Әскер • 10 Сәуір, 2023

Әскерге шақыру: Міндет пен мүмкіндік

1293 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір әскерге өздігінен сұранатындар аз, тіпті жоқтың қасы десек те болады. Бозбалалардың көбі Отан алдындағы боры­шын өтегеннен гөрі, ерте еңбекке араласып, ақша табуды мақсат тұтады. Ата-аналары да қолдан келсе ұлдарын әскерге жібермеудің қамын жасап, балаларының бұл шешімін құптайды. Ал олар әскерден жалтарғаны үшін айыппұл төлейтінін біле ме? Тіпті азаматтық борышынан түбегейлі бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан хабардар ма? Осы орайда айыппұл мөлшері мен әкімшілік, қылмыстық жазаның жүгін саралап көрген едік.

Әскерге шақыру: Міндет пен мүмкіндік

Тепсе темір үзетін, дені сау 18-27 жас аралығындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Бұлай болмаған жағдайда әскерден қашқандарды заң басынан сипамайды. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартады. Егер әскер­ге шақыртылған азамат шақыру қаға­зы бойынша медициналық тексеруге келмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 5 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

ЧМЯИ

«Әскери борышын өтеуден қасақана қашқандар Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес жазаланады. Әскерге бару­­дан мүлдем бас тартқандарға ­­1000 АЕК­­ ­(3 450 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе бір жылға бас­ бостандығынан айырылады», деді Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, подполковник Медет Тұрыскелдиев.

Ал әскерге бармаудың жолын із­­деп денсаулығына қасақана зиян­ тигіз­­гендер, денсаулығында кінә­рат бар екенін көрсететін жал­ған құжат жасағандардың жаза­сы тіпті қатал. Олар 3 000­ айлық есептік көрсеткіш (10 350 000 теңге) көлемінде айып­пұл­ төлейді немесе 3 жылға қа­мау­ға­ алынуы мүмкін. Сондай-ақ қара­ма­ғындағы қызметшінің әскерге ша­қырту заңдылығын бұзғанын біл­е тұра тиісті орындарға хабар­ бер­меген жұмыс берушілер 29 170 теңге көлемінде айыппұл тө­леу­ге міндетті.

Жоғарыда атап өткеніміздей, әскер­ге шақыртылған азамат Әкім­шілік жауапкершілікке тар­тылып, 5 АЕК мөлшерінде айып­пұл төлеп, айыбын өтесе де, мін­детінен құтылмайды. Келесі көк­темгі немесе күзгі шақыртуда қай­та сапқа тұрады.

ЯВАОП

Қорғаныс министрлігі берген мәлі­мет­ бойынша 2023 жылдың өткен кезе­­­ңінде республика бойынша 1 656, оның ішінде Астана қаласы бойынша 132 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған, соның ішінде 650 (Астана қаласы бойынша 81) азаматқа ескерту жарияланған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 439 875 теңгені құраған. Ведомствоның бұл статистикасына қарап отырсақ, елде әскери борышын өтеуден бас тартатындардың саны көп емес­ті­гін аңғаруға болады. Әскерге шақыру кезінде м­е­ди­ци­налық тексеріске уақтылы бар­­мағандар немесе әскери тір­кеу ережесін бұзғандар ғана а­з көлемде айыппұл өтеген. Медет Тұрыскелдиевтің айтуынша,­ әкімшілік жауапкершілікке тар­тыл­ған азаматтардан алынған айып­пұлдар Бюджет кодексінің 49-бабына сәйкес республикалық бюд­жет есебіне түседі.

Астана қаласы қорғаныс іс­те­рі жөніндегі департаментінің мәлі­метіне сәйкес әскери мін­де­тін орындаудан жалтарып жүр­ген­дердің қарасы елордада көп. Мә­селен, өткен жылдың есебі бо­йынша Астанада 3 мыңға жуық аза­мат міндетін орындаудан қа­шып жүр. Олардың тізімі полици­я бас­қармаларына жолданып, іздес­­тіріледі. Ке­йін­ заңнамада көр­се­тілген тәр­тіп­терге сәйкес азамат­тарды іздес­ті­ру жұмыстары жүр­гі­зі­ле­ді. Әс­кери борышын өтеуге мін­дет­ті­­лер есебінде тұрғандар көбіне Ас­тана қаласына уақытша келіп, бас­қа мекенжайлар бойынша тір­ке­леді. Осыған байла­­нысты оларды­ табу қиынға соғады.

