңгені құрайтын, 180 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болат арматура дайындау зауытын салуға дайын екендіктерін жеткізді. Бүгінге дейін жаңа зауыт салынатын орынға инженерлік коммуникациялар мен кәсіпорындық жабдықтардың мемлекет есебінен жасақталғанын және сол үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа біріккен кәсіпорын атынан алғыс сезімін білдіретіндігін жеткізді. Баяндауларды тыңдаған Мемлекет басшысы ел аумағындағы 9 арнайы экономикалық аймақтардың бәрінің маңызы айрықша екенін айтты. Сөйтіп, олардың бәріне жеткілікті дәрежеде қаржы ажыратылғанын жеткізді. Сөйтіп, олардың бәріне коммуникациялар мен инфрақұрылымдар жасалғанын тілге тиек етті. Бұл тұрғыда Алматыдағы арнайы экономикалық аймақтың мәні аса зор екендігіне назар аудартты. Сөйтіп, мемлекеттің әлеуетіне көп үлес қосатын жаңа индустриялық жобалар қадамына сәттілік тіледі. Елбасының кәсіпкерлік қолдау саясатының нәтижесінде бүгінде қаншама адам өз ісін ашып, шағын кәсіпкерлікпен шұғылдана бастады. Қазіргі таңда «Бәйтерек» холдингі 13 банкпен келісім жасап, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласындағы 118 жобаны қаржыландыруға 33 млрд. теңге бөлді. Құны 55 млрд. теңге болатын тағы 205 жоба мақұлдану үстінде. Осылайша жуық арада Ұлттық қордан бөлінген қаржының 88 пайызы толығымен тиімді игерілмек. Әрі осы бағдарламаның аясында өндірістік өнеркәсіп саласында жаңадан 2700 жұмыс орны ашылмақ. Міне, осы саланың бір топ өкілі де кеше тікелей эфирге шығып, Елбасына өз кәсіптерін таныстырды. Телекөпірге Оңтүстік Қазақстан облысынан екі жоба қатысты. Оның ішінде терезелерге арналған ПВХ-профильдер шығаратын «Триумф ММС» ЖШС-і зауыты жобасын жүзеге асыруға 1 200 млн. теңге инвестиция жұмсалған. Кәсіпорын Үкіметтен бизнесті қолдауға бөлінген 1 трлн. теңге аясында кеңейту жұмыстары үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы қосымша 216 млн. теңге қаржы алып отыр. Жобаға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жол, электр энергиясы, су және кәріз жүйесі тартылып, 161 тұрақты жұмыс орындары ашылған. Зауытта пластиктен жасалатын витраж және терезелерге арналған қосалқы бұйымдардың толық жиынтығы шығарылады. Кәсіпорынның қызметкерлері еуропалық мамандардан тәлім алған. Екінші жоба – Сайрам ауданында іске қосылған глюкоза-фруктозалық шырын өндіретін «Bio Grain» ЖШС-нің өндіріс орны. Кәсіпорын технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігінің инновациялық грантын алып, глюкоза-фруктозалық шырын өндіретін ТМД елдеріндегі алғашқы зауыт болып отыр. Жобаға 318 млн. теңге инвестиция тартылып, 48 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын жылына 14 мың тонна өнім шығарады. Тікелей эфирден бұдан әрі Ақтөбе облысынан «Айс- Плюс» ЖШС директоры Гүлнар Жандәулетова байланысқа шықты. – Біздің кәсіпорын сүт және сүт өнімдерін өндіреді. Серіктестік өнімдері облысқа ғана емес, одан тысқары жерлерге де жақсы таныс. Біздің өнімдеріміз экологиялық таза тағам болып табылады. Сондықтан да өтімді, тұтынушылардың сұранысы жоғары. