Саясат • 05 Сәуір, 2023

«Жас отбасы» бағдарламасының бастапқы жарнасын азайту ұсынылды

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізуді, «7-20-25» бағдарламасының лимитін алып тастауды және жұмыс істейтін жастарға берілетін жалдамалы пәтер санын арттыруды сұрады. Ол бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жас отбасы» бағдарламасының бастапқы жарнасын азайту ұсынылды

«Қазақстанда «Бақытты отбасы» бағдарламасы 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оған жыл сайын бюджеттен 50 миллиард теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болады. Бағдарлама аясында максималды несиелеу сомасы аймақтар бойынша (Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау) 15 миллион теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазіргі уақытта пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр. Көпбалалы отбасылар, кемі 4 баласы болса, ата-анасымен 6 адам болады. Дәл қазіргі уақытта жаңа үйлер конкурс негізінде берілгендіктен, кейбір отбасылар 32-40 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр», деді Дәулет Мұқаев.

Депутат Қазақстанда үйленген жастардың 40 пайызға жуығы ақыр соңында ажырасатынын айтты. Депутаттың пікірінше, оның басты себебі – материалдық қажеттілік, оның ішінде баспана мәселесі. Сол себепті ол «Жас отбасы» бағдарламасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан аспайтындай мөлшерде бекітуді ұсынды. 

- «7-20-25» бағдарламасының ұйымдастырушылары «ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр» деп айтады. Бірақ Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы бойынша бірде-бір банк ипотека бермейді. Себебі оған маусым сайын лимит қосылып отырады. Қарапайым халық банк алдында түнеуге мәжбүр. Бұл тұрғыда «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау қажет. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады делінген, оған дейін «аты бар, заты жоқ» бағдарламаға айналуы мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр», деді депутат.