Қазақстанда жыл сайын­ 30 мың­нан астам бозбала әс­кер­ге ша­қырылады. Алайда олар­­дың бес­тен бірі ғана сарбаз­ атанады. Со­нымен қатар статис­ти­калық дерек­тер­ бойын­ша аза­маттық боры­шын­ өтеуі қа­жет­ азаматтардың бер­ген мекен­­жайларын тексеру­ ба­ры­­­­­сында расталатындары­ да­ тым­ сирек. Сондықтан Қор­ға­ныс министрлігі әс­кер қа­та­рына қосылудан жал­та­рып жүргендерді заңмен қу­да­ла­у­ға көшті.

Әскерге баруға құлықсыз жастардың әре­кетінен Президент те хабардар. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы наурыз айындағы халыққа Жол­да­уында оларды ынталандыру керек деп нақты тапсырма берді. Қазір әскерге бар­ған жастарға бірқатар жеңілдік қарас­­тырылады. Соның бірі – әскери қыз­­­мет­­шілеріне кредиттік каникул беру­ мәселесі. Қазір бұл бас­та­ма іске қосылды.

Сондай-ақ 2013 жылдан бас­­тап түрлі себеппен Отан ал­дын­дағы қастерлі борышын өтей алма­ғандарға әскери қызметтен өту­дің шетелдегі секілді бала­ма­ түрі ұсынылып, «Әскери қыз­мет­ және әскери қызметшілер мәр­тебесі» заңға өзгеріс енді. Әскери билетті міндетті түрде бір жылдан кейін емес, бір айдан кейін алу мүмкін болды. Әскерге қабылданғандар «40 күндік әскер» аталатын курс­та­ борышын өтей алады. Оған 24 пен 27 жас аралығындағы әс­керге жарамды, денсаулығына бай­ланысты жарамдылығы шек­телген және шақырылуы ше­ге­ріл­ген азаматтар қатыса алады. Бұ­л әскер түрі ақылы – 263 318 мың­ теңге. Осылайша, мерзімді әс­кери қызмет екі жылдан бір жыл­ға дейін қысқарды, ал енді тіп­ті қырық күндік әскер де қарастырылды.

Сондай-ақ мерзімді әскери қыз­­­мет­шілер үшін жоғары оқу орын­­­­дарына түсуге жеңілдік бері­­­леді. Жобаны іске асыру үшін­ қазірдің өзінде еліміздің алпыс­­тан аса жоғары оқу орн­ымен меморандумға қол қойыл­ған. Бұған қоса биылдан бас­тап әскерге барып келген азамат­тар Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ жоғары оқу орнын­да тегін білім алады. Оларға мем­лекет тарапынан үш мың гран­т бөлінген. Сарбаздар Отан алдын­да­ғы борышын өтеген соң екі жыл ішінде жоғары оқу орнына өті­ніш­­ бере алады.

Әскерге шақырудан негізінен жо­ғары немесе арнаулы оқу орын­дарының күндізгі бөлімінде оқи­тындар уақытша босатылады.­ Сонымен қатар заң жүзінде діни қыз­меткерлер де әскери боры­шын өтемейді. Бұл қатарға әуе көліктері экипаждарының мүше­лерін де қосуға болады. Негізі әскерден шақыртудан боса­тылатындар мен уақытша кейін­ге қалдырылатындар түрлі санат­қа бөлінеді. Мәселен, әскери оқу­ орындарының түлектері, ғылы­ми атағы барлар, жақын туыс­тары әскери қызметті өткеру кезін­де қайтыс болған немесе бірін­ші, екінші топтағы мүгедек болып қалғандар әскери міндетті өте­меуге құқылы. Отбасын құрып, ба­лалы болғандар да Отан ал­дындағы борышын өтеуден боса­тылады. Мүгедектігі бар әрі кісі көмегімен жүріп-тұратын туыс­тарын қамқорлығына алғандар, от­басындағы жалғыз асыраушылар­ да­ әскерге шақыртылмайды. Сондай-ақ педагогика, медицина сала­ларының өкілдері, Парламент пен­ жергілікті мәслихат депутат­та­рына әскерге шақыртуды уақыт­ша­ кейінге қалдыруға рұқсат бері­ле­ді.

Аталған санаттағы азаматта­р ғана әскерден босатылып, айып­пұл төлемейді. Ал бұған жатпай­тын, денсаулығында кінәрат жоқ­, 18 жасқа толған әрбір азамат­ Отан алдындағы парызын орын­дау­ға міндетті. Болмаса заңмен бекі­тілген айыппұл төлеуі қажет. Алай­да бұл да әскерден түбегейлі босат­пайды. Сондықтан сапқа қосыл, сарбаз!