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігін дұрыс пайдалануымыз керек. Осыған байланысты сүт және сүт өнімдерін құятын жаңа технологиялық желіні пайдалануға беруді қолға алдық. Бұл жобаны жүзеге асыру өндірілген өнімді көршілес Ресейдің Саратов, Самара, Орынбор және басқа облыстарына өткізуге мүмкіндік береді. Осылай біздің кәсіпорын өнімдерінің Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы бәсекелестікке қабілеттілігі артады. Жобаның жалпы құны 219,8 млн. теңге тұрады. Оның 184,0 млн. теңгесін «AsiaCreditBank» АҚ Ақтөбе филиалынан 10 жылға 6 пайыз өсіммен беріліп отырғанын сіздің шағын және орта бизнеске деген қамқорлығыңыз деп сезінеміз, – деді ол. Жобаның қуаттылығы жылына 7 тонна сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Жоба іске асқанда 20 жұмыс орны ашылады. Технологиялық желіні пайдалануға беру 2015 жылдың қаңтарына жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқанда бір жұмысшының еңбек өнімділігі 24,6 мың АҚШ долларынан 55,2 мың АҚШ долларына дейін өсетін болады. Яғни шығарылатын өнімнің көлемі 2 мың тоннадан 7 мың тоннаға дейін жетеді. Азық-түлікке – айрықша назар Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысынан «Raimbek Vostok Agro» корпорациясы тікелей байланысқа шықты. Атап айтар болсақ, «Raimbek Vostok Agro» корпорациясы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 1,2 млрд. теңге болатын зауытты қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырды. «Шығыс-Сүт» ЖШС базасында құрылған сүт кластері тәулігіне 400 тонна сүтті өңдеуге, сүт өнімдерінің 60 түрін шығаруға мүмкіндік береді. Өңдеуге қажетті шикізатты сегіз аудандағы 20 шаруашылық қамтамасыз етеді. «Шығыс-Сүт» ЖШС директоры Сейілжан Сайлаубаев Елбасына кәсіпорынның мүмкіндігі жөнінде баяндады. – Құрметті Президент! Кәсіпорында 250 адам жұмыс істейді. Ұлттық қордан бөлінген қаржының арқасында Өскеменде жаңа сүт комбинатының жобасын жүзеге асырып отырмыз. Бұл зауыт сапалы, бағасы қолжетімді сүт өнімдерін өндіреді, – деді кәсіпорын басшысы. Зауыт директоры шағын және орта кәсіпкерлерге айтарлықтай көмек жасап отырғаны үшін Елбасына шексіз ризашылығын білдірді. «Шығыс сүт» кәсіпорны Ресей мен Белоруссияға сүт өнімдерін шығарады. Бүгінгі күні зауыттың ірімшік өнімдері Ресейдің Омбы, Новосібір, Барнаул қалаларына тасымалдануда. Кәсіпкерлердің ісіне сәттілік тілеген Елбасы өз сөзінде қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін дамыту аса маңызды екенін атап өтті. «Біз тамақпен өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмасақ бұл өте қауіпті. Сырттан әкелінетін азық-түлікті азайтуымыз керек. Елді азық-түлікпен қамтамасыз ету тәуелсіздікпен бірдей болып саналады» деді Президент. Бұл ретте, яғни, еліміздің отандық азық-түлікпен қамту бағытында шағын және орта кәсіпкерліктің рөлі орасан. Сол себепті де еліміз кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп жатқанын айта отырып, сол қолдауды дұрыс әрі тиімді пайдалануды ескертті. Еліміздегі экономиканы әртараптандыру саясатының нәтижесінде қол жеткізген жетістіктердің бірі химия өндірісінің қарқын алуы десек болатындай. Соңғы төрт жарым жылда елде химия саласы бойынша бес кәсіпорын іске қосылған. Соның бірі биылғы жылдың алғашқы жартысында құрылысын аяқтап отырған – Жамбыл облысының Қаратау қаласындағы натрий цианиді шығаратын алып зауыт. Телекөпір арқылы осы зауыттың тұсауы кесілді. Зауытты оның директоры Бақтияр Алдашев таныстырды. Бұл Қазақстан бойынша осы тектес химиялық өнім шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Химиялық өнімді алтынды керексіз қоспалардан айыруға және басқа да өнеркәсіп орындарында пайдаланады. Зауыттың құрылысына 13 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Жаңа ашылған кәсіпорынның арқасында 491 адам жұмыспен қамтылып отыр. Барлығы дерлік жергілікті мамандар. Олардың біразы Қытай және еліміз аумағындағы жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтады. Зауыт жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіреді. Бұл еліміздегі өндіріс орындары сұранысының тең жартысы деген сөз. Химиялық өнім бұған дейін шеттен тасымалданып келген-ді. Зауыт түгелдей озық техникалық қондырғылармен жабдықталған. Заманауи технология мен барынша жетілдірілген өндірістік желі – өнім сапасының жоғары болуына және экологиялық қауіпсіздікке негіз болады. Шикізаттан дайын өнімге дейінгі әрбір өндірістік саты жіті тексерістен өтеді екен. Зауытты ашуға рұқсат бере отырып Мемлекет басшысы: «Бұл Қазақстанға өте қажет зауыт. Бұл жаңа өндіріс жаңа тауар шығаратын болады. Мемлекет еліміздің оңтүстігінде өндірісті өркендетуге үлкен күш салып жатыр. Ел халқының көпшілігі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрады. Жұмыссыздық та көп. Жыл сайын еңбекке келетін жастардың саны да мол. Сондықтан біз Жамбыл облысында химиялық өнеркәсіпті дамытуға күш салатын боламыз. Өйткені, бұл өңірде фосфорит кен орны бар. Соның арқасында осындай зауыттардың салынуы да өте қажет», деп атап өтті. Бұдан әрі телекөпір байланысы арқылы Қарағанды облысындағы «Бёмер Арматура» ЖШС шарлы кран мен ілмекті арматура өндіретін зауыт іске қосылды. Елбасы бұл кәсіпорынның маңыздылығын айрықша атап өтті. Зауыт «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының аумағында салынған. Инвесторы – Германияның «Bohmer GmbH» компаниясы. «Жобаға 1 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. 160 жұмыс орны құрылды. Бұл – Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы жалғыз зауыт», деді Мемлекет басшысына «Бёмер Арматура» ЖШС бас директоры Андрей Кефер. Мұнай және газ құбырлары, жылу және сумен жабдықтау, басқа да салалар үшін 15-тен 1400 мм. дейінгі диаметрлі шарлы крандар шығарылады. Бұйым жоғары қысымға арналған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 10 мың өнімді құрайды. Бұл межеге кәсіпорын 2015 жылы шығады деп жоспарланған. Айта кетейік, «Бёмер Арматура» ЖШС шарлы крандары мен ілмекті арматура өндіретін зауыт Қарағанды облысынан Индустрияландыру картасына енгізілген 80 жобаның бірі. Телекөпір арқылы Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінде орналасқан «Каспий Цемент» кәсіпорыны да іске қосылды. Бұл аталмыш кенттегі бірден-бір зауыт. Тұрғындарды жұмыспен қамтып, өңір экономикасына кіріс келтіретін нысанның тұсаукесеріне маңғыстаулықтар зор қошемет, ықылас көрсетті. Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына енген «Каспий Цемент» зауыты – еліміздің батыс өңіріндегі жалғыз ірі цемент зауыты. Мұнда цемент құрғақ түрінде, ең алдыңғы қатарлы, экологиялық таза және энергия қуатын үнемдейтін технологиямен өндірілмек. Ұнтақтау барысында құрғақ борды пайдалана отырып, клинкер шығару цемент өнеркәсібін дамытудағы жаңа қадам болса, қазақстандық бұл зауыт осы технологиядағы әлемдегі бірден-бір цемент зауыты болып табылады. Кәсіпорын толық автоматтандырылған, онда заманауи құрал-жабдықтар орналастырылған. Жалпы инвестиция көлемі 200 миллион еуроны құраған зауыттың өндірістік қуаты жылына 1 млн. тонна өнім өндіру деп күтіледі. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындары есебінен 400 жұмыс орны ашылды. – Зауыт өнімін дайындау үшін жақын жердегі Шетпе-Оңтүстік және Аусар кен орындарының өнімдері пайдаланылады, жергілікті тұрғындар жұмысқа орналастырылды, арнайы оқудан өтті. Бұл мемлекетіміздің жергілікті үлесті арттыру саясатына толық сәйкес келеді. Цемент өндіру үлкен энергия қуатын талап етпейді, қоршаған ортаға ықпалы аз. «Каспий Цемент» зауыты аймақты әртараптандырудың маңызды құрамдас бөлігі болатынына сенімдімін, – деді Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев белгілеп берген Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама еліміздің өнеркәсіп кешенінде өндірістің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде бір ғана Солтүстік Қазақстан облысының өзінде Индустрияландыру картасына 38,2 миллиард теңгенің 31 жобасы енгізіліп, 28-і пайдалануға берілді. Бұл жолғы телекөпірге «Петропавл ауыр машина зауыты» АҚ энергетикалық қазандық қондырғыларын шығаратын өндірістік учаске ұсынылды. – Мұнай ұңғымаларын күрделі және жерасты жөндеу қондырғылары, жүк көтергіштігі 40-100 тонналық арнайы автомобильдер, цементтеуші аппараттар, автоцистерналар, жылу алмастырғыштар және басқа да бұйымдарды елімізбен қатар Ресейге де жөнелтетін кәсіпорында 1200 адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы 96 мың теңгеден айналады. Мемлекеттің қаржылық демеуі арқасында №5 цех жабдықталып, мұнай ұңғымасын бұрғылау кезінде қолданылатын жаңа технология орнатылды. Ал Индустрияландыру картасы аясында №3 цех механикалық өңдеу өндірістік цехы ретінде қайта жаңартылды. Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімов 600 миллион теңге қаражат жұмсалып, жылына 1,5 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы энергетикалық қазандық қондырғыларын шығаратын кешеннің озық жобасымен таныстырды. Осы күнге дейін Қазақстанда мұндай құрылғы шығарылмаған. Оның құрылысына шетелдің энергетика саласындағы жетекші компаниялары жұмылдырылып, әзірге баламасы жоқ бірегей өндіріс құрылысын тұрғызған. Мәселен, дәнекерлеу стансасы, тұрбаларды дайындайтын қондырғылар кіретін негізгі өндірістік жүйелерді әлемде жетекші орны бар «Pemamek Oy Itd» фирмасы (Финляндия) жеткізсе, термоөңдеу пешін Санкт-Петербургтің «Сикрон» ААҚ орнатқан. Іске қосылған жоба жергілікті өнім үлесін 45-60 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Былтыр зауытта 5,6 миллиард теңгенің өнімдері өндірілсе, енді нарықтық та, экспорттық та әлеуеті әлдеқайда ұлғайып, бәсекеге қабілетті бұйымдарды Ресей, Украина елдеріне жөнелту көзделіп отыр. Бұдан соң телекөпір арқылы Петропавлдағы энергетикалық қазандық жабдығын шығаратын өндіріс іске қосылды. Елордамен тікелей байланысқа шыққан Петропавл ауыр машина жасау зауыты өкілінің айтуынша, жылына 4 мың тонна энергетикалық қазандық жабдықтары дайын өнім болып шығарылатын болады. Жобаны «Қазақстан инжиниринг» компаниясы қаржыландырып отыр. Телекөпір кезінде Қостанайда бой көтерген Тұрғын үй құрылыс комбинаты да таныстырылды. Тобыл-Торғай өңірінде салынып жатқан зауыт, басқа да өндірістер аз емес. Бәрі де өңірдің экономикасы мен әлеуметтік әлеуетін алға сүйрейді. Ал Тұрғын үй құрылыс комбинатының іргетасы қаланғаннан-ақ қостанайлықтардың жүзінде қуаныш үйірілді. – Нарықты зерттеп, зерделеген соң ғана іске қол соққан дұрыс. Қалалықтар үшін баспана ылғи да ауызға алдымен алынады, қазір де оның өзектілігі кеміген жоқ. Сондықтан тұрғын үй құрылысы комбинатын салуымыз заңды емес пе? – дейді «Қостанай-МБИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Майль Тороян. Тұрғын үй құрылысы комбинаты құрылысы кезінде 70 қостанайлық жұмыс орнын осы жерден тапқан болатын. Міне, енді жұмысын бастағанда мұнда 150 адам еңбек ететін болады. Бұл инвестициялық жоба «Индустрияландыру картасы» шеңберінде жүзеге асты, құны 4 миллиард 370 миллион теңгеге түсті. Оның 770 миллион теңгесін «Қостанай-МБИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өзі салды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қостанайлықтарды маңызды кәсіпорын құрылысының аяқталуымен құттықтады. Сондай-ақ, телекөпір барысында Көкшетау қаласында құны 1265 миллион теңгелік жаңа құрама жем зауыты да іске қосылды. Аймақтағы бірегей жобаға тапсырыс берген «AgroTraiding-2007» ЖШС өндіріске Германияның озық технологиясын енгізіп, әлемдік стандарттар талабын қамтамасыз етіп отыр. Жұмысы толық автоматтандырылған кәсіпорын жылына 36840 тонна өнім шығара алады. Құнарлы азықтың 60 пайызы ішкі, 40 пайызы сыртқы рынокқа бағытталған. – Заманауи зауыттың құрылысы өткен жылы басталған еді, – деді салтанат үстіндегі сөзінде кәсіпорын басшысы Сергей Миленко. – Біз «ҚазАгро»Ұлттық холдингінің» құрамындамыз. Сондықтан, мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетіліп, 634 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие қаржысы бөлінді. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде зауытқа коммуникациялық жүйе толық тартылды. Қазіргі күні кәсіпорында 24 адам жұмыс істесе, алдағы жылы оның саны екі есеге өспек. Телегазеттің мүмкіндігі мол Телекөпір барысында жүзеге асырылған жобалар қатарындағы айрықша жоба – «Телегазет» жобасының да тұсауы кесілді. Байланыс және ақпарат агенттігінің бастамасымен қолға алынған «Телегазет» жобасы «Отау ТВ» ұлттық телехабар тарату желісі арқылы «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін электронды нұсқада 3 млн. адамның оқуына мүмкіндік жасады. Осы ретте телекөпір арқылы Қызылорда облысындағы шет жайлап, қиыр қонған елді мекеннің бірі – Қазалы ауданындағы Сарыбұлақ ауылы Астанамен байланысқа шықты. Астанадан 1,5 мың, ал Қызылорда қаласынан 500 шақырым қашықтықта жатқан ауыл өркениет көшінен қалып отырған жоқ. Бүгінде Сарыбұлақ ауылдық округінде 83 отбасы тұрып жатыр. Ал осы 83 шаңырақтың 74 түтіні үйлеріне «Отау ТВ» спутниктік қондырғысын орнатып алған. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің әр тарапынан ақпарат алып отыру үшін таптырмас құрал екені белгілі. Бәрінен бұрын құмның арасында қарапайым өмір сүріп жатқан ауыл Елбасымен телекөпір арқылы сөйлесті. Ризашылықтарын білдірді. Елбасы елде атқарылып жатқан жұмыстың барлығы қарапайым халық үшін, ауылды түлету мақсатында істеліп жатқанын айтты. Ал «Телегазеттің» жұртшылық